Түркия парламенті депутаттығына үміткер қазақ қызы жайлы не білеміз?

3726

14 мамырда Түркия халқы өз таңдауын жасайды. Президенттен бөлек 28-ші мерзімді парламент депутаты сайлауы өтеді. Депутаттыққа үміткерлер арасында қандасымыз Решиде Юксел де бар. Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі кандидаттың өзімен сұхбаттасып көрді. 

Түркия парламенті депутаттығына үміткер қазақ қызы жайлы не білеміз? Фото: inbusiness.kz

Решиде Юксел кім?

Решиде Юксел Ыстанбұл қаласының Зейтінбурну ауданында туып өскен. Осында алғаш мектеп табалдырығын аттаған. Оның ата-бабасы 1952 жылы Алтайдан Анадолыға ауған көштің арасында болған.

Өткен жылы Атажұрттан Анадолыға келгенімізге 70 жыл толды. Әлібек Хакім бастамасымен Алтайдан Үндістан-Кашмир жолымен келіппіз. Сол кезде бізді қабылдаған түрік үкіметінің басында Аднан Мендерес бар еді,– дейді Решиде Юксел.

Отбасындағы 7 баланың ортаншысы Решиде Ыстанбұл университетінің Джеррахпаша медициналық факультетін бітірген. 27 жыл денсаулық министрлігінде қызмет еткен. Түркиядағы қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер.

Әкем Жеңіс Қажы жеті баланын бәрін оқытты. Отбасымызда 2 инженер, 1 әскер, 1 дәрігер, 1 фармацевт және 1 мұғалім бар. Оқуымызды бітіріп, дипломымызды әкелген кезде әкем қатты қуанған еді, деп еске алады Решиде.

Решиде Юксел 2014 жылы зейнеткерлікке шыққан. Сол жылы "АК" партияға мүшелікке өткен. Ыстанбұл "АК" партия әйелдер бөлімінде жұмыс істейді. 2015 жылы депутаттыққа кандидат болады.

2019 жылы Зейтінбурну ауданының мәслихат депутаты болып сайландым. Бұдан бөлек 2021 жылы Режеп Тайип Ердоғанның шешімімен партияның әйелдер ісі жөніндегі комиссияға іріктелген Түркиядағы 50 әйелдің бірі болдым, дейді .

Қазақстанға барған әр сапарымда әкемнің үйіне барғандай сезімде боламын

- Атажұртқа алғаш рет 1992 жылы табаным тиді. Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзінде тарыдай шашылған қазақтардың басын қосып, бірінші құрылтай өткізді. Мен оқуымды бітіріп, енді дәрігерлік жолымды бастаған едім. Қазақстанға барған сапарда түс көріп жүргендей әсер алдым. Бізді Алматыда қарсы алды. Киіз үйлер тігілген. Алғашқы күні Назарбаев әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазақтардың алдында домбыра шертті. Бізге де домбыра сыйлады. Пойызбен Түркістанға дейін апарды. Ол кезді сағынышпен еске аламын. Ойыма оралғанда сондай бақытты сәтті өткізген екенмін ғой деймін.  

- Жасырып қайтейік, бұл уақыттан соң атажұртқа қоныс аудармайтынымыз анық. Кейде мүмкін ертерек ойлану керек пе еді деп ойлаймын. Қазақстан әрдайым жүрегіміздің төрінде. Әр барған сайын әкемнің үйіне барғандай күй кешемін,  дейді Решиде Юксел.

Дегенмен Решиде Юкселдің Қазақстанға жиі жолы түседі. Әсіресе, Түркия президентінің ресми сапарлары кезінде бірге келеді. 2015 жылы сол кездегі премьер-министр Ердоғанмен келген. Ал 2022 жылы 11 қарашада Ердоғанның Қазақстанға ресми сапары барысында делегация құрамында болған.

Саясатқа араласуыңызға не түрткі болды?

- Ата жұртты жау басып, бар мен жоқтың арасында қалғанымызда, үдере көшіп Анадолы жеріне табан тірегенімізде бізді түрік халқы бауырына басып, басымыздан сипады. Енді мен де осы елдің игілігі жолында жұмыс істегім келеді. Жақсылыққа жақсылықпен жауап берсем деймін. Түркия мемлекеті мен халқының игілігі жолында Ердоған мырзамен бірге жүру үшін сайлауға қатысып жатырмын. Нәсіп болса, депутат болайын деп жолға шықтым,  дейді.

 

Түркияда парламент сайлауы қалай өтеді?

"АК" партияға бұл сайлауда депутат болам деп 1800 үміткер тіркелді. Бірінші кезеңде Түркияның 85 қаласында “бұл кісілерді танисыз ба, танымайсыз ба” деп интернет арқылы дауыс берілді. Одан сүрінбей өттім. Екінші кезеңде біз бір министр мен бес депутаттың алдына шығып, сұрақтарына жауап бердік. Мен екі кезеңнен де сәтті өтіп басында Ердоған болған комиссияға шықтым. Енді ақсақал Бинали Йылдырымның қатысуымен 9 сәуірде сайлаудың тізіміне енетіндер анықталады. Одан өткендер 14 мамырда сайлауға қатысады,  дейді Решиде Юксел.

Егер Решиде Юксел депутат болсам, ең алдымен бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға барынша күш саламын деп отыр.

Түркия мен Қазақстанның арасындағы байланыс жыл өткен сайын тереңдей түсуде. Біздің дініміз бен тіліміз бір. Жер сілкінгенде де, бауырларының жанынан бірінші болып Қазақстан табылды. Біздің мекеніміз Түркия болғанымен жүрегіміз Қазақстан деп соғады. Сондықтан біз Қазақстанның тілін, мәдениеті мен салтын ұмытпай, оны ұрпағымыздың бойнына сіңіріп келеміз.Тәуелсіз қазақ елінің дамуына, әрбір жетістігіне сырттай қуанып отырамыз. Өйткені әлемдегі қандастардың отаны біреу. Ол - Қазақстан,  дейді қандасымыз.

Решиде Юксел алдағы додадан сүрінбей өтсе, 70 жылдан бері Түркия Парламентіне өткен тұңғыш қазақ атанбақ. Алыста жүрген әрі қазақ пен түрікке ортақ қыздың "бауырларым да маған тілеулес болса" деген тілегі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу