Түркия Кремльдің өткен ғасырлардан жалғасқан транзиттік монополиясына жойқын соққы беріп, Мәскеуді тарих сахнасының жиегіне ысыратын халықаралық көлік дәліздерін жедел дамыта бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Түркия мен Сауд Арабиясы континентаралық логистиканың ойын ережелерін түбегейлі өзгертетін, бірнеше мемлекеттің магистральдарын біртұтас жүйеге біріктіріп, болашақта Еуразиялық алып желіге кіріктіретін өршіл мегажобасын қолға алды. Бұл туралы Түрік республикасының Көлік және инфрақұрылым министрі Абдулқадыр Оралоғлы мәлімдеді.
"Бұл жай ғана теміржол емес, бұл – Сауд Арабиясынан бастау алып, Иордания мен Сирияның аумағын көктей өтіп, Түркия топырағында еуропалық, кавказдық және орталықазиялық маршруттармен астасатын жаһандық "күретамыр". Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыстар, Парсы шығанағындағы созылмалы тұрақсыздық пен Ормуз бұғазындағы тұрақты әскери тәуекелдер жағдайында қауіпсіз көлік дәлізінің құны алтынмен теңесті. Бүгінде әлемдік сауда-саттық баламалы қатынас жолдарына барынша зәру", – деді Түркия министрі Al Arabiya телеарнасына сұхбатында.
Анкараның ұзақ мерзімді геостратегиялық жоспары аса ауқымды: алда теміржол желісін тек Сауд Арабиясымен шектемей, Кувейт, Бахрейн, Қатар, БАӘ және Оман шекараларына дейін жеткізіп, бүкіл Таяу Шығыс пен Орталық Азия аймағын біртұтас, қуатты логистикалық экожүйеге кіріктіруді көздеп отыр.
Ыстамбұл мегажобасы: тәуекелге толы өршіл секіріс
Анкараның геоэкономикалық экспансиясы тек құрлықты бағындырумен шектелмейді: түрік амбициясы енді әлемдік суларға таралады. Елде Босфор бұғазының табиғи монополиясына балама ретінде Қара және Мәрмәр теңіздерін жалғайтын қолдан жасалған алып су жолы – арнаны қазу жұмыстары жобалануда.
Түркия тарихындағы ең ауқымды, ең қымбат нысан ретінде таныстырылған "Ыстамбұл каналы" орасан қаржылық шығындарына, экологиялық тәуекелдеріне және тиімділік деңгейіне байланысты халықаралық сарапшылар арасында қызу айтыс пен күмән тудыруда.
Алайда Түркияның табаны тайғанақтамады: шектен тыс жүктелген Босфор трафигін жеңілдететін, ұзындығы 45 шақырымдық осы жасанды каналды қазып шығу ниетінен титтей де шегінер емес. Ресми шенеуніктер бұл қадам Ыстамбұл мегаполисіндегі теңіз апаттары қаупін сейілтіп, алып жүк кемелері қозғалысын еселеп жылдамдатарына сенеді.
Бұл – жай ғана су жолы емес, бұл – жаңа экономикалық империяның іргетасы болуы мүмкін. Жоба аясында теңіз порттары, люкс класындағы яхта айлақтары, заманауи логистикалық хабтар, туристік-демалыс аймақтары мен футуристік тұрғын үй алаптары бой көтеріп, Ыстамбұлдың солтүстігін заманауи жаһандық экономикалық орталыққа айналдыруға тиіс. Нарық бұл мәлімдемеге үн қатты: риелторлар аталған аудандардағы жер мен жылжымайтын мүліктің құны күрт қымбаттағанын мәлімдеуде. Инвесторлар Түркияның бұл мегажобаны еңсере алатын экономикалық әлеуетінің барына сенеді.
Румыниялық Antena 3 CNN телеарнасы нысанның нақты құнына қатысты есептер бір-біріне кереғар екеніне назар аудартты: жобаның ресми порталы теңіздерді қосатын жаңа каналдың 15 миллиард долларға түсетінін көрсетті. Ал, Reuters агенттігі 2025 жылы оның сметасын 75 миллиард лираға (сол кезеңдегі валюталық бағам бойынша шамамен 2 миллиард долларға жуық) бағалаған болатын. Неге құны тез әрі еселеп өскені белгісіз.
"Трамп маршруты" және түркі әлемінің түлеуі
Бұған қоса, Көлік министрі Абдулқадыр Оралоғлы Түркияның жаңа стратегиялық көлік дәлізі арқылы Орталық Азияның жүрегіне тікелей жол салып жатқанын сүйіншіледі. Анкараны күллі түркі әлемімен тығыз байланыстыратын бұл тарихи жобаны іске асыру процесі қазірдің өзінде мәре сызығына таяу: түрік және әзербайжан учаскелеріндегі құрылыс жұмыстары ақырғы кезеңге өтті. Ал, алдағы уақытта "Трамп маршруты" деп аталатын жаһандық бастама аясында Армения аумағы арқылы да жаңа рельс жолдарын төсеу жоспарланған екен.
Бұл жаңа теміржол магистралі шығыстағы қандас серіктестерге – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Түрікменстанға ең жылдам әрі ең қысқа транзиттік жолды ашып береді. Министр бұл бағыттың түркітілдес мемлекеттердің өзара интеграциясы мен экономикалық кооперациясы үшін стратегиялық маңызы барын нықтады.
"Анкара үшін бұл жай ғана логистикалық торап емес, бұл – Орталық Азия аймағындағы өз геосаяси ықпалын барынша үдетудің қуатты тетігі. Бастама Түркияның ұзақ мерзімді жаһандық амбицияларын қанағаттандыруға, әлі де шашыраңқы түркі әлемінің басын біріктіре түсуге және ең бастысы – үшінші елдерге, әсіресе, Ресейге деген транзиттік тәуелділіктен біржола құтылуға бағытталған", – деген байлам жасады Asia-today сарапшылары.
Жаһандық сауда жолдарының картасы түбегейлі трансформацияланып жатқан заманда, Қазақстан мен Түркия континенттер тоғысындағы теңдессіз географиялық орналасуын сәтті монетизациялаудың бірегей үлгісін көрсетуде. Бүгінде туысқан елдер жай ғана транзиттік бекет емес, Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ немесе "Орта дәліздің") бас қақпасына айналып, Қытай мен Орталық Азиядан ағылған жүктердің тоқтаусыз легін тікелей Еуропа нарығына бағыттап отыр.
ТХКБ-ға деген әлемдік сұраныстың күрт өсуіне басты үш фактор қуатты серпін берді. Бұлар – Қызыл теңіздегі хуситтер шабуылынан кейінгі қауіпсіздік дағдарысы (бұл мысырлық Суэц каналы арқылы өтетін кемелердегі фрахт пен сақтандыру құнын шарықтатты), РФ аумағы арқылы өтетін Солтүстік дәліздің тартымдылығын жойған Батыстың қатаң санкциялары, сондай-ақ АҚШ пен Израилдің Иранға шабуылы.
Транскаспий бағытының ең басты бір көзірі, артықшылығы – оның жылдамдығында. Ұзындығы 7 мың шақырымға созылатын бірегей жол Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия жерін басып өтіп, Азия мен Еуропа нарықтарын жалғайды. Орташа есеппен мұнда жүкті жеткізу мерзімі небәрі 12–15 күнді құрайды. Салыстырғанда, Суэц каналы немесе Африканы айналып өтетін дәстүрлі теңіз жолдары 35-тен 45 күнге дейін созылып, уақыт пен қаржыны шығындайды.
"ТХКБ-ны дамыту Түркия үшін жай ғана транзиттік табыстың кепілі емес, бұл – елдің геоэкономикалық мәртебесін жаңа биікке көтерудің тарихи мүмкіндігі. Анкара қауіпсіз жеткізу жолдарын іздеген Еуропа үшін де, жаһандық нарықтарға төте шығуды көздеген Орталық Азия үшін де баламасыз серіктеске айналды. Орта дәліз қарапайым логистика шегінен әлдеқайда асып түсті. Ол енді Түркия мен Қазақстан арасындағы терең экономикалық интеграцияның басты саяси құралы", – деп мойындауға мәжбүр ресейлік "Каспийский вестник" басылымы.
Ал, осы алып континентаралық маршруттың алтын буыны, логистикалық тұрақтылықтың мызғымас тірегі – Қазақстан. Еліміздің аумағы арқылы Қытайдың негізгі тауар тасқыны өтіп, Каспийдегі Ақтау және Құрық порттарында жинақталады да, ары қарай Оңтүстік Кавказ бен Түркия арқылы Еуропаның әр түкпіріне тарайды.
Еуразиялық транзиттің тып-тыныш төңкерісі
ТХКБ жаһанда жаңа геоэкономикалық тәртіпті орнатуда: Еуразияның көлік-логистика картасын көз ілеспес жылдамдықпен қайта пішіп жатыр. Саяси айдындағы маңызды бір бетбұрыс – ұзақ жылдар бойы Анкарамен қырғи-қабақ, қатаң текетіресте болып келген Кипр мемлекетінің күтпеген мәлімдемесі болды. 2026 жылғы 3 маусымда Астанаға ресми сапармен келген Кипр Президенті Никос Христодулидис өз республикасының Транскаспий халықаралық көлік бағытына қосылатынын жариялады.
"Кипр Қазақстанды Орталық Азиядағы ең басты стратегиялық серіктесі деп біледі. Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірді нығайтып, Еуразия құрлығында жаңа сауда және инвестициялық дәліздерді өркендетіп отырған, өңірлік және жаһандық саяси салмағы күн санап артып келе жатқан алып мемлекет. Жаһандық жеткізу тізбегі түбегейлі қайта құрылып жатқан алмағайып заманда ТХКБ-ның стратегиялық рөлі басымдыққа ие. Ал, Қазақстан осы жаңа архитектураның негізгі ұстынына айналды. Бірлесе қимылдау арқылы біз бұл зор әлеуетті халықтарымыздың игілігі мен экономикамыздың ұзақ мерзімді гүлденуіне бағытталған нақты, салмақты нәтижелерге айналдырамыз", – деп мәлімдеді Христодулидис.
Еуразияның дәл кіндігінде орналасқан Қазақстан өзінің бас өңірлік хаб мәртебесін нығайта түсуде: бүгінде Қытай мен Еуроодақ арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80%-дан астамы біздің ел арқылы өтеді. Кипр, өз кезегінде, Шығыс Жерорта теңізіндегі өзінің мықты теңіз инфрақұрылымы, жүйе келтірілген кеме қатынасы мен алып флотты басқарудағы халықаралық зор тәжірибесі арқылы бұл маршрутты бұрынғыдан да қуатты, кемел ете түсуі ықтимал.
Бұл транзиттік серпілістің ауқымын ҚР Көлік министрлігінің ресми статистикасынан түсінуге болады. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның теңіз көлігімен 8 миллион тонна жүк тасымалданды. Бұл 2024 жылғыдан 7%-ға жоғары. Теңіз порттары арқылы контейнерлік ағын 29%-ға өсіп, 90 637 ЖФЭ (жиырма футтық балама) межесіне жетті. Тікелей ТХКБ-да ғаламат өсім тіркелді: контейнерлер тасымалы бірден 36%-ға шырқап, 77 мың ЖФЭ контейнерге жуықтады.
Каспийдің транзиттік инфрақұрылымы барынша жылдамдатыла жаңғыртылып жатыр. Ақтау портында жаңа контейнерлік хаб пен заманауи терминалдардың құрылысы аяқталды, Құрық–Баку бағытына алғашқы алып құрғақ жүк кемесі іске қосылып, қосымша 2 жаңа паром сатып алынды.
Дегенмен, мемлекеттік деңгейдегі қатаң саяси шешімдер мен бақылауды талап ететін тұстар да жоқ емес: таяуда Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтау–Баку бағытына қажетті 6 жаңа контейнер тасымалдаушы кемені сатып алу процесін созбалаңға салған жауапты тұлғаларды аяусыз сынап, кемелерді тез арада теңіз желісіне шығаруды талап етті.
Дәліздің бүкіл әлеуетін әлемге паш ету үшін аса өршіл мақсат қойылып отыр: мемлекетаралық түйісу бекеттерінің өткізу қабілетін жылына 100 миллион тоннаға дейін жеткізіп, шекаралық-кедендік процедураларды барынша жеңілдету қажет. Сонымен қатар, ТХКБ-ны дамыту аясында елдің басты теңіз қақпасының мүмкіндігін кеңейту үшін көлемі 1,3 миллион текше метрді құрайтын балшықты жағалауға шығарып, Каспийдің түбін тереңдету жұмыстары биыл аяқталуға тиіс.
"Тігіссіз" дипломатия: Қытай қорғанынан Адриатикаға шейін
Халықаралық транзиттің шекарадан еш кедергісіз (кәсіби жаргонда – "тігіссіз"), сынаптай сырғып өтуі үшін Астана қарқынды дипломатиялық белсенділікке көшті. Қазақстан бүгінде әлемнің 42 мемлекетімен үкіметаралық келісімдер бекітуге қол жеткізіп, жыл сайын рұқсаттама квоталарымен белсенді алмасуға кірісті.
Түрікменстанмен, Иранмен жүк тасымалының еш "рұқсатнамасыз" еркін режимі іске қосылды, Түркиямен арада ұқсас келісім жасалды. Оның үстіне Қазақстан – күллі әлем бойынша Қытайдың ішкі аумағына өз көліктерімен-ақ тікелей транзиттік автомобиль тасымалын жасауға эксклюзивті құқық алған ең алғашқы мемлекетке айналды.
Логистиканы цифрландыру ісі де қарқынды: еліміз Қытаймен және Өзбекстанмен бірлесіп, рұқсатнама бланкілерімен электронды алмасудың бірыңғай жүйесін енгізді. Бұл құжат айналымының 65%-ын цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік берді. Ұқсас интеграциялық жүйе Әзербайжан, Түркия және Қырғызстанмен арада пысықталуда.
Орта дәліздің қуатты ықпалы Балқан түбегін шарпыды. Бір аптадай бұрын Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанды "Еуропа мен Азия континенттерін жалғайтын басты транзиттік көпір" деп ресми мойындады. Қаратау елінің Адриатика теңізіне тікелей шығатын стратегиялық артықшылығын ескеріп, тараптар ТХКБ қуатын черногориялық Бар порты мүмкіндіктерімен ұштастыруды қарастыруда. Бұл – Оңтүстік және Орталық Еуропа нарығына тікелей шығатын жаңа, бірегей мультимодальды дәліздің дүниеге келуі деген сөз.
Орталық Азия елдері әлемдік нарықтарға шығу үшін Каспий мен Кавказ арқылы Қара теңізге ұмтылады, ал, Еуропа санкциялық қысымнан және қақтығыстардан ада, қауіпсіз маршруттарды іздеп, жанұшыруда. Мүдделер мен миллиардтар тоғысқан осы дүбірлі, құтты қиылыста Түркия мен Қазақстанның стратегиялық рөлі енді ешбір баламасыз екенін әлем мойындағандай.