Түркістандағы абаттандыру: Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қауіп төніп тұр

3174

Ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қауіп төніп тұр. Мавзолей маңын жасанды абаттандыру кесірінен кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопси бастаған.

Түркістандағы абаттандыру: Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қауіп төніп тұр

Түркістанға табан тіреген жұрттың ең әуелі баратын орны – қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Кесене маңын қоршаған "билейтін" фонтан мен жайқала өскен гүлдер көз қуантатыны рас. Алайда шектен тыс ылғалдан дала төсінде мыңдаған жылдардан бері мызғымай келе жатқан кесенеге қауіп төніп тұр.

"Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау ұйымы" атты жергілікті ғалымдардан құралған ерікті топ оншақты жылдан бері кесененің жағдайын зерттеп бақылап келеді.

Аталған ұйымның мүшесі, Түркістандағы тарихи орындарды сақтау туралы көп жылдардан бері жанашырлық танытып жүрген тарихшы, ғалым Мұхтар Қожа бізге кесененің бүгінгі жайын баяндап берді. Топ құрамында Өзбекәлі Жәнібековтің кезінде кесенені жөндеу бойынша реставрация басшысы болған Жантемір Әлімов, Құлбек Ергөбеков, дінтанушы Зікірия Жандарбек, тарихшы Мұхтар Қожа бар.

Ғалымның айтуынша, кесененің маңында жүргізіліп жатқан жасанды абаттандыруды тоқтату керек. Өйткені мөлшерден тыс ылғал тарихи ғимараттың кірпіші мен декорына зиян келтіреді.

"Кесененің алдыңғы жағынан кіретін үлкен қақпа жағынан тұзды бұрын байқамайтынмын. Тұз осы 1-2 жыл бұрын ғана пайда болды. Қайдан пайда болды, не өзгеріс пайда болды деп көптен ойлап жүруші едім. Кейінгі жылдары кесененің алдында көгалдандыру, абаттандыру деген жұмыстар жүрді. Айналасы көк шөп көрсеңіз. Ал шөп өсу үшін су керек екені белгілі. Таңертең де, кешке де суарылып жатады. Сол судан ылғал көбейіп, кесененің қабырғасы тартып жатыр. Ғалымдар тарапынан кезінде талай мәрте айтылды. Бірақ абаттандыруға жауапты тиісті мекемелер ескермеді", – дейді тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры Мұхтар Қожа.

Ғалымның айтуынша, кесене ғимаратының ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар анық көрінеді және кесене төбесінің кей тұсы қопсып түсіп те жатыр. 

"Мұның себебін іздеу керек. Осы соңғы кезде кесененің айналасында болып жатқан өзгерістерге қарап, біз осы тұз пайда болғанын байқаймыз. Бұл – жақсы нәрсе емес. Кесененің ішкі қазандық бөлмесінде бұжыр-бұжыр әдемі күмбез бар. Оның да беті ылғалдана бастағаны көрініп тұр. Біраз уақыт болыпты, кейбір бөліктері түсе бастаған. Ол сталатит деген алибастер сияқты ылғалды тартып алады. Ол ауырлайды да, қопсып түседі. Осындай өзгерістер байқалады. Қанша жыл қатарынан жөндеп жатыр. Қажетсіз шығындар көп", – дейді профессор.

Абаттандыру қызығына кенелген әкімдік

"Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау ұйымы" жергілікті климатқа сәйкес кесене мен маңын өз қалпына келтіру туралы ұсынысты көптен бері көтеріп келгенімен, абаттандыру қызығына кенелген жергілікті әкімдік құлақ аспай отыр. Ал ылғал мөлшері шектен тыс арта беретін болса, жиналған тұз кірпішті оңай бүлдіреді.

"Оның терезелерін ашу керек. Қазір қымтап тастаған. Жылда шығынданып жөндей бергенше, бұрынғы өз қалпына келтірген дұрыс. Кесене өздігінен кебуі керек. Ылғалдың зиянын айтар болсақ, жердегі тұз кірпіштерге көтеріледі. Кірпіштің сырт жағына шығады да, үгітіле бастайды. Бұл – кешенді мәселе. Әрине, алдымен кесене ауасының алмасуын бұрынғыдай қалпына келтіру керек. Оның кішкене болсын пайдасы тиеді. Ішін кептіріп тұрады. Артық ылғалдарды алып кетеді. Екіншіден, неден болып жатыр, қайдан тартылып жатыр? Тұз, су, ылғал қайдан келді? Осыны қарауымыз керек. Сыздың иісі байқалады", – деген ғалым бірнеше мәселені алға тартты.

Орталық Азиядағы Әмір Темір тұсынан (1370-1405) қалған алып ғимараттардың арасында  Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кешені ғана толық сақталған. Оның ені 46,5, ұзындығы 65 метр. Ғимараттың бірнеше күмбезі бар орталық залының төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Жалпы биіктігі 39 метр болатын нысанның биіктігі қазіргі 10 қабатты үймен пара-пар.

Еске сала кетелік, Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес, облыста 7 700 га аумаққа "Жасыл белдеу" құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кесене аймағына қарайтын 88 гектар жерді "бау-бақшалы жасыл аймаққа" айналдырмақ. Ал 2021 жылы Түркістан қаласының әкімдігі Қожа Ахмет Яссауи мұражайының дизайны үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген болатын.

Сондай-ақ Түркістанда құрлысына 87 млрд теңге жұмсалған Керуен-Сарайдың қабырғалары пенопластан салынғаны анықталып, Түркістан облысы әкімдігі сынға қалды. 

Ая Өміртай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу