Түркия мен Сирия. Зілзаладан кейінгі 2 ай

1342

Апат зардабы орасан. 

Түркия мен Сирия. Зілзаладан кейінгі 2 ай

"Апат айтып келмейді". Түркия мен Сирияның мыңдаған адамын опат қылған сұм зілзала болғанына 2 ай уақыт өтті. Жерасты дүмпулерінің үрейі тарқағанымен, зардабы әлі біткен жоқ. 

Түркия тұрғындары таудай үйілген қирандыны тазалау жұмысы дұрыс жүрмей жатыр деп ашынады. Ал, кәсібі күйрегендердің тұрмысы ауырлады. 6 ақпандағы зілзала Түркияның 11 провинциясында тіркелді. Соңғы ресми дерек бойынша,  күл-талқаны шығып, қираған ғимарат саны 300 мыңнан асады. Содан қалған қоқысты тазалауға жұмыс күші мен техника жетпей жатыр. 

"Қирандыларды тазалау жұмысы атүсті жүргізіліп жатыр. Кейбір қоқыс алысқа жеткізілмей, тура қаланың іргесіне төгілген. Бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді",– дейді, инженерлер мен сәулетшілер одағының өкілі Орхан Сарыалтын.

БҰҰ Даму Бағдарламасының мәліметтері бойынша, зілзала салдарынан 1,5 миллион адам баспанасыз қалды. Мәселені тезірек шешу үшін құрылыс жұмыстары басталып кетті. Оның қатарында тұрғын үйлер, мемлекеттік мекемелермен бірге әлеуметтік нысандар бар. Билік құрылысты жоспарланған уақытта, яғни, бір жылда аяқтауды көздеп отыр. Алайда үйлерді жылдам салу сапаға әсер етпеуге тиіс. 

"Жер сілкінісі болған аймақта 650 мың тұрғын үй саламыз. Бір жылдың ішінде 319 мың ғимаратты тапсырамыз. Шұғыл қажеттілікті қамтамасыз ету үшін күні-түні жұмыс істейміз. Әрбір азаматымызды жылы ұясына орналастырамыз. Тың жобалар арқылы біз басқа аймақтарды да қауіпсіз мекенге айналдырамыз",– деді Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған. 

Соңғы ақпар бойынша, апаттық аймақта 2,5 миллион тұрғын шатыр және контейнер қалашықтарда өмір сүруде. Сәуір айында аймаққа тағы 100 мың контейнер жеткізіледі. Басқа өңірлерге көшіп кеткен азаматтардың саны белгісіз. Оларға пәтер жалдағанда берілетін мемлекеттік өтемақы тағайындалған. Дегенмен, халық туған жерге оралуды тағатсыздана күтіп жүр.

Табиғи апаттың кесірінен қарапайым шаруалардың нәпақа тауып отырған кәсібі құрдымға кетті. Зәйтүн, құлпынай сияқты ауыл шаруашылығы алқаптарында үлкен жырықтар пайда болып, жұмыс біржола тоқтады. Инфрақұрылым істен шықты. Кейбір шаруашылықтар 3 миллион лира дейін шығынға батқанын айтады. Бұл шамамен 156 мың доллар. 

12 жылға созылған соғыстан көз ашпаған, атышулы "ДАИШ" лаңкестік тобының қанды қасабынан жапа шеккен сириялықтарға тіптен қиын. Зілзала ауыртпалығын 14 миллион халық сезінді. 8476 тұрғын опат болды. 3 миллионнан астам тұрғынның тұрақты баспанасы жоқ. Қарулы қақтығыстан күйзелген халықтың еңсесін енді қашан тіктейтіні белгісіз.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу