banner

Түркия Швеция мен Финляндияны неге НАТО-ға өткізбей отыр

1950

Анкара бұл екі мемлекеттің күрд содырларына қатысты позициясы қатаңдатылғанын қалайды. Соның арқасында Ресейдің екі скандинавиялық елді батыстық әскери одаққа кіргізбеу арманы орындалып тұр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Түркия Швеция мен Финляндияны неге НАТО-ға өткізбей отыр Фото: reuters.com

Швеция мен Финляндияның НАТО-ға тез қосылуға деген үміті Түркияның қарсылығына тап болды. Өйткені Анкара бұл альянста вето қою құқығына ие.

Үш ел өткен маусымда Мадридте әрі қарайғы әрекет туралы ұйғарымға келгенді. Бірақ Түркия президенті Тайып Ердоған, атап айтқанда, Швецияны сол келісімді орындамады деп айыптап отыр және де осы аптада Ердоған НАТО-ға өту туралы келіссөздерді белгісіз уақытқа кейінге қалдырды.

Ресей армиясы Украинаға басып кіргеннен кейін, өз қауіпсіздігіне алаңдап отырған Швеция мен Финляндияның Солтүстікатлантикалық альянсқа кіру жайлы арызын осы әскери одақтың 30 мүшесінің ішінде тек Түркия мен Венгрия парламенттері ғана әлі ратификациялаған жоқ.

Түркия Швеция мен Финляндияның мүшелігіне неге қарсы?

Түркия, әсіресе, Швецияда 1984 жылы қолдарына қару алып, түрік мемлекетіне қарсы көтерілген Күрдістан жұмысшы партиясының (PKK) содырлары бар деп санайды.

PKK Түркияда ғана емес, Швецияда, АҚШ-та және Еуропада да "лаңкестік топ" деп танылды. Сондықтан Анкара Стокгольм мен Хельсинкидің Түркияда 2016 жылғы төңкеріс әрекеті үшін кінәлі аталған PKK-ға және басқа топтарға қатысты қатал позиция ұстанғанын қалайды.

Мадридте Финляндия мен Швеция лаңкестікпен күресте, соның ішінде күдікті содырларды экстрадициялау мен депортациялау бойынша көбірек жұмыс істеуге келісті. Бірақ Швеция соттары кейбір адамдарды елден шығаруға тосқауыл қойған.

Швеция мен Түркия арасындағы шиеленіс Стокгольмде наразылық шеруі өтіп, онда Құран өртелгеннен кейін де күшейіп отыр.

"Швеция Түркияны алаңдатқан көп мәселелерді шешті және Мадридте қабылданған үшжақты меморандумды жүзеге асыруды жалғастырады... бірақ дәл қазір бұл жеткіліксіз", - дейді Стокгольм университетінің Түркияны зерттеу институтының директоры Пол Левин "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Түркияның бұл бөгеуде өзге мақсаттары бар ма?

Мамыр айында Түркияда сайлау өтеді. Кейбір комментаторлардың ойынша, Ердоғанның НАТО-ға қатысты ұстанымының түпкі мақсаты - сайлаушылар назарын қымбатшылықтан басқа жаққа аудару және өзін халықаралық деңгейдегі мемлекет қайраткері ретінде көрсету.

Өзге бір пікірлерге жүгінсек, Ердоған НАТО-ға өту туралы ратификация мәселесін АҚШ-пен келісімдер жасауға пайдаланғысы келеді. Анкараның Вашингтонмен қатынасы Құрама Штаттардың сириялық күрд содырларын "Ислам мемлекетімен" күреске тартуынан нашарлап отыр.

Сонымен қатар, Түркия Америкадан F-16 жойғыш ұшақтарын сатып алғысы келеді, бірақ Конгресстің кейбір мүшелері бұған қарсы.

Швеция мен Финляндия неліктен НАТО-ға кіргісі келеді?

Швеция мен Финляндия ұзақ уақыт бойы әскери одақтарға қосылмау саясатын ұстанып келді. Бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруі бұл позицияны өзгертуге түрткі болып отыр.

Финляндияның Ресеймен арадағы шекарасы - 1300 шақырым, ал Швецияның Готланд аралы Ресейдің Калининград эксклавындағы Балтық флотының базасынан небәрі 300 км жерде орналасқан.

Екі ел өз қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең жақсы жолы - ұжымдық қорғаныс жөніндегі шарты бар НАТО-ға қосылу деп біледі.

НАТО-ға Швеция мен Финляндия не үшін қажет?

Екеуінің де әскері салыстырмалы түрде қуатты. Финляндияның 285 000 адам мен 650 танк жұмылдыруға мүмкіндігі бар. Ал, Швецияда мықты әуе күштері мен Балтық теңізі жағдайына бейімделген сүңгуір қайық флоты жасақталған. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бұл екі мемлекет НАТО-ның Ресейге қарсы майдан шебіндегі ашық жерді жабатын қалқан рөлін ойнап, альянсты Балтық аймағындағы күштерін нығайтуға итермелейді.

Финляндия НАТО-ға Швециясыз қосыла ма?

Техникалық тұрғыдан, иә. Бірақ Финляндияны Швеция арқылы стратегиялық құрлыққа жете алмай қорғау НАТО үшін қиынға соғар еді.

Швеция мен Финляндия бірге әрекет еткісі келеді. Дегенмен, Түркияның ашуы негізінен Швецияға бағытталып отыр. Ал, Финляндия екі жақтың татуласуын күтуі керек немесе бұл процесте оның шыдамы таусылуы мүмкін.

Жақында Финляндия сыртқы істер министрі мен Швеция премьер-министрі бірлескен мүшелікке басымдық беретінін мәлімдеді. Алайда, Швецияның НАТО-ға кіруіне Түркия біржолата тосқауыл қоятын болса, Финляндия басқа жолды қарастыратынын ескертіп отыр.

НАТО Швеция мен Финляндияны қабылдап, Түркияны өз құрамынан шығаруы мүмкін бе?

НАТО-ның құрылтай құжатында мүшелікті тоқтата тұру немесе осы ұйымнан қандайда бір елді шығарудың ресми механизмі жоқ. Оның үстіне, трансатлантикалық альянс үшін Түркия өмірлік маңызы зор стратегиялық одақтас саналады.

Қазір не болып жатыр?

Сарапшылардың болжамынша, Швеция мен Финляндияның НАТО-ға қабылдану процесі, кем дегенде, Түркияда сайлау өткенше тығырыққа тірелуі ғажап емес.

Мадрид келісімінің толық орындалуы жылдарға созылуы ықтимал, ал Швеция Түркияның кейбір талаптарын жүзеге асыру мүмкін емес деп отыр.

Түркияның ұлттық қауіпсіздікке алаңдаушылығын сейілту қиын, ал Швеция мен Финляндияның бұл жағдайға ықпалы ету мүмкіндігі мардымсыз.

Әрине, Швеция, Финляндия және НАТО одақтасу процесінің ұзаққа созылғанын қаламайды.

"Түркияның қазіргі әрекеті енді Путинге пайдалы ... бұл жағдай бүкіл альянс үшін проблема болуы керек", - дейді Левин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу