Түркістан облысында ірі лауазымды шенеунік жемқорлыққа айыпталуда

8639

Өңірде тағы шу шықты. Жергілікті кәсіпкер бөлім басшысының ел қаржысын қалай жұмсағанына қатысты біраз жайттың бетін ашты. Бұл ретте бюджет есебінен 1 іс-шараны өткізудің "тарифтері" белгілі болды.

Түркістан облысында ірі лауазымды шенеунік жемқорлыққа айыпталуда

"Barakaһkz" ЖШС басшысы Ақмарал Мәделханова Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа хатында Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасына қарасты Төлеби ауданының адами әлеуетті дамыту (білім) бөлімінің бірқатар сатып алуларын тексеруді сұрады.

Қазіргі кезде оқу жылы аяқталып, балалар каникулға тарады. Алайда оқу жылының соңы ауданда дауға ұласқан.

Атап айтқанда, сөз болып отырған бөлім оқу жылының басында, 2021 жылғы 14 қыркүйекте жергілікті жеке кәсіпкерлікпен "Төле би ауданының мектептеріне ыстық тамақ жеткізу" жөнінде келісімге отырады. Келісім жыл соңына дейінгі мерзімді қамтыған. Бұл мәміле ел бюджетіне 75 182 016 теңгеге түсіпті. Келісімнің мемлекеттік сатып алулар порталында жариялаусыз, қағаз нұсқада бекітілгені өзге кәсіпкерлердің күдігін туғызды. Сондай-ақ шарт "бір көзден сатып алу" тәртібімен тікелей бекітілген көрінеді.

"Мен бұл мәселені Facebook-те жарияладым. Постымның соңына Төлеби ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Роза Аманова пікір қалдырды. Ол әлгі келісімнің нысанын өзгерту туралы жеке өзі шешім қабылдағанын жазды. Нәтижесінде, оның шешіміне сәйкес, аудандағы мектептердің оқушыларына күн сайынғы ыстық тамақ орнына айына бір рет азық-түлік салынған пакет берілді. Алайда ондай өзгерісті ауызша берген: келісімге ресми түрде ешқандай түзету енгізбеген. Бұл тірлік Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығына қайшы. Күн сайынғы ыстық тамақ орнына айына азық-түлік беру заңнамада қарастырылмаған", – дейді А.Мәделханова.

Жалпы халқы тығыз Түркістан облысының Төле би ауданының бір өзінде 60-тан аса мектеп бар.

Кәсіпкерлер орындалған жұмыс актілерін сұратыпты, бірақ ол берілмеді. Егер құжатта оқушылардың күн сайын ыстық тамақ ішкені жазылса, бұл шындыққа жанаспайды екен. Себебі ата-аналардың өздері азық-түлік алғандарын фото, видеоға түсіріп, таратқан. Кейбірі осы үшін аталған бөлімге ризашылықтарын білдіріпті.

"Сонда шарттағы 75,2 миллион теңге неден құралған? Жеткізуші азық-түлікті сақтау, ыстық тамақты әзірлеу, асүйлік жабдықтар сатып алу, асхана персоналына жалақы төлеу, коммуналдық шығындар секілді күн сайын шығын шеккен жоқ. Азық-түлік пакеттерін, ондағы ассортиментті кім тексерді, бәлкім олардың құрамы мен салмағы талапқа сай келмеген шығар? Ол мектептерге бекітілетін ыстық тамақ мәзіріне сәйкес келе ме? Жеткізуші азық-түлік бағаларын өсіріп көрсетпеді ме? Мысалы, 350 грамдық шағын печенье 500 теңге, 1 литр май 1000 теңге, 795 грамдық қант 500 теңге, 2 келі ұн 1 мың теңге тұра ма? Қазір, 2022 жылдың өзінде 2 келілік ұн қаптамасы 574 теңгеге сатылуда", – дейді кәсіпкер.

Ақмарал Мәделханова Төлеби ауданының білім бөлімінің "бір көзден сатып алу" әдісімен тікелей келісім бекітіп өткізген басқа да сатып алуларына назар аудартты.

"Мәселен, бір ғана "Вereke"-мен балаларға жаңажылдық іс-шараны ұйымдастыру қызметіне әрқайсысына 262 600 теңгеден он рет тапсырыс берген. Осы ұйыммен арада Тәуелсіздік күніне арналған іс-шараларды өткізуге – 1 403 000 теңгеге, "Айбын-2021" VIII жастардың әскери-патриоттық слетін өткізу үшін – 1 311 965 теңгеге келісім бекіткен. Бұған қоса, "Бақытты бала – саналы ата-ана" жобасы аясында іс-шаралар ұйымдастыру қызметіне – 1 423 800 теңгеге, "Ел ертеңі – жас ұрпақ" аясында дәл осындай қызметіне – 1 458 420 теңгеге, "Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты алдын алу және болдырмау бойынша іс-шаралар кешені" аясында ұқсас қызметіне – 1 117 780 теңгеге келісімшарт жасасқан", – деді ол.

Сонымен қатар оның мәліметінше, аудандық бөлім "Шымкент Штамп" ЖШС-мен "көлемді гербі бар сыртқы маңдайшаны әзірлеу жөнінде 1 450 000 теңгеге келісім бекіткен екен. Жергілікті шенеуніктер фотографияларды басып шығаруға 291 мың теңгеден екі рет тапсырыс жасаған. Мұғалімдер күнін атап өтуге арналған баннер бюджетке 420 000 теңгеге түсіпті. Оның неге қажет болғаны белгісіз. Одан да бұл қаржыны педагогтерге сыйлыққа берген жөн емес пе?

Шағым иесінің мәліметінше, жоғарыда айтылған бұқаралық іс-шаралардың кейбірі былтырғы карантин шектеулері күшінде болған кезге жоспарланыпты. Сондықтан да сұрақ туғызады.  

Арызданушы кәсіпкер Қаржы министрлігіндегі аудиторлардан бюджет қаржысының шығындалуына тексеріс жүргізуді сұрады.

Билік не дейді?

Төле би ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі шағым иесіне жауабында мектептегі ыстық тамақты азық-түлік топтамасына ауыстыруды көпбалалы аналардың өздері сұрады дейді. "Он баласы бар аналардың кейбірі өз балаларын тамақтандыруға азық таппайды".

Өз кезегінде, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ресми блогында Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің түсініктемесін жариялады. Меморган Төле би ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қатысты аудиторлық тексеріс жүргізген.

"Департамент аталған бөлім мен "Жабаева" жеке кәсіпкерлігі арасында 2021 жылғы 14 қыркүйекте келісім бекіту кезінде заңнаманың сақталуына және бюджет қаражаттарын ыстық тамақты сатып алуға пайдалануға аудиторлық іс-шара жүргізді. Аудит нәтижесінде тапсырыс берушінің "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңының 5-бабының 2-бөлімін бұза отырып, 2021 жылға арналған тауарларды, қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын әзірлемегені, бекітпегені анықталды. Тапсырыс беруші БҒМ министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығын бұза отырып, оқушыларды тамақтандыру қызметін конкурстық негізде сатып алмағаны әшкереленді. Тапсырыс беруші мен жеткізуші арасындағы келісім веб-порталдан тыс бекітілген. Аталған келісім тікелей бір көзден, қағаз күйінде бекітілген", – делінген жауап хатта.

Яғни кәсіпкердің күдігі расталып отыр. Бұзушылықтар мұнымен бітпейді.

"Келісімді орындау барысында Үкіметтің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысын бұза отырып, 65 мектептегі 6-18 жастағы жалпы саны 2 600 оқушы 2021 жылдың қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан айларында оқу күндері бір реттік ыстық тамақ орнына азық-түлік тауарларымен қамтылған. Аудит барысында мекеме басшысы Р.Амановаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 207-бабының 11-бөліміне сәйкес, әкімшілік хаттама толтырылды, бюджетке 153 мың теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Департамент меккемеге қатысты қаржылық бақылау шараларын қабылдады", – деп хабарлады министрлік.  

Департамент сондай-ақ арызда айтылған өзге де мемсатып алуларға қатысты аудиторлық тексеріс жүргізіпті.

"Оның қорытындысында тапсырыс беруші заң талаптарын бұзып, "Вereke" ЖК-мен 500 АЕК-тен асатын көлемде, жалпы сомасы 1 млн 313 мың теңгеге бір көзден, тікелей келісім бекіткен. Департамент қаржылық бақылау шараларын қабылдады. 2022 жылғы 28 наурыздағы, 11 сәуірдегі бұйрықтармен материалдық құндылықтар секторының аға есепшісі С.Керізбаев пен әдіскер М.Жеткерова сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мекеменің басшысы Р.Аманованың үстінен Әкімшілік кодекстің 207-бабының 11-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, бюджетке 153,5 мың теңге айыппұл өндірілді", – деп мәлімдеді департамент.

Тексеріс барысында басқа да былық-шылықтың беті ашылыпты. Мысалы, заңды айналып өтіп, бір компаниядан сатып алу үшін біртекті лот бірнеше тендерге бөлшектеліпті. Сондай-ақ Түркістан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, сөз болып отырған кезеңде Ashyq жобасына қатыспайтын нысандарда бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынғаны белгілі болды. 

"Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты алдын алу және болдырмау бойынша іс-шаралар кешені" бюджетке 1 117 780 теңгеге түсті. Іс-шара аясында 2 рет инстаграм арқылы ата-аналарға онлайн дәріс оқылыпты. Аудиторлардың осыған, сондай-ақ Тәуелсіздік күніне, Мұғалімдер күніне, "Айбын-2021" жиынына қатысты претензиясы жоқ көрінеді.    

Жалпы Роза Аманованың ізінен бұрыннан күдіктер және даулар еріп келеді. Бірақ оның бәрінен "сүттен ақ, судан таза" шығып келді. Алайда енді Түркістан облысында пара алды деген күдікпен Төле би ауданының білім бөлімінің басшысы Р.Аманованың ұсталғаны мәлім болды.

Облыстың тергеу соты журналистерге Аманованың тұтқындалғанын растады. Оған бірнеше рет пара алды деген айып тағылды.

Тергеудің байламынша, мектеп директорлары оған ұдайы түрде "тарту жасап" отырыпты. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер хабарланбады. Ғаламторда және әлеуметтік желіде бұл шенеуніктің ескі Қазақстанда жасаған тірліктеріне қатысты түрлі алып-қашпа әңгімені оқуға болады. Олардың байыбына енді тергеу орғандары баруға тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу