Түркияның өз ғарыш айлағы болады. Бірақ ол басқа елде бой көтереді. Түрік космодромының құрылысы Африкада, Сомалиде басталды. Бұл туралы таяуда, 2025 жылдың 31 желтоқсанында Сомали Президенті Хасан Шейх Махмудтың Түркияға сапары кезінде өткен баспасөз мәслихатында Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның өзі жариялады.
Бұл жаңалыққа түсініктеме берген атақты Baykar компаниясының басшысы Байрақтардың пікірінше, осынау тарихи оқиға Түркияның "теңіз жағалауында ғарыш айлағы бар елдердің эксклюзивті-элиталы тобына" енгенін білдіреді.
"Түркияның төл ғарышқа ұшыру алаңы болады. Әдетте, бұл үшін мұхитқа жақын болу талап етіледі. Мұхитқа шығу мүмкіндігіне қол жеткізген державалар зымырантасығыштарын соның айдынының үстінен ұшырады, тиісінше, жағалауда космодром құра алады. Әлемде бұған лайық орындардың саны өте шектеулі: небәрі 12. Түркия соның біріне қол жеткізді, Сомали бізге 30х30 шақырым болатын жер бөлді. Сомали континенталдық территорияның дәл кіндігінде орналасқандықтан, біздің ғарыш станциямыз да сол жерде тұратын болады", – деді Baykar басқарма төрағасы Селжүк Байрақтар.
Türkiye Today басылымы хабарлағандай, Түркия 2010 жылдардан ғарыш державасына айнала бастады. Кейін, 2018 жылы салаға арналған жеке меморган – Түркия ғарыш агенттігі құрылды. 3 жылдан соң ұлттық ғарыш бағдарламасы іске қосылды, содан бері біраз жер серіктерін ұшырып үлгерді. Ал, 2024 жылы тұңғыш түрік ғарышкері Альпер Гезеравджи ғарышқа ұшты.
"Біздің еліміз төл космодромының құрылысына кірісті. Roketsan компаниясы да осы ұшыру алаңын пайдаланады. Құдай қаласа, біз де сол жерден өзіміздің зымырантасығышымызды ғарыш сеңгіріне аттандыра аламыз", – деп қосты Байрақтар.
Неге Сомали? Түркия неге төл "ғарыш қақпасын" өз территориясында жасамайды? Жаңа ғарыш айлағының жобасы бүгінде қай кезеңде? Түркияның "Haber" газеті бұл жобаның егжей-тегжейін білді.
Неліктен Түркиядан ұшыру қиын?
"Географиялық орналасу – жер серіктері мен зымырантасығыштарды ұшыруда шешуші рөл атқарады! Түркия орта ендікте орналасқан. Бұл әсіресе Жердің төменгі орбитасына және экваторлық орбиталарға ұшыру үшін айтарлықтай қиындық тудырады. Экватордан алыс жатқан аймақтардан ұшырылған зымырандар Жердің айналу жылдамдығын толыққанды пайдаға жарата алмайды. Салдарынан гравитацияны еңсеру үшін анағұрлым көп отын шығындайды, бортына пайдалы жүкті мейлінше аз алады, қаржылай шығындарды арттырады", – деп түсіндірді Haber технологиялық редакторы Метин Акпынар.
Бұған қоса, жаһандық авиахаб болып табылатын, тоғыз жолдың торабындағы Түркияның аспаны да, жерүсті де ығы-жығы, тығыз көлік қозғалысына толы. Оның үстіне 90 миллиондық межеге жетіп қалған халқы бар бұл туысқан елде Қазақстандағыдай бос жатқан ұланғайыр Ұлы дала жоқ, елді мекендер бір-біріне жақын жайғасқан.
Сондай-ақ, түрік теңіздерінің айдынының үстінде қауіпсіз зымыран ұшыру дәліздерінің саны шектеулі, бұл да ұшыру қауіпсіздігіне салмақты қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда Түркияда космодром тұрғызып, одан тұрақты және жиі коммерциялық ұшыруларды жүргізу қиын, әрі қымбатқа түседі. Ұшыру күндері белгілі бір аймақтарда аспанды жабуға тура келер еді.
Түркия неге Сомалиді таңдады?
Аталған мұсылман елі XIX ғасырға дейін Осман империясының құрамында болғаны мәлім. Сомали ғарыш тұрғысынан да стратегиялық маңызды орынға ие – зымырандар гравитацияны оңай еңсере алатын экватордың қасында тұр. Енді міне, Сомалидің өзі Түркияның иелігіне ұшантеңіз жер бөліп берді.
Түркияның Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Қажырдың (Mehmet Fatih Kacır) түсіндіруінше, жүргізілген ауқымды зерттеулер осы таңдаудың техникалық, экономикалық және стратегиялық тұрғыдан орынды, ұтымды, оңтайлы екенін көрсетті. Әрине, ғарыш кемелерін әупірімдеп, Түркиядан да ұшыруға болады. Алайда Сомалиде тіпті ғарышкерлерді ұшыру үшін де анағұрлым тиімді жағдайлар бар, бұл оны барынша тартымды етеді.
Қажыр мырзаның мәліметінше, орбиталдық және суборбитальдық ұшыру алаңдарының бүкіл әлем бойынша орналасуына жүргізілген зерттеу олардың тікелей экваторда емес, оның маңында, төмен ендіктерде шоғырланғанын паш етті.
Ұшыру орнының қайда орналасқаны одан заулайтын зымыранның көтеретін пайдалы жүктеме сыйымдылығын, отын шығынын және тіпті спутниктің қызмет ету мерзімінің ұзақтығын анықтайтын негізгі фактор. Сомали экватордың бойында емес, оған жақын тұр, бұл жайт ұшыру кезіндегі әртүрлі тосқауыл-кедергілерді жеңуге септеседі.
Тағы бір маңызды фактор – қауіпсіздік. Илон Масктікі сияқты қайта-қайта пайдалануға болатын көп реттік зымырантасығышыңыз болмаса, Ресей жалға алған "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы сияқты ұшырылған зымыранның отыны таусылған сатыларын белгілі бір биіктікте пайдаланудан шығару талап етіледі.
Олар төменге гүрс етіп құлағанда, ол аумақта адам тұратын елді мекендер болмауға тиіс. Мұнда бір гәп бар. Түркия Еуропа мен Азия сияқты екі құрлықтың түйіскен жерінде орналасқан. Салдарынан, ол өз жерінен шығысқа немесе оңтүстікке ғарыш кемелерін ұшырса, оның қалдықтары және сынықтары тіпті көршілес елдерге, соның ішінде Еуропалық Одақ аумағына құлауы мүмкін екен.
Ал, Сомали Түркияға Үнді мұхиты жағалауындағы кең аумақты бөліп беріп отыр. Ол жақтан шығысқа ұшырылған зымырандар үшін мыңдаған шақырымдық елсіз, тіпті үстінен ұшақтар ұшпайтын мұхит дәлізі ұсынылды. Тағы бір артықшылығы сол, Сомалидің ауа райы жыл бойы зымырантасығыштарды ұшыруға қолайлы екен.
"Сомалидегі космодром жобасын тек "ғарышқа ұшыру алаңы" тұрғысынан ғана қарап, тар түсінбеңіз! Бұл Түркияның "Mavi Vatan" стратегиясының ғарыштық проекциясы болып келеді ("Көк Отан" – бұл Жерорта, Эгей және Қара теңіздердегі кеңбайтақ айдынға және ондағы астатөк ресурстарға иелік етуге ұмтылған Түркияның геостратегиялық теңіз доктринасы). Түркия бұл ғарыштық базаны қос мақсатты порт ретінде жобалап жатыр. Одан бір жағынан, азаматтық мақсаттағы ғарыштық ұшырулар жүзеге асырылады, екінші жағынан, әскери-қорғаныс өнеркәсібінің жобалары үшін пайдаланылады", – деді Метин Акпынар.
Сарапшының байламынша, Сомалидің орналасу географиясы мен мұхитқа шығу мүмкіндігі әлдеқайда алыс қашықтыққа ұшатын алып баллистикалық зымырандарды сынауға мүмкіндік береді. Өйткені түркиялық Қара теңіздегі қазіргі сынақ жолдары зымыранның барлық әлеуетін ашу, егжей-тегжейлі деректерін алу және ұшу профилін толық өлшеу үшін тым тар көрінеді.
Түркі әлемінің көшбасшысы төл баллистикалық зымырандарын жетілдіруі үшін теңіз тақиясына тар келіп тұр, оған енді мұхит керек. Ал, Сомалиді шығысы мен оңтүстігінде – Үнді мұхиты және солтүстігінде – Үнді мұхитының бөлігі саналатын Аден шығанағы шайып жатыр. Сомали Африкадағы ең ұзын жағалау сызығына ие ел.
Ғарыш айлағының жобасы қай кезеңде?
Айтпақшы, Түркияда қазірдің өзінде ғарыштық және авиациялық технологияларды сынау орталықтары бар. Синоп (Sinop) – Түркиядағы ұшыру технологияларын сынау үшін ең белсенді қолданылатын сынақ полигоны.
Roketsan және DeltaV сияқты жергілікті компаниялар онда әуе көліктерін тік ұшырудың (вертикальный запуск) құпия сынақтарын, сондай-ақ өздері әзірлейтін зондтаушы зымырандарға арналған қуатты қозғалтқыштардың сынақтарын жүргізеді.
Сомалидегі түркиялық жаңа ғарыш айлағының жобасына келсек, технологиялар министрі Мехмет Қажырдың дерегінше, космодромның техникалық-экономикалық негіздемелері мен жобалық зерттеулері аяқталды. Құрылыстың бірінші кезеңі басталып кетті.
Бұдан бөлек, Сомалидегі "ғарыш қақпасының" жобасы Түркияның Ұлттық ғарыш бағдарламасы (Milli Uzay Programı, MUP) аясындағы "Ғарышқа қол жеткізу және ғарыш айлағы" ("Uzaya Erişim ve Uzay Limanı") стратегиялық бағдарына айналды.
Жоба Өнеркәсіп және технологиялар министрлігінің үйлестіруімен, сондай-ақ барлық жауапты меморгандар мен мүдделі тараптардың, ең алдымен Түркия ғарыш агенттігінің (TUA) жұмылуымен жүзеге асырылуда.
Ғарыш айлағы жобасы сонымен бірге Түркияда зымыран қозғалтқыштары, отын технологиялары, қозғалтқыш жүйелері, озық технологиялық материалдар, авионика және жердегі тірек инфрақұрылымы сияқты төтенше маңызды салаларда отандық технологияларды дамытуға бағытталған. Осылайша, түбі бір туысқан ел ғарыштық технологияларды локализациялауда.