Түркияға қарсы бір дамыған мемлекет соғыс ашуы мүмкін

943

BBC сарапшылары осындай байламға келді.  

Түркияға қарсы бір дамыған мемлекет соғыс ашуы мүмкін Фото: arabic.rt.com

БҰҰ Бас ассамблеясы Палестина мемлекетін құру туралы Нью-Йорк декларациясын мақұлдады. Түркиялық Anadolu агенттігінің нақтылауынша, БҰҰ тәуелсіз Палестина республикасын сонау 1967 жылғы шекараларында құруды қолдады. Егер жаһандық ұйымның бұл шешімі жүзеге асса, Израиль өзі басып алған палестиналық территорияларды тегіс босатып беруге тиіс болады.

Алайда тиісті декларацияны қабылдағанымен, оны мәжбүрлеп орындататындай БҰҰ Бас ассамблеясының құзыры жоқ. Тіпті БҰҰ бітімгершілерін Палестинаға жіберу туралы шешімі де жоқ. Осыны пайдаланып, Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Палестина мемлекеті болмайтынын мәлімдеді. Оның орнына бұл ел Палестинаның Газа секторын толық жаулап алып, ондағы 2 миллиондай палестиналықты босқынға айналдырып, күштеп көшіру жоспарын әрі қарай жүзеге асыруда.

"Палестина мемлекеті құрылмайды. Бұл біздің жеріміз! Біз төл мұрамызды, біздің жерімізді және қауіпсіздігімізді құрып жатырмыз. Соғыс басталғаннан кейінгі екінші күні мен: "Таяу Шығыстың бет-бейнесін өзгертеміз!" дегенмін. Біз осыны қадам-қадаммен жасап жатырмыз", – деп уәде берді Израиль басшысы Нетаньяху.

Айта кету керек, БҰҰ-ның егемен Палестина мемлекетін қолдаған декларациясын ұйымға мүше 142 ел қолдады. 10-ы үзілді-кесілді қарсы шықты. Оның арасында Израиль, АҚШ, Аргентина және Венгрия бар. Тағы 12 ел дауыс беруден қалыс қалды.

Палестиналық мәселені бейбіт реттеу және 2 мемлекет қағидатын жүзеге асыру туралы Нью-Йорк декларациясына Франция мен Сауд Арабиясы бастамашы болды. Бірақ құжат Палестина мемлекетін ХАМАС-тың қатысуынсыз тануды қарастырады. Бұл радикалды қозғалыс негізінен Палестинаның Газа секторын өз бақылауында ұстайды, экономикалық-әлеуметтік тіршілігіне басшылық етеді, осы өңір үшін Израиль әскерімен соғысуда.

Осы орайда Израильдің Дохаға таяудағы авиасоққысы күтілген нәтиже әкелмегені енді белгілі болып отыр. Қатар астанасына әуеден шабуыл осы аптаның басты бір халықаралық оқиғасына айналған болатын.

Бірақ тель-авивтегілердің көңілі ізінше су сепкендей басылды. Бірқатар израильдік биік лауазымды шенеуніктер, әскерилер және барлау қызметінің өкілдері аттарын атамауды сұрай келе, жергілікті ақпарат құралдарына бір сырдың бетін ашты: Қатар елордасында үстемелеткен авиасоққының астына алынған ХАМАС-тың 5 көшбасшысының бәрі ақыр соңында аман қалғанға ұқсайды.

Сондай-ақ, ХАМАС та өзінің басшылық кеңесінің барлық 5 мүшесінің тірі екенін мәлімдеді. Бұл ретте ақпарат құралдары израильдік соққы кезінде қарулы топтың төменгі буындағы 5 мүшесінің қаза тапқанын, оның арасында Халил әл-Хайя, әл-Хайяның 3 оққағары және оның кеңсесінің басшысы барын жазды.

Бірақ кеше, 12 қыркүйекте ХАМАС өзінің жоғары лауазымды мүшесі Халил әл-Хайяның израильдік шабуыл кезінде мерт болмағанын хабарлады. Қозғалыстың бұл мәлімдемесін израильдік "12-ші арна" жариялады. Соның алдында Al Jazeera 11 қыркүйекте Дохада қаза тапқандарды жерлеу рәсімі өткізілгенін, жаназаға Қатар әмірі де қатысқанын мәлім еткен еді.

"Қатарда айрықша қауіпсіздік шаралары қабылданған соң Халил әл-Хайя өз ұлы Хамамға және Дохаға шабуыл кесірінен қаза тапқан басқа шейіттерге Құран бағыштап, дұға жасады", – деп хабарлады ХАМАС.

Израильдік "Кан" палестиналық дереккөздеріне сүйеніп, Халил әл-Хайяның тек жараланғанын жария етті. Телеарнаның дереккөзі Қатарға израильдік шабуыл кезінде ұйым басшысының ешбір өкілі жантәсілім етпегенін нақтылады.

Саудиялық "Аш-Шарк аль-Аусат" порталының мәліметінше, Израильдің Дохаға шабуылы салдарынан ХАМАС-тың саяси бюросының екі мүшесі жараланды. Оның біреуінің хәлі ауыр көрінеді. Дереккөздері палестиналық қарулы қозғалыстың жаралы жетекшілері жеке ауруханада емделіп жатқанын, оларға күзет бөлінгенін жеткізді.

"Соған қарамастан, Израиль жұртшылығының басым көпшілігі – биліктен бастап, қарапайым тұрғындарға дейін Қатарға соққы өзін-өзі ақтады деп санайды. Олардың пікірінше, нысананың жойылуы бұл операцияның басты мақсаты болған жоқ, ең маңыздысы – ХАМАС жетекшілеріне қай елде тығылса да, төбесінен бомба жауатынын көрсету болды. Оның үстіне кейбір эксперттердің байламынша, осы арқылы израильдік премьер Биньямин Нетаньяху Түркияға өте нақты белгі-сигнал жолдады. Өйткені Түркия – ХАМАС-тың жоғары лауазымды лидерлеріне пана болған Қатардан кейінгі екінші ел болып табылады", – деп жазды Би-Би-Си.

Британдық басылым соңғы уақытта Анкара мен Тель-Авивтің қарым-қатынасы түпкілікті бүлінгеніне назар аудартты. Түркия Израильмен сауда-саттығын доғарды. Сондықтан, израильдік сарапшылардың тұжырымдауынша, Қатарға соққының астарын Реджеп Тайып Ердоған түсінсе, онда Доха операциясы бір нысанасына дөп тиді деген сөз.

Дегенмен, Таяу Шығыс институтының сарапшылары Израильдің Түркияға тісі бата қоймайтынын ескертті. Global Firepower мәліметінше, Түрік Республикасы бүгінде НАТО-дағы АҚШ-тан кейінгі екінші орындағы айбынды армияға ие. Әскери қуаты, ұрыс қабілеті және Қарулы күштерінің жауынгерлерінің саны жөнінен Түркия 2025 жылы жаһандағы 9-орынға шықты, Израиль 15-орында тұр.

Екі елдің де озық әскери-өнеркәсіптік кешені бар және өз әскерінің барлық қажеттілігін шамамен 80%-ға төл өндірісімен қамтамасыз етеді. Бірақ әскери техникасы, авиациясы және артиллериясы жөнінен Түркия қарсыласын бес орап алады. Мобилизациялық ресурсы да салыстыруға келмейді: Израиль тұрғындарының саны 10,1 миллионнан астам, ал Түркия республикасы азаматтарының саны, Анадолу агенттігінің хабарлауынша, 2025 жылғы 1 шілдеде 85 824 854 адамға жетті.

Сонымен бірге, Израиль биыл Палестина, Йемен, Ливан, Сирия сияқты көршілерімен, тіпті алыстағы Иранмен қарулы қақтығысқа барды, бұған біраз адами, әскери ресурстарын шығындады.

Дохаға соққы арқылы Нетаньяху бүкіл әлемге енді келіссөздер процесіне сенбейтінін де паш етті деген пікір бар. Қалай болғанда, Израиль тұрғындарының үлкен бөлігі өз билігінің әртүрлі елдерге әуеден соққы бергенін қолдайды.

"Бұл – бүкіл Таяу Шығысқа үндеу!" – деп рухтана мәлімдеген Израиль парламентінің – Кнессеттің төрағасы Амир Охан көптеген құптау пікір жинады.

Олардың пікірінше, Израильді жоқ қылуды өмірлік мақсат еткен содырлар әлемнің ешбір елінде аман қалмайтынын біліп жүруге тиіс.

"ХАМАС лидерлері 30 жыл бойы Қатар астанасы Дохада басшылық жағдайы ұсынған артықшылықтарды пайдаланды, шайқас алаңдарынан алыста және қауіпсіз жағдайда, сән-салтанатты өмір сүрді. Сол жақтан олар соғыс машинасын басқарды. Қатарда отырып, 3 жыл бойы израильдік кепілдер картасын ойнатты, келіссөздерді созбалаңға салды. Өз отандастарының тағдырын тәлкекке салды. Израиль бұдан шаршады және ойын ережелерін өзгертіп жатыр", – деді сарапшы Сет Франтцман.

Алайда Израильдің саясатын израильдіктердің бір бөлігі қолдамайды. Олар осындай эскалация кесірінен ХАМАС қолында қалған 48 израильдік кепіл енді елге орала алмайды деп қауіптенеді. Оның шамамен 20-сы ғана тірі деген дерек жарияланды.

"Шабуыл тұтқындағылардың жағдайын нашарлатады. Кейбірі осыдан кейін оларды тірі қайтаруы неғайбыл деп есептейді. Бәлкім, осылай дейтін адамдар дұрыс айтатын болса керек. Дохадағы келіссөзге қатысушы ХАМАС басшыларын бомбалау кепілдегілердің тағдырын да талқандады деуге болады. Бұл бір сұмдық жағдай", – деді Израиль Сыртқы істер министрлігінің арнайы елшісі Флер Хассан-Нахум.

BBC хабарлауынша, кепілдегі туыс-туғандарын құтқарып қалып, үйіне оралту үшін 3 жылдан бері Нетаньяхудан Газа секторына басқыншылығын тоқтатуды және әскерін шығаруды сұрап келе жатқан отбасылар үшін келіссөзге орын ұсынған бейтарап елге шабуыл – олардың үміті мен өтінішіне мүлдем қайшы жайтқа айналды.

"Дәл осы қадамы арқылы Израильдің Премьер-министрі менің Матанымды өз қолымен өлтірді ме деп қорқамын. Хамастықтар оның өшін кепілдегілерден алады. Нетаньяху оларды осыған итермеледі. Ол өз әрекеттерімен менің ұлымның өміріне қатер төндірді, оны өлтірсе, оған Нетаньяху айыпты", – дейді кепілдегі Матан Зангаукердің анасы және белгілі белсенді Эйнав Зангаукер.

Алыс-жақын елдерге доқ көрсету сыртында Израиль іргесіндегі елдермен соғысуын жалғастыруда. Reuters мәлімдеуінше, кеше, апта соңында Израильдің соққылары салдарынан Йеменде қаза тапқан тұрғындардың саны 46-ға жетті. Израильдік армия ЦАХАЛ бұл елде хуситтерге қарсы шабуылдап жатқанына сендірді.

Йемен денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, израильдік соңғы шабуыл кесірінен жараланған тұрғындардың саны 165-тен асты.

Reuters Израильдің Йемен астанасы Сананы және солтүстіктегі әл-Джауф провинциясын үстемелете соққылап жатқанын жазды. Оған жауап ретінде Иранға иек артатын және Йемен халқының басым көпшілігі шоғырланған аудандарды бақылауында ұстайтын хуситтер Израильді өздері жасаған зымыранмен және дрондармен атқылауға талпынды. Бұл ел израильдік армияның Газа секторына шапқыншылығына осылай қарсылық білдіруде.

Бұдан бұрын, 30 тамызда Израиль Сана қаласына әуеден үстемелете бомба жаудыру арқылы жергілікті премьер-министрді және бірнеше министрді өлтірді. Ақпарат құралдары алғаш рет Израильдің Йемендегі жоғары лауазымды шенеуніктерді нысанаға алғанына назар аудартты.

Бұған қоса, Сирияның оңтүстігін басып алып, әскери операция жүргізіп жатқан Израиль көрші елдің аумағында Иранның құпия бөлімшесінің жалдамалы агенттерін ұстағанын жариялады.

ЦАХАЛ Сирия территориясында Ислам революциясының сақшылары корпусына қарасты "Құдыс" арнайы күштерінің құпия отрядымен байланысты бірнеше содырды жойғанын және Иранға жұмыс істеген бірқатар оперативті қызметкерді тұтқындағанын мәлімдеді.

10-ақ миллион халқы ғана бар кішкентай ел бір мезгілде бірнеше мемлекетке қарсы қарулы қақтығыстарын жалғастыруда және тоқтататын түр байқатпайды. Нетаньяху командасының саясатынан Батыс та шошынып отыр. АҚШ Президенті Трамптың әкімшілігі: "Келіссөздер бітімге таяғанда үнемі бір ши шығарады" деп, Израильдің лидеріне көңілтолмастық білдірді. Ал Нидерланды, Ирландия, Словения, Испания сияқты елдер егер келесі "Еуровижн" (Евровидение) ән байқауына Израиль жіберілсе, оған байкот жариялап, қатыспауға бел буды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу