Түркиядан келген оқушылар көш бастады

620

Ақтауда шахматтан мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты жалғасуда

Түркиядан келген оқушылар көш бастады

Екінші ойын күні оқушылар тағы екі тур ойнап, нәтижесінде ұпай айырмашылығының алшақтығы айқынырақ бола түсті. Төртінші турдың қорытындысы бойынша кесте айтарлықтай өзгеріп сала берді, кіші топта Үндістан командасы көш бастап тұр, ізінше Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары келе жатыр, ал Польша шахматшылары үздік үштікті тұйықтаған. Астана қаласының №72 мектебінің өкілдері төртінші орында. Тағы үш қазақстандық команда – дарынды балаларға арналған мектеп-лицей, Павлодар, Ө.Жолдасбеков атындағы № 9 IT-лицейі, Шымкент, Н.Марабаев атындағы № 7 мектеп-лицей, Ақтау, сәйкесінше 9-11-ші орындарға жайғасқан. 12 жасқа дейінгі санатта барлығы 27 команда қатысып жатыр. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

18 жасқа дейінгі санатта Түркиядан келген Стамбул ENKA мектебінің оқушылары бұрынғыша көш бастап тұр. Бұл команданың құрамында турнирдегі ең жоғары рейтингке ие қатысушы - Ишик Джан.

"Жауапкершілік жоғары, бірақ мен өзіме және командама сенімдімін. Бәрі жоспарға сай жүріп, осы турнирде жеңіске жетеміз деп үміттенемін. Мен көптеген әлемдік мектеп чемпионаттарында, бірақ жеке жарыстарда ғана ойнадым. Өзімді керемет сезінемін, осында болғаныма қуаныштымын, командамыз жақсы, оның үстіне егіз бауырым менімен бір командада, қарқынымыз жақсы. Команда болып ойнау, осы командалық рухты сезіну тіпті жеке жарыстардан да жақсырақ. Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын, бірақ бұл елдің тарихымен аздап таныспын. Шынымды айтсам, Ақтауда мұнша ыстық болады деп күтпеген едім, бірақ ештеңе етпейді, есесіне мұнда әдемі теңіз бар. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты", - деді түрік командасының жетекшісі.

Екінші орынды Үндістан командасы иеленді, кестенің екі көшбасшысының командалық ұпай саны бірдей. Түркия өкілдері ізін қуып келе жатқандардан қосымша көрсеткіштер бойынша алда келеді. Бір қызығы, бесінші турда осы екі команда бір-бірімен ойнайды, сондықтан, текетірес тартысты болатын сыңайлы. Үздік үштікті Перу құрамасы түйіндеп тұр.

Алматы қаласының Республикалық физика-математика мектебінің командасы төртінші орында. Алматы қаласының М.Ганди атындағы № 92 мамандандырылған лицейі 13-ші орында, ал Атыраудан келген "Білім-Инновация" облыстық лицей-интернаты 19-шы орында. Алматы қаласының физика-математика бағытындағы НЗМ балалары 28-ші орында, ал Ақтау қаласының ІТ мектеп-лицейінің өкілдері 39-шы орында тұр. 18 жасқа дейінгі санатта барлығы 43 команда өнер көрсетіп жатыр. Мектеп командалары арасындағы шахматтан әлем чемпионаты 7 тамызға дейін жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу