Еуразия континентінің кіндігінде орналасқан Түркия мен Оңтүстік-Шығыс Азияның тропигін мекен еткен Вьетнам бір қарағанда, бір-біріне еш ұқсамайтын, мүлдем әралуан бағыттай көрінеді. Бірақ ол екеуінің өзара ұқсастықтары көп.
Біріншіден, екі елге де Қазақстанның мегаполистерінен тікелей рейстер ұшады.
Екіншіден, Вьетнам да, Түркия да қазақстандық туристерге құмы мақпалдай жұмсақ жағажайларын ұсынады.
Үшіншіден, "All inclusive" (бәрі қосылған) форматында істейтін, швед үстелінде асы кенерінен тасып-төгілген, күтушілері қонағына жайылып төсек, жазылып жастық болатын бесжұлдызды қонақүйлер қос мемлекетте де бар.
Айтпақшы, негізінен, шошқаны қорек ететін вьетнамдықтар кейбір бесжұлдызды қонақүйде "Халал" стандартты дастарханды енгізуде.
Төртіншіден, екеуінде де көз жауын алатын, тарих тұнған, кім-кімді де тәнті етіп, тамсандыратын көрнекті орындар көп және оларға жанға жайлы, қалтаға ауыр емес турлар екі елде де қарастырылған.
Бесіншіден, Мысыр, Тайланд, Латын Америкасы, араб елдері және әлемнің өзге елдері мен өңірлерінде жан төзбес аптап ыстық, немесе нөсерлеткен жаңбыр маусымы мазаны алып жатқанда, Вьетнам мен Түркияда дәл жаз кезінде демалу – нағыз ләззат сыйлайды.
Сонымен қатар, екі елге де аса қымбат немесе біршама қолжетімді туржолдамаларды табуға болады. Ұшақ Астанадан түркиялық Ыстамбұлға шамамен 6 сағатта, ал, вьетнамдық Нячанг қаласына – шамамен 8 сағатта жеткізеді.
Міне, осы себепті дәл осы екі бағытта сапарлайтын қазақстандықтардың саны жыл сайын қарқынды өсуде.
Тревел-гид Инна Шутьтің пікірінше, Түркия мен Вьетнамды бірінші кезекте, жаз кезіндегі тамаша ауа райы өзгелерден даралайды. Одан кейін саяхатшыларды әсем жағажайлары, астан қайысқан швед үстелдері, сондай-ақ тікелей рейстердің болуы қызықтырады.
Айырмашылықтары – ұшу уақытының ұзақтығы мен ұлттық колоритте.
"Мысалы, вьетнамдықтар қонақ алдында өзін өте жуас ұстайды, тіпті персоналы көзге тіке қарамайды. Сондай-ақ негізінен, ашықтан ашық "шайлық" дәметпейді. Түркияда, кейбір қонақүйлерде бірінші кезекте шайлық беретіндерге қызмет көрсететіндер бар. Басқасына даяшыны немесе барменді ұзағырақ күтуіне тура келеді. Түркияда тамақ "халал". Вьетнамда қонақүйлер ас ішінде шошқа еті барын жазуды ұмытып кетуі мүмкін, мұсылман болсаңыз, таңдамас бұрын сұрап, нақтылап алыңыз", – деді сарапшы.
Екі елде де жағажайлар жанды рахатқа батырады.
"Бірақ Түркияда жағалаулар негізінен тасты, тастақты келеді. Вьетнамда туристерге бөлінген жағажайлар құмды, немесе қала билігі арнайы құм тасып, төгеді. Сондай-ақ Вьетнамда барлық дерлік жерде теңізге жағадан еркін кіруге болады. Түркияда кейбір жерде суға қауіпсіз кіру үшін понтонды пирспен біраз жүруге тура келеді. Екі ел "барлығы қосылған" форматындағы қонақүйлік демалысты да, сондай-ақ қалалық белсенді демалысты да ұсынады. Алайда ұшу ұзақтығы жөнінен Түркия, әрине, бізге жақын", – деді Инна.
Сонымен бірге, "TourDom" мамандандырылған порталының жазуынша, қазіргі кезде вьетнамдық Нячангта туристер улы қоңыздардың – томкаттардың қаптағанына шағымдануда. Жәндіктер тіпті заңғар биікке, 26-шы қабаттың терезелерінен де кіріп кетеді екен.
Қара-қоңыр түсті бұл уытты қоңыздар әдетте, қарашада басталатын жауын-шашын маусымында белсенді. Алайда туристердің жазған пікіріне қарағанда, бүгінде аз кездеспейтін көрінеді. Қанша дегенмен, Вьетнам – тропикте орналасқан.
"Томкаттар адамды шақпайды. Дегенмен, оны қолмен езіп тастаса, адам ағзасына педерин уы тарауы мүмкін. Одан тері қызарып, бөртеді, дерматит басталады. Сондай-ақ томкат уының іздері қалған орамалды пайдалану арқылы да улануға болады. Уланған адам сақтандырушы компаниясы арқылы дәрігерге көрінгені жөн, ол антибиотиктер негізінде емдеу тағайындайды", – деп түсіндірді портал.
Балалы отбасылар үшін екі елдің төл "Диснейленді" бар. Вьетнамда – Ньячангтегі "Vinpearl" ойын-сауық аралы (тек аспа жолмен жетесіз), Түркияда – Ыстамбұлдағы Исфанбул паркі (туристерге "Виаленд" атымен белгілі, автобус та қатынайды), немесе Анталия мен Белектегі "The Land Of Legends Theme Park" қонақүй кешені.
Тревел-эксперттің айтуынша, Вьетнамда теңіз өнімдері (морепродукты) барлық жерде бар, ал, Түркияда бұл жеңсік асты бесжұлдызды қонақүйлердің бәрі бірдей ұсына бермейді.
Иннаның айтуынша, Түркияның бесжұлдызды қонақүйлері түрлі шоулар көрсетеді, балалар анимациясы да мықты. Кидс-клабтары (балалар клубы) халықаралық тілдерде қызмет ұсынады. Ал, Вьетнамда тіпті бесжұлдызды отелдердің өзі көбіне кешкі уақта жай дискотека қоюмен, караоке ұсынумен, немесе әлдебір эстрадалық топты, әншіні шақырумен шектеледі.
Белгілі туроператордың маркетинг бөлімінің басшысы Надежда Тарбаеваның айтуынша, Түркия мен Вьетнамның айырмашылығы көп.
"Түркия туристер арасындағы танымалдылық жөнінен әрдайым бірінші орыннан табылады. Ол әсіресе, отбасылық демалыс пен "барлығы қосылған" форматтың фанаттарын жаппай тартады. Басқа елдерге қарағанда, дәл осы Түркияда жасыл желекке бөленген аумағы үлкен, төл аквапарктері бар, балалар мен ересектерге сантүрлі ойын-сауық ұсына алатын, барлар мен мейрамханаларға лимитсіз қолжетімділікті қамтамасыз ететін қонақүйлердің саны орасан көп. Түркия сондай-ақ жоғары сервисті, эстетикалық дизайнды және эксклюзивті привилегияларды қалайтын тынығушылар үшін тартымды", – деді Тарбаева.
Ол Түркияда туристер енді сәуірден қарашаға дейін еркін тынығып, суға түсе алатынын жеткізді.
"Ал, вьетнамдық курорттар әр өңірдегі маусымға қатты тәуелді. Фукуокта құрғақ маусым қарашадан наурыз аралығында ғана созылады. Яғни, бұл елге жазда барғыңыз келсе, тек Нячанг, Камран және Далат қалады. Онда қаңтар мен қыркүйек аралығында демалуға болады. Климаты – тропикалық, яғни, ашық күн жауын-шашынға тез алмасуы мүмкін. Ылғалдылық жоғары. Бассейндер тез көктеп кетеді. Туристер Вьетнамға тамаша табиғат пен экзотика үшін саяхаттайды. Тарихи, мәдени көрнекті орындары да көп", – деді маман.
"Turkevi" порталы да Вьетнам мен Түркиядағы демалысқа салыстыру жүргізді. Сонымен, Түркияда тынығудың артықшылықтары:
• Туржолдамалардың салыстырмалы түрде қолжетімділігі,
• Әлемге мәшһүр "all inclusive",
• Қазақстанмен арада визасыз режим,
• Тілдік тосқауылдың жоқтығы (отель қызметкерлері көп тілде сөйлейді),
• Тамаша құмды және тасты жағажайлар (оның көбі экологиялық тазалығы үшін көгілдір туға ие)
• Киім, былғарыдан жасалған бұйым, басқа тауарларға шопинг,
• Ұшудың аса ұзақ еместігі (5–6 сағатқа балалар да шыдай алады),
• Еуразияда орналасқандықтан Қазақстанмен уақыт бойынша көп ерекшеленбейді, демек, акклиматизациялану көп қажет емес,
• Көшелер мен қонақүй аумағындағы қауіпсіздік,
• Экскурсиялардың кең таңдауы,
• Қонақүйлердің көбі жағажайда тегін шезлонг пен шатыр ұсынады,
• Қонақүйлерде интернет пен трансфер тегін,
• Қалалардағы ақылы дәмхана-мейрамханаларда тағам бағасы қолжетімді әрі порциясы да үлкен.
Түркиядағы демалыстың кемшіліктері:
• Елдегі экономикалық ахуал, инфляция мен девальвацияға орай қонақүйлер, дүкендер өз бағаларын көтеруге мәжбүр болды,
• "Бәрі қосылған" форматы туристерді семіртеді,
• Түркия – мұсылман елі, сондықтан басқа дінді ұстанатындар ірі қалаларда намазға жығылуға шақырған имамның азанына, көшеде, көрнекті орындарда қара жамылған әйелдердің көптігіне дайын болғаны, сабырлылық пен құрмет танытқаны жөн.
• Такси қызметі қымбат,
• Көлікті жалға ала қалсаңыз, бензин құны жоғары.
• Қонақүйлерде персонал кейде шайлық дәметуі мүмкін, жомарт болуға тырысыңыз.
• Түріктер, әсіресе, күрдтер эмоционалды болуы, тез ренжуі мүмкін, сабыр сақтаңыз, шиеленіске бармаңыз.
Вьетнамдағы демалыстың артықшылықтары:
• Қазақстанмен арада визасыз режим,
• Экзотикалық ас мәзірі (мысалы, ірі қонақүйлер крокодилді, жыландарды тұтас асып, композиция түрінде ұсынады), теңіз өнімдері және жемістер өте көп әрі әралуан,
• Мальдив аралдарымен бәсекелесе алатын тамаша, аппақ құмды, табанға жұмсақ жағажайлар,
• Базарларында азық-түлік, кәдесыйлар арзан,
• Көңілді марқайтар экскурсиялардың кең таңдауы ұсынылады,
• Дайвингке, серфингке арналған орын көп,
• Біраз өңірінде жазы, климаты жанға жағымды.
Вьетнамдағы демалыстың кемшіліктері:
• Қазақстаннан біршама алыс орналасқан,
• Визасыз режимі қысқалау (Түркияда қазақстандықтар 90 күн еш визасыз тайраңдай алады, Вьетнамда тек 30 күн визасыз жүруіне болады, одан бір күн артық қалса, виза рәсімдеуге міндетті, рәсімдеу процедурасы бір аптаға созылуы мүмкін),
• Вакцинация (ол міндетті емес, бірақ Вьетнамның Денсаулық сақтау министрлігі елге келетін қонақтарға А гепатитіне, сүзек-тифке қарсы егілуге кеңес береді),
• Тропик болғандықтан улы жәндіктері жетерлік, олар отель аумағына дейін еніп кетуі мүмкін,
• Базарларда, жағажайда саудагерлер жабысып, қыр-соңыңыздан қалмауы мүмкін. Кедей халық шетелдіктер үстінен күн көреді.
• Елде ұрлық таралған: гидтер әрдайым жеке заттарыңызға сақ болуды ескертеді, мысалы, көшеде сөйлесіп келе жатқан әйелдің смартфонын қасынан мопедпен өтіп бара жатқан жергілікті тұрғынның тартып алып кеткенін айтады.
Гидтердің мәліметінше, бұл елде шетелдіктің бірер күннен кейін елден кетіп қалатынын білсе, жергілікті полиция оның әмиянын, телефонын, фотоаппаратын, сөмкесін және басқасын ұрлау фактісі бойынша іс те қозғамайтын көрінеді.
Қалай болғанда, Түркия ма, Вьетнам ба, тынығу үшін қай елді таңдайтынын әрбір адам туризм мамандарымен ақылдаса отырып, өз бетінше шешкені абзал.