Түркияда 400 мыңға жуық электромобиль бар

457

Бұл туралы TÜİK мәліметтерінен белгілі болды.

Түркияда 400 мыңға жуық электромобиль бар Фото: Pinterest

2026 жылғы ақпан айындағы мәлімет бойынша Түркияда тіркелген электромобильдер саны жылдық есепте 92%-ға өсіп, 395 697 бірлікке жетті. Ал гибридті көліктер саны да өсуін жалғастырып, 741 149 бірлікке жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркия Статистика институтының (TÜİK) дерегіне сәйкес, елдегі жалпы тіркелген көліктер саны ақпанда 17 523 423 болды.

Соңғы жылдары электромобильдердің танымалдығы олардың көміртек шығарындыларының аздығымен, энергия тиімділігінің жоғары болуымен және дыбысы төмен болуымен байланысты. Сонымен қатар, зарядтау станциялары инфрақұрылымының дамуы да маңызды рөл атқарды. Нарыққа шыққан ұлттық Togg электромобилі және тұтынушылардың экологиялық таза көліктерге қызығушылығының артуы да оң серпін берді. 

Статистикаға сүйенсек, 2015 жылы Түркияда 565 электромобиль ғана тіркелген болса, 2024 жылы олардың саны 183 776-ға, 2025 жылы 370 591-ге жеткен. 2025 жылғы ақпанда бұл көрсеткіш 206 022 болса, 2026 жылғы ақпанда 92%-ға өсіп, 395 697 болды. Электромобильдердің жалпы тіркелген көліктер арасындағы үлесі 2,3%-ға тең.

Гибридті көліктерге деген қызығушылық та артып отыр. Түркияда алғаш рет мұндай көліктер 2011 жылы тіркеліп, саны тек 23 болған. 2019 жылы олардың саны 13 877-ге, 2023 жылдың соңында 222 328-ге, 2024 жылы – 391 296-ға, ал 2026 жылғы ақпанда 741 149-ға жеткен. Гибридті көліктердің жалпы автопарктағы үлесі 2025 жылы 4%, ал 2026 жылғы ақпанда 4,2%-ға жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу