Түркістанды "астана" ететін заң жобасы дайын

18399

Тоқаев өз билігінің "сакральды ұстындарын" түзуде.   

Түркістанды "астана" ететін заң жобасы дайын

Түркістанға астана мәртебесін беруді Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 2022 жылғы 27 қыркүйекте Түркістан облысының жұртшылығымен кездескен ол "Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруді" жүктеп, мұны "ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті" деп белгіледі. Оның байламынша, қалаға "рухани астана деген мәртебе" лайық.

Бірақ онда билік әсіре белсенділік танытпады.

Содан Президент 2023 жылғы 17 маусымда Ұлттық құрылтайдың екінші отырысын Түркістан қаласында өткізіп, сондағы сөзінде Түркістанды "қазақтың рухани астанасы" деп қадап айтты.

Енді міне, Ұлттық экономика министрлігі "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заңының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарып отыр.

"Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасы қысқа ғана. Небары 7 беттен сәл ғана асады.

Атап өтетін жайт, бастапқыда, биылғы маусымда министрлік заңда "Түркістан қаласы Қазақстан Республикасының рухани және тарихи астанасы" деп жазылатынын жариялаған. Бірақ бұл елді дүрліктірді. Әлеуметтік желіде "Қазақстанның астанасы Түркістанға көшіріледі екен" деген қаңқу сөз өршіді.

Содан болса керек, енді Түркістан "астана" мәртебесін алмайтын болды. Заңның қоғамдық талқылауға шығарылған жобасында "саяси түзу", сыпайы нұсқасы берілген.

Оған сәйкес, "Түркістан облысы Қазақстан Республикасының рухани және тарихи орталығы ерекше мәртебесіне ие" болады. Ал Түркістан қаласы – соның "әкімшілік орталығы болып табылады".

Осы заңның мақсаты – Түркістан қаласының Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ретіндегі қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындау.

Осы заңның бірнеше қағидаттары бекітіледі, бұлар:

  • Түркістан қаласының Қазақстанның рухани және тарихи орталығы ретіндегі жалпымемлекеттік маңыздылығын тану;
  • Шаһардың тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау басымдығы;
  • Қала экономикасының негізгі драйверлерінің бірі ретінде туризмді дамыту үшін жағдай жасау.

Заң күшіне енген соң Түркістан қаласының жаңа мәртебесіне лайықты жаңа рәміздері, гербі жасалуы мүмкін.

"Түркістан қаласының Елтаңбасының сипаттамасы мен оны пайдалану тәртібін және оның бейнесін Түркістан қаласының мәслихаты айқындайды", – делінген құжатта.

Айтпақшы, енді жаңа, бейресми мәдени астананың құрметті азаматы атану үшін ол жаққа қалталылар, ығайлар мен сығайлар, әртіс-әнші, өзгесі ағылуы мүмкін.

"Қазақстан азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Түркістан қаласының экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымы мен мәдениетін дамытудағы ерекше еңбегі үшін Түркістан қаласының мәслихаты Түркістан қаласының ұсынысы бойынша "Түркістан қаласының Құрметті азаматы" атағын бере алады. Түркістан мәслихаты, оның ішінде қала әкімдігінің ұсынысы бойынша көтермелеудің өзге де түрлерін белгілеуге және қолдануға құқылы", – делінген заң жобасында.

Тек мұны жергілікті шенділер жемқорлықтың кезекті схемасына айналдырып алмаса болды.

Болашақта бұл облыстың аумағы да ұлғаюы мүмкін. Ірі мегаполис немесе агломерацияға айналады деп күтілуде.

"Түркістан қаласының аумағын Түркістан облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдардың пікірін ескере отырып, Қазақстан Үкіметі белгілейтін және өзгертетін Түркістан қаласының әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекараларындағы жер, су объектілері құрайды", – деп бекітілмек жаңа заңда.

Облыс пен оның орталығына берілетін ерекше мәртебе Түркістан облысының және Түркістан қаласының жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жаңа міндеттер жүктейді. Атап айтқанда, әкімдік: біріншіден, Түркістанды Қазақстанның рухани және тарихи орталығына айналдыруы, сондай-ақ ірі мәдени, экономикалық және ғылыми орталықтарының бірі рөлін атқаруы үшін жағдайлар жасауы қажет.

Екіншіден, Түркістан қаласын мәдени және рухани байытуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға тиіс. Үшіншіден, әлемнің басқа рухани және тарихи қалалары арасында Түркістан қаласының бәсекелестік мүмкіндіктерін арттыруы, орнықты дамытуы шарт.

Төртіншіден, тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштер мен объектілердің тұтастығын сақтауға және ұстап тұруға міндетті. Бесіншіден, қаланы халықаралық қатынастар және туризм орталығы ретінде дамытуға жауапты.

Алтыншыдан, жалпымемлекеттік және халықаралық іс-шараларды ұйымдастырып, табысты өткізуі керек. Жетіншіден, ел заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын болады.

Жаңа мәртебемен бірге жаңа бюджеттік қаражаттар, инвестициялар келеді. Олар оның аумағындағы тарихи, мәдени нысандарға, Түркістанның қала аумағын абаттандыруға, санитарлық тазалауға, қоғамдық тәртіпті қорғауға және басқасына шығындалады. Қалада бейнебайқау мониторингі жаппай жүргізілетін болады. Ақылы автотұрақтар желісі іске қосылмақ.

Экскурсоводтар, гид-аудармашылар, туризм нұсқаушылары даярланып, міндетті аттестаттаудан өтеді.

Болашақта Бас жоспар, Қала құрылысы регламенті, Түркістан қаласының дизайн-коды қайта қаралып, жаңадан бекітілуі мүмкін.

Туристік индустрия субъектілері мен объектілері, оның ішінде орналастыру орындары сәйкес келуге тиіс жаңа нормативтер мен қағидалар пысықталмақ.

Әкімдік Түркістан қаласының аумағындағы Туристік ақпарат орталығын және туризм саласындағы бірлескен қызметті іске асыру аясында тікелей шарт жасасу арқылы өзге туристік ақпараттық орталықтарды қаржыландырады.

Қала аумағында туристік қызмет объектілерін, сондай-ақ қолөнер өнерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтейді.

Әкімдік сонымен қатар Түркістан аумағында қолөнер шеберлері үшін жабдықтарды сатып алу, сондай-ақ үй-жайларды жалға алу бойынша шығындардың бір бөлігін өтейді. Халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту шарасы ретінде туристік қызмет, сондай-ақ қолөнер саласындағы кәсіпкерлікті дамытады және қолдайды. Кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис нысандарын салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтейді.

Түркістан қаласының аумағында туризм инфрақұрылымы бюджет қаржысына құрылады. Әкімдікке түрлі халықаралық шаралар мен фестивальдар өткізуге құзыр беріледі, бұларға да мол қаржы жұмсалады.

Заң жобасында Түркістан облысы мен қаласының әкімдеріне "Түркістан қаласының тарихи бөлігінің аумағында инфрақұрылымды дамытуға" рұқсат етілген. Содан тарихи ұлы тұлғалардың кесенелері мен мазарларының іргесінде әлдебір билікті, бай тұлғалардың коттеджі, қонақүйі пайда болмаса, жөн.

Ең басты талап: "Түркістан қаласының тарихи бөлігі сақталуға және өзгермеуге тиіс". Әйтпесе, ЮНЕСКО қаланы Дүниежүзілік мәдени мұралар тізімінен шығарып тастайды. Бұл қазақ елінің сүйегіне өшпес таңба түскенімен бірдей.

Әкімдік тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады, қала аумағында тарихи, ұлттық және мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дамытуға жәрдемдеседі.

Түркістанның мәдени құндылықтарын есепке алу, қорғау, консервациялау және қалпына келтіру, сондай-ақ пайдалану, елдің көрнекті мәдениет қайраткерлерін еске алу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады. Яғни, қала әкімдігі мол құзырға ие болмақ. Ол құзырлар жақсы қаржыландырылады.

Жалпы алғанда, Түркістан әкімі заң аясында 43 ірі өкілеттік пен құзырға ие болады. Парламентте талқылау барысында одан да өсуі мүмкін.

Түркістан қаласының аумағын салу мәселелерін қарау және үйлестіру үшін шаһар әкімі Түркістан қаласының қала құрылысы кеңесін құрады. Ол кеңесті қала әкімі басқарады. Кеңес құрамына Түркістан әкімдігінің өкілдері, облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі атқарушы органдардың басшылары, жетекші сәулетшілер кіреді. Қоғамдық бірлестіктердің, қауымдастықтардың өкілдері және өзге де тұлғалар тартылуы мүмкін.

Сарапшылар "орыстілді ортаға" жатқызатын Қ.Тоқаев қазақ халқына жақындығын көрсету үшін бүкіл түркі жұртына киелі шаһарға мән беріп келеді. Ірі істер қарсаңында іс басындағы Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етеді, Түркістанда жатқан тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, Құран бағыштайды.

Қ.Тоқаев бұл киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарғанын, бас қала болғанын, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқанын, көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болғанын ауызға алып отырады. Түркістан бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сол себепті оны қазіргі білімнің бір орталығына айналдыру міндетін қойып отыр.

Ұлы бабаларымыздың арқасында киелі Түркістан – Ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы болды. Ал енді қазіргі билік тұсында оның неге айналатыны әзірге белгісіз. Мәртебе заңдастырылса, сол абыройлы биігіне көтере алса, құба-құп.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу