"Түркиядағы киім фабрикаларына дизайнер болу туралы ұсыныс түсті"

Жас кәсіпкер Мейрамбек Шалқардың бизнестегі жолы қалай басталғаны туралы айтып берді. 

"Түркиядағы киім фабрикаларына дизайнер болу туралы ұсыныс түсті"

Күні кеше ғана Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғыны Иманбек Зейкенов Grammy сыйлығына ие болып, барша Қазақстан әлемге танылды. Қарапайым отбасында өскен дарын бірнеше жыл "Қазақстан Темір Жолы" АҚ-ның ақсулық бөлімшесінде белгі беруші болып жұмыс істеген. Тіпті оның арнайы музыкалық білімі де жоқ. Гитара тартуды әкесінен, ремикс  жазуды YouTube желісіндегі видеолардан үйренген. Ал Grammy сыйлығына ұсынылған SAINt JHN орындайтын Roses әніне ремиксті бар болғаны 2 сағаттың ішінде жазып шыққан. Кейін бұл туынды әлемдік хит-парадтарда көш бастап, жас дарын кәсіби музыканттар өмір бойы армандайтын әлемдік музыка индустриясындағы ең абыройлы марапатты жеңіп алды. Артынша БАҚ өкілдері енді Қазақстан әлемге мұнаймен ғана емес, осындай жас дарындармен танылады деп жарыса жазды.

Inbusiness.kz-тың бүгінгі кейіпкері – киім дизайнері, жас тігінші Мейрамбек Шалқардың да бизнеске келу, кәсіп бастау жолы ерекше. Болашақта Қазақстанның атын әлемге танытатын кутюрье болуды армандайтын ісмер жетістік сырын баяндады. 

– Мейрамбек, әлемдік сән әлеміне төңкеріс жасаған ер азаматтар Карл Лагерфельд, Ив Сен-Лоранды білеміз. Бірақ отандық сән әлемінде ерлер саусақпен санарлық. Бұл салаға қалай келдіңіз?

– Тігіншілікке келуім қарындасымның қуыршақтарына киім тігуден басталған. 6 жасымда мектепке бардым. Кейін сырқаттанып, дәрігерлерге қаралдым. Олар басымда ісік барын анықтап, маған ота жасады. Осылайша мүгедектікке шығарды. Мектепке баруға болмайтындықтан, мұғалімдер үйге келіп, сабақ өтетін. Былайша айтқанда 11 жыл үйде отырып, білім алдым. Таңертең ерте тұрып, көршінің балалары сөмкелерін асынып сабаққа бара жатқанын көріп қатты қызығатынмын. Бар арманым мектепке бару, балалармен ойнау, партаға отыру болды.

– Үйде немен айналысып, уақытты қалай өткізетін едіңіз?

– Менің бос уақытым көп болды (күлімдеп). Сурет салуды ұнататынмын. Таңнан кешке дейін айналамдағы суреттерді көшіріп салатынмын. Кейін өмірге қарындасым келді. Оны ойнату үшін қуыршақтарына киім дизайнын ойластырып, перденің, ескі киімдердің маталарынан көйлек тігіп беретінмін. Солай көзді ашып-жұмғанша 11 жыл өте шықты. Қолыма аттестатты алдым. Бала күнімде хирург болуды армандағанмын. Алайда денсаулығыма байланысты мені оқуға алмады. Өзіме жақын салаларды зерттей келе киім дизайнері, тігінші боламын деп шештім.

– Отбасы мүшелерінің  тарапынан қарсылық болмады ма?

– Әкем шаштараз болғанымды қалады. Тіпті, маған арнайы кеңсе ашып беруге дейін ойластырып қойыпты. Қашанда сұранысқа ие мамандық деп, ұзақ көндіруге тырысты. Бірақ мен ойымнан айнымадым. Осылайша колледжге киім дизайнері, тігінші мамандығына түстім. Бір қызығы, колледжде бір топта 3 жігіт оқыдық. Бірақ уақыт өте келе олар басқа оқуға ауысып кетті. Осылайша топтағы жалғыз ер азамат болдым. Көрші топтардан "осында бір жігіт оқиды екен ғой" деп қыздар келіп сыртымнан бақылап тұратын.

– Әр істің өз қиыншылығы болады емес пе? Ойыңнан айныған сәттер болған шығар...

– Басында тігіншілікті дәрігерлікке баруды қалаған сияқты шын ниетіммен ұнатпадым. Кейін жақсы көріп кеттім. Әлі есімде, соңғы курста оқып жүргенімде Алматыдағы спорттық киімдер үлкен тігін цехтарының біріне тәжірибеден өттім. Артынша кәсіпорын басшылығы жұмысқа шақырды. Колледжде үйренгенім бойынша жұмыс істеймін деген "жалынмен" барғанмын. Бірақ өмірде барлығы ойлағаныңдай бола бермейді екен. Мен шығармашылықты қаладым, ал ол жерде бірдей киімдерді тігесің, қарапайым еңбек күші ғанасың. Жалақы да мардымсыз, жолыма ғана жететін. Тамақ ішсем жаяу жүремін, автобуспен жүрсем тамақ ішпеймін. Ең қиыны жұмысым көңілімнен шықпайды. Осылай 2-3 ай жүрдім. Сол кезде өзіммен күрес басталды. Менің қолымнан келмейді екен ғой, неге бұл салаға келдім деген ойлар мазалай бастады. Тастап кетсем қайтеді, әлде жалғастырайын ба деп жүрдім. Бірақ бір күні кез келген дағдарыс, жаңа кезеңнің басы, осы қиындықты жеңсем ғана арманыма жететінімді түсіндім. Қатемді түзетіп, сынды қабылдауға, барынша жаңа дүниелерді меңгеріп алуға талпына бастадым. Мол тәжірибе жинадым. Менің өмірімде шешуші кезең осы болды. "Ең қиын күрес – өзіңмен күрес" деп бекер айтпайды екен. Кейін дипломдық жұмысыма арнайы матасын таңдап, өзіме костюм тіктім.

– Неге қиынынан бастадың? Білуімше, костюм тігу басқа киімдермен салыстырғанда күрделі жұмыс.

– Көптеген жас тігінші, көйлек, белдемше сынды жеңілінен бастайды. Ал мен өзімнің арманымдағы костюмді тіккім келді. Оның матасы да қалың, құрылымы да күрделі. 3 ай бойы ойластырып, жетекшіммен бірге ақылдасып жүріп тігіп шықтым. Дипломдық жұмысымды тексерген комиссия мүшелері де таң қалды, бізге де осындай костюм керек деп өтініш айтты. Осылайша колледжді "қызыл" дипломмен тәмамдадым.

– Ол костюмың қайда? Әкеңе көрсеттің бе?

– Көрсеттім, әкем бір жерден сатып алған шығарсың деп, сенген жоқ. Ол кісі енді-енді ғана менің кәсібімді, жұмысымды мойындап келеді. Алғашқы туындымды сақтап қойдым. Содан соң анама көйлек тіге бастадым. 19 жасымда "Адем" сауда үйінде көйлек сататын бутик әрі ательеге тігінші болып жұмысқа орналастым. Әйел адамдардың дене бітімі әртүрлі. Шетелден келетін көйлектер оларға кейде келмей қалып жатады. Белін пішіп, етегін кесіп, иығын жауып, оларға жарасатындай етіп беретінмін. Кейде көңілдерінен шығатын көйлек тігетінмін. Осылайша, талай танымал адамдармен жұмыс істедім, сахналық киімдеріне көмектестім. Басында "тігінші ер бала ма?" деп таңырқайтын. Кейін "Мейрамбек қайда?" деп іздеп келетін болды.

– "Егер сенде мақсат болмаса, сен басқа адамның мақсатын жүзеге асыру үшін жұмыс істейсің" деген тәмсіл бар. Жеке ателье ашу туралы ой осы кезде келді ма?

– Өзгенің мақсаты мен арманын жүзеге асырушы болуды қаламадым. Табысым өте жақсы, тұрақты клиенттерім де бар. Бірақ ары қарай да өсуім керек, шешім қабылдау оңай болған жоқ. Ательедегі басшым барынша қарсылық танытты. Жұмысты жүргізе алмайсың, қайта жұмысқа алмаймын, қолыңнан келмейді деп, барынша көндіруге тырысты. Бірақ бар жиған табысымды салып, жаңа бутик жалға алып, оның жанынан ателье аштым. Бір аптаның ішінде бір айлық жалға алу ақысын шығарып алдым. Қазір күнделікті тапсырыстар қабылдаймын, киім тігемін, киімдерді қысқартып, реттеп беремін.

– Пандемия кезінде қайттің? Бұрынғыдай той жоқ, көйлектерге тапсырыс төмендеп, жұмысың тұралаған шығар?

– 2019 жылдың басында алғашқы ательемді аштым, 2020 жылы өзім тіккен киімдерді қоятын сән үйін құрдым. 1 жыл жұмыс істеген соң сауда үйлері, барлығы карантинге жабылды. Бірақ қолөнердің бір жақсысы үйден де жұмыс істеуге болады. Пандемия жаңа бизнес бағыттарын зерттеу керек екенін көрсетті. Тек қана киім емес, қыз жасауы, перде тігу сынды жаңа бизнес бағыттарға назар аудара бастадым. Үлкен жоспар құрдым. Басымдық, әрине, "Мейрамбек Шалқар" деген брендпен шығатын киім топтамасына беріледі. Одан кейін қыз жасауын тігуді анама үйретіп, отбасылық бизнесті қолға алсам ба деймін. Арнайы бизнес жоба жасап, түрлі гранттарға ұсынуды жоспарлап қойдым.

Сонымен қатар былтыр Біріккен Араб Әмірліктеріне саяхаттап, тәжірибе алмасуға бардым. Бізге той көйлектерін тігетін маталардың барлығы осы Дубайдан келеді. Ол жақта киім дизайнерлерінің басым бөлігі ер азаматтар. Қысқасы нарықты зерттедім. Сондай-ақ былтыр "Сымбат" сән академиясын тәмамдадым. Енді Түркиядағы киім фабрикаларына дизайнер болу туралы ұсыныс түсті. Ол жақта киім саласы жақсы дамығанын барлығымыз білеміз. Қазір ойланып жүрмін.

– Биік мақсаттар, үлкен әрекеттерге жетелейді деп жатады. Тағы қандай арманың бар?

– Менің ең үлкен арманың өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі, үйде отырған жандарға тігіншілік курсын ашу. Оларға мотивация беріп, жұмыс істеуге жағдай жасау. Бұл қоғамда ешкімнің мүмкіндігі шектелмеу керек. Шын мәнінде, қазір біздің барлығымыздың мүмкіндігіміз шексіз.

– Сенің қатарластарың биыл университет бітіріп жатыр. Оларға көңілің тола ма?

– Толмайды. Көпшілігі оқу оқып, ата-аналарының көлік алып беріп, жұмысқа орналастырғанын қалайды. Кейбірінің қыруар қаржы жұмсап, оқыған білімдеріне, таңдаған салаларына көңілдері толмайды. Әр адам мамандық таңдағанда университеттің рейтингіне, ата-анасының қалауына емес, жүрегіне үңілуі керек. Таңдау жасау арқылы өз өміріне жауапкершілік алу керек. Мейлі тігін тіксе де, тамақ жасаса да, көше сыпырса да қызығушылықпен, кәсіби деңгейде істеуге, өз саласының кәсіби маманына айналуға тырысу маңызды. Осындай өз ісін сүйетін дәрігерлер, жұмысын жанымен жақсы көретін экономистер, жүрек қалауымен әр жазатын композиторлар  біздің еліміз талай жетістіктерге жетелейді.

Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу