Түркия өз ядролық реакторларын әзірлеу бойынша ұлттық бастаманы бастап кетті. Бұл туралы елдің өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тың бастаманың негізгі мақсаты стратегиялық маңызды салаларды, соның ішінде жасанды интеллект, қорғаныс өнеркәсібі, химия және металлургия салаларын тұрақты, көміртегіден таза және үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету болмақ. Түркия отандық ядролық технологияларды дамыту арқылы елдің энергетикалық тәуелсіздігін арттырғысы келеді. Жоба "Ұлттық технологиялық серпіліс" бағдарламасы аясында жасалады.
"Біз ядролық энергетикада өз жолымызды бастаймыз. Бұл энергетика мәселесі ғана емес, сондай-ақ тәуелсіздік, технологиялық қуат және тұрақты дамуға да қатысты", – деді Мехмет Фатих Каджыр.
Жоғары технологиялы реакторлар елдің өнеркәсібінің әлеуетін пайдалана отырып жүзеге асырылады деп күтілуде. Атап айтқанда, TENMAK және TÜBİTAK институттарының, сондай-ақ университеттердің қатысуымен жасалады.