Түркия халқы 2023 жылғы 6 ақпандағы жойқын жер сілкінісі құрбандарын еске алды

222

Түркияда 2023 жылғы 6 ақпанда елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкіністерінің құрбандарын еске алу шаралары өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркия халқы 2023 жылғы 6 ақпандағы жойқын жер сілкінісі құрбандарын еске алды

Қаза тапқандардың рухына тағзым еткен ел тұрғындары түрлі өңірлерде дұға бағыштап, еске алу рәсімдеріне қатысты. Елдің бірқатар аймағында жер сілкінісі құрбандарына арналған "Үнсіздік маршы" ұйымдастырылды.

Таңғы 04:17-де бір минут үнсіздік жарияланып, ол 65 секундқа созылды. Бұл – Кахраманмараш провинциясында тіркелген алғашқы жойқын жер сілкінісінің ұзақтығы.

Еске салайық, 2023 жылғы 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 баллдан асатын екі ірі жер сілкінісі болды. Алғашқысы жергілікті уақыт бойынша 04:17-де 7,7 баллмен, екіншісі 13:24-те 7,6 баллмен тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Кахраманмараш провинциясында орналасқан.

"Ғасыр апаты" атанған бұл зілзала Түркияның 11 провинциясын қамтыды. Қуатты дүмпулер көршілес елдерде де сезілді. Атап айтқанда, Сирия, Ливан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Кипрдің грек бөлігі және Иракта тіркелді.

Кахраманмарашпен қатар Хатай, Османие, Адыяман, Диярбакыр, Шанлыурфа, Газиантеп, Килис, Адана, Малатья және Элязыг провинцияларында да ауқымды қираулар мен адам шығыны болды.

Жер сілкіністері салдарынан 53 537 адам қаза тауып, 107 213 адам түрлі дәрежеде жарақат алды.

Іздеу-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Түркияға әлемнің 93 елінен мамандар келді. Табиғи апаттан кейін елде 7 күндік ұлттық аза жарияланып, зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай режимі енгізілді.

Апат салдарын жоюға барлығы 650 мың адам жұмылдырылды. Олардың қатарында шетелден келген 11 488 маман, 35 250 іздеу-құтқару қызметкері және 142 мың қауіпсіздік қызметінің өкілдері болды.

Ел бойынша 350 шатырлы қалашықта 645 мың шатыр тігілсе, 414 контейнерлі қалашықта 215 224 контейнер орнатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу