Түркия жері біртіндеп тұңғиыққа батып барады

232

Тылсымға толы құбылыстың сыры ашылды.  

Түркия жері біртіндеп тұңғиыққа батып барады Фото: inbusiness.kz

Егер сіз Түркияда тек қонақүй бағасы мен валюта бағамы ғана құбылады деп ойласаңыз, қателесесіз. Ғалымдарда сіз үшін планетарлық ауқымдағы жантүршігерлік жаңалық бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Аяқ астындағы жер қозғалмайтындай нық болып көрінгенімен, бұл жай ғана алдамшы көрініс екен. Таяуда жүргізілген зерттеу планетамыздың ішіндегі қозғалыстар туралы тылсымға толы, тіпті мистикалық жайттың бетін ашты. Түркияның қақ ортасында жердің беті жердің астына қарай жұтылып бара жатыр. Бұл қиял-ғажайып емес, үрейлі шындық. Канадалық зерттеушілер стамбулдық әріптестерімен бірге дабыл қағуда.

Түркия миллиондаған жыл бойы теңіз деңгейінен тұрақты түрде жоғары көтеріліп келе жатқан алып платоның үстінде тұрса, оның бір бөлігі ағынға қарсы жүзгендей, жалпы қозғалысқа қасарыса қарсы тұрғандай, баяу әрі тынымсыз түрде жер қойнауына батып барады. Орталық Анадолыда орналасқан Кония (Konya) бассейнінің жылдам шөгуінің нышандары тіркелді.

Ыстамбұл техникалық университетіндегі және Чанаккале Онсекиз Март университетіндегі әріптестерімен тізе қосқан Торонто университетінің геолог-ғалымдары жаңа зерттеу аясында спутниктік және жерүсті өлшеулеріне сүйене отырып, мынаны растады: ойпаттың беті дәл қазір планетаның ішіне қарай шынымен "жұтылып" бара жатыр. Кейде әлемнің әр тұсында карст шұңқырлары пайда болып, оған ғимараттар, тіпті қалалар құлап кетіп жатады. Бірақ мұнда жер қыртысындағы жарықтардың еш қатысы жоқ екен – бұл литосфераның таза ішкі "текетіресі" болып шықты.

"Көтеріліп жатқан орогендік плато ішіндегі бассейндердің белсенді қалыптасуын көпсатылы литосфералық тамшылау процестері басқарады" деп аталған ғылыми мақаланың түпнұсқасы беделді Nature Communications журналында жарық көрді.

Бұл процесті зерттеу үшін ғалымдар жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің (GNSS), радиолокациялық спутниктік интерферометрияның (InSAR) мәліметтерін, сондай-ақ сейсмикалық томографияны – гравитациялық талдаумен және зертханалық эксперименттермен ұштастырды. Бұл еңбек алып платолардың сырттай тұрақты көрінгенімен, іштей қалай өзгеретіні туралы түсінігімізге маңызды түзетулер енгізді, деп хабарлады The Times of India басылымы.

"Орталық Түркия төмен түсіп барады"

Алынған нәтижелер литосфераның терең қойнауында болып жатқан жұмбақ процестерге нұсқап, ғалымдардың қызығушылығын оятты және бұл өзгерістерге тереңірек үңілуге ынталандырды. Спутниктердің және аса дәлдікті радарлардың көмегімен ғалымдар адам сенгісіз құбылысты анықтады.

Түркиядағы бұл ойпаттың астында, 50-ден 80 шақырымға дейінгі тереңдікте сейсмикалық аномалия әшкереленген. Нақтылағанда, ертегідегі Толағай ғана көтере алар алып, аса тығыз әрі қатқан жыныс кесегі үзіліп, литосферадан бөліне бастаған. Ғалымдар оны "тамшыға" теңеді.

Сондықтан бұл процесті "литосфералық тамшы ағыны" деп атады. Оған сәйкес әлгі ғаламат кесек кір тасы сияқты әсер етуде: жер астындағы осы ауыр жыныс мантияға құлап барады, бірақ ол әлі де жердің беткі қабатымен байланысты болғандықтан, Конияны өзімен бірге төменге тарта жөнелген. Содан Кония ойпаты есептік көрсеткіштерінен 280 метрге төмен шөгіп үлгерді.

Кония ойпаты Түркияның орталығындағы ауқымды қыратты аймақ – Орталық Анадолы платосының ішкі бөлігінде орналасқан. Платоның өзі теңіз деңгейінен шамамен 1,5-2 шақырым биік жатыр, ал, оның солтүстік және оңтүстік шекараларын тау тізбектері қоршап тұр. Бүкіл Орталық Анадолы үстірті миллиондаған жылдар бойы бір шақырымдай жоғары көтеріліп, бүгінде қыртыс қалыңдығы 40 шақырымға жеткен. Алайда соның "кіндігінде" орналасқан Кония ойпаты өзін мүлдем басқаша ұстауда.

"GNSS және InSAR бақылаулары көрсеткендей, Кония бассейнінің беткі қабаты белсенді түрде, лифт сияқты, тік төмендеп барады. Дәл осы кезде Орталық Анадолы платосының айналасындағы басқа аудандардың бірде бірінде мұндай шөгу байқалмады. Айқын сипаттағы беткі тектоникалық белсенділіктің жоқтығы Кония аймағындағы бұл шөгудің жер қыртысындағы жарықтардың қозғалысына қатысы жоқ екенін дәлелдейді", – деп сендірді зерттеушілер.

Түркиядағыдай тылсым әлемге тарауда

Бұл тосын құбылыс тек Түркиямен ғана шектелмейді. Ғалымдардың мәліметінше, шөгудің бұл түрі 10 миллион жылдан астам уақыт бойы платоны қалыптастырып жатқан литосфералық өзгерістің ұзақ процесінің соңғы фазасы болуы мүмкін. Жаңа деректер тектоникалық тұрғыдан "тыныш" аймақтарда да мантияның терең процестері рельефке, жер бедеріне әсер етуін тоқтатпайтынын көрсетті.

"Зерттеушілер бұл сигналдарды ойпат астында литосфералық "тамшының" түзілуінің айғағы деп түсіндіреді. Литосфералық "тамшы" оның тығыз төменгі бөлігі сынып, бөлініп, астындағы мантияға батқан кезде пайда болады. "Тамшы" төмендеген сайын үстіндегі қыртысты өзімен бірге шыңырауға тартып, жер бетінің шөгуіне әкеледі. Мұндай процестер бұған дейін әлемнің басқа аймақтарында, соның ішінде Сьерра-Неваданың кейбір бөліктерінде, Альтиплано және Пуна платоларында байқалған болатын", – делінген The Times of India мақаласында.

"Ең таңғаларлығы сол, бұл процесс бір рет болып қоя салатын біржолғы тектоникалық оқиға болмай шықты. Алғашқы "тамшы" аймақтың басқа бөліктерінде қайталама оқиғалардың тізбегіне түрткі болған сияқты. Оның соңы Түркияның көтеріліп жатқан платосының қақ ортасындағы Кония ойпатының ерекше жылдамдықпен планета ішіне сіңуіне әкелді", – деді Торонто университетінің ғалымы Шон Беттам.

Бұл жасырын механизмнің қалай дамитынын түсіну үшін ғалымдар зертханада планетаның физикалық моделін жасады. Мөлдір резервуар кәдімгі сұйықтау балдан мың есе қою, әрі тұтқыр полидиметилсилоксанмен (PDMS) толтырылды. Ол Жердің ортасында ағып жатқан төменгі мантиясын имитациялайды.

Оның үстіне мантияның жоғарғы қатты бөлігіне сәйкес келетін PDMS мен моделдік саз қоспасының қабаты орналасты. Конструкцияны жердің беткі қабатын бейнелейтін керамикалық және кремнеземдік шарлардан (кремний диоксиді) тұратын құм тәрізді қабық аяқтады.

Модельді қозғалысқа келтіру үшін ғалымдар PDMS мен саз қабатының үстіне тығыздығы жоғары, ірі "дәнді" қойды. Тұқым ауырлық күшінің – гравитацияның әсерінен баяулап төмен бата бастады. Осылайша, ол литосфералық "тамшының" түзілу процесін іске қосты.

"Алғашқы 10 сағат ішінде өзіміз "бастапқы тамшы" деп атаған процестің басталу кезеңін бақыладық. "Дән" шөге-шөге контейнер түбіне жеткен соң шамамен 50 сағаттан кейін оның екіншісі түзіле бастады. Бізді кішірек екінші тамшы жердің беткі қабатына әсер ете ала ма деген сауал қызықтырды. Әсер ете алатыны белгілі болды. Уақыт өте келе ол тіпті бөгде ештеңе ықпал етпесе де, жер қыртысын біртіндеп төмен тартып, жер бетінде ойпат қалыптастыра бастады", – дейді зерттеудің жетекші авторы – Торонто университетінің Жер туралы ғылымдар факультетінің ғалымы Джулия Андерсен.

Бөгде ғаламшарлардың сырын ашуы мүмкін

Ғылыми ашылымның жаңалығы сол, бұған дейін ғалымдар негізінен платолардың бір-бірімен соғылысып, өзгеріске түсуін зерттейтін. Тұтас бір плато ішінде бір-біріне қарама-қайшы үдерістер жүреді деген үш ұйықтама түсіне кірмесе керек.

Жаңа зерттеу аясында қол жеткізілген нәтижелер осы ғылыми топтың Оңтүстік Америкадағы Анд тауларындағы Арисаро ойпатының қалыптасуына арналған ертерек зерттеуімен үндеседі. Бұл дегеніміз, әлгіндей құпия құбылыс Жердің кез келген нүктесінде болуы мүмкін. Бұрын зерттеушілердің бұған назар аудара бермегені байқалады.

Планета өзі-өзі іштей қайта құрып жатыр, ендеше плато ортасындағы "тыныш" аймақтардың өзі кенеттен жер астына шөгіп кетуден сақтандырылмаған.

Ғалымдардың түсіндіруінше, Түркияның Орталық Анадолы үстіртінің астындағы процестер жер қыртысының "тамшылап шөгу" механизмін ашты. Сонымен қатар, бұл жаңалық адамзатқа басқа планеталарды отарлауында көмектесуі мүмкін.

Ең бастысы, нәтижелер бұрын ғылыми сипатталмаған, тектоникалық механизмдердің мүлдем жаңа түрі бар екенін көрсетті. Мұндай тетіктер Жердегідей классикалық плиталық тектоникасы жоқ басқа планеталарда да әрекет етуі ықтимал. Геоғалымдар бұл құпияның шешілуі бізге Күн жүйесіндегі көршілеріміз – "Қызылжұлдыз" Марс пен жұмбақ Шолпанның бетінде қалай аман қалуға болатынын түсінуге көмектесетініне сенімді. Ол жақта плиталар тектоникасы бұдан да қатал заңдылықтары бойынша жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу