Түркияның Әзербайжанды қолдауының астарында туыстықтан басқа не бар?

3894

Кейбір бақылаушылардың ойынша, Ердоған Түркияның әскери айбарын өзге әлемге паш ете отырып, ел ішінен қолдау тапқысы келеді. 

Түркияның Әзербайжанды қолдауының астарында туыстықтан басқа не бар?

Түркия Таулы Қарабақта қайта өршіген қарулы жанжалда және сан жылдарға созылған жер дауында мұнайға бай Әзербайжанды ашық қолдап отыр. Айта кетсек, Қарабақ – халықаралық заң жүзінде Әзербайжанға тиесілі болғанымен, Арменияға арқа сүйеген этникалық сепаратистердің бақылауында.

Аймақтық және ғаламдық талабы таудай Түркия – НАТО-ның мүшесі. Ол қажет болса, баяғы одақтасы Әзербайжанды "шайқас даласында ғана емес, келіссөз үстелінде де" қолдауға әзір. Дегенмен түрік үкіметі қыркүйектің соңғы жексенбісінде басталған жанжалда Әзербайжанға көмекке сириялық содырлар мен F-16 соғыс ұшақтарын жөнелтті деген айыпты жоққа шығарып келеді.

Анкараның Бакуды қолдауының астарында не жатыр, Түркия Оңтүстік Кавказдағы  жанжалға неліктен килікті?

Түркия Әзербайжанды неліктен қолдап отыр?

Түркия мен Әзербайжанды аса жақын этникалық, мәдени және тарихи байланыстар одақтас етіп келеді. Олар кейде өз қатынастарын "екі мемлекет, бір ұлт" деп те сипаттайды. Түркия 1991 жылы Кеңес одағы құлағаннан кейін бірінші болып Әзербайжанның тәуелсіздігін мойындады және екі елдің экономикалық байланыстары содан бері нығайған үстіне нығайып келеді. Сонымен қатар, Түркия Әзербайжанның мұнайы мен газын экспортқа шығаратын негізгі канал саналса, постсоветтік республика - Анкара үшін басты инвесторлардың бірі.

Екіншіден, Анкараның Ереванмен дипломатиялық байланысы жоқ. Ал түрік үкіметі 1993 жылы Таулы Қарабақ үшін соғыста Әзербайжанмен бірге екендігін білдіріп, Армениямен арадағы шекарасын жапқаны белгілі. Бұған қоса, Түркия-Армения қатынастары бір ғасыр бұрын Осман түріктері армяндарды қырғынға ұшыратты, депортациялады деген айыптар үшін де жақсармай келеді. Ғалымдар ол оқиғаларды 20-шы ғасырдың бірінші геноциді деп есептейді. Алайда Түркия мұны жоққа шығарып келеді.

2009 жылы Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Армениямен татуласу әрекеттерінен бас тартып, екі жақты дипломатиялық байланыстарды қалпына келтіру үшін Ереванға Таулы Қарабақтан кету туралы талап қойды.

Түркия бұл жанжалға қалай килікті?

Түркия қарулы күштері ондаған жылдар бойы Әзербайжан офицерлерін дайындықтан өткізіп келеді. Тамызда екі жақтың армиясы Әзербайжан жерінде кең ауқымды әскери жаттығу өткізді. Бұл аздай, Түркия Әзербайжанға қару сатудан Ресей мен Израильден кейінгі үшінші орында тұр. Германиядағы Маршалл қорының Анкарадағы директоры Өзгүр Үнліхисаржиклының дерегінше, Түркия Әзербайжанға дрондар мен зымыран атушы қондырғыларын сатқан. Және де оның сөзінше, Түркия соңғы қақтығыс басталғанда, Әзербайжанға көмекке әскери дрон операторларын да жіберсе керек.

Әзербайжан жәрдем сұраса, Түркия бас тартпайтынын талай рет ескертті. Алайда Түркияның Таулы Қарабақ жанжалына белсенді килікккеніне нақты дәлел жоқ әзірге. Анкараға сенсек, Әзербайжанның Түркиясыз соғысуға да қауқары жеткілікті.

Түркия Әзербайжанға сириялық содырларды жіберіп жатыр деген ақпаратты да растамады. Алайда, Ұлыбританияда отырып, осы араб республикасындағы соғысты бақылайтын адам құқығы жөніндегі обсерваторияның мәліметінше, Әзербайжанға жақында Сириядан 850-дей соғысушы барған.

Сонымен қатар, Түркия өзінің F-16 ұшағы Арменияның SU-25-ін  атып түсірді деген уәжін "пропаганда" деп атады.

Ресейдің позициясы қандай?

Ресей мен Армения шекаралас елдер емес. Бірақ олар – Қара теңіз бен Каспийдің ортасында жатқан Кавказ аймағында жақын одақтастар. Бір кездері Мәскеу Армения жеріне ірі әскери базасын шоғырландырды. 3000-жауынгерлік бұл гарнизон Таулы Қарабақтан батысқа қарай 200 шақырымдай жердегі Гюмри қаласында және Түркия шекарасынан 10 шақырым қашықтықта орналасқан.

Армения президенті Никол Пашинян ресейлік базаны Түркия басқыншылығына қарсы негізгі бастион деп есептейді.

Армения мен Ресей - Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі Ұйымының (ОДКБ) мүшелері. Кейбір посткеңестік республикалардан құралған әскери альянсқа Әзербайжан кірмейді. Ал Армения бұл одақтан көмек сұрауы мүмкін деген болжам бар. Дегенмен өткен аптада Пашинян мәлімдегендей, оның елі Ресей күштерін дереу әрекетке шақыруды дәл қазір қажет деп санамайды.

 Түркияның позициясы неліктен қатаң?

Бірқатар сарапшылардың ойынша, Түркияның Арменияға байланысты қатаң риторикасы - Түркияның ғаламдық және аймақтық лидерлікке ұмтылысының ғана емес,  Анкараның даулы мәселелерді "қарулы қайық дипломатиясымен" шешу әрекеттерінің бір бөлігі болуы мүмкін.

Айта кетсек, жақында Ердоған Анкараның Әзербайжанды қолдауы Түркияның "әлемдік тәртіптен лайықты орын алу" талпынысымен байланысты деп мәлімдеген еді.

Түркия өзінің әскери айбынын Сириядағы күрдтердің шекаралас аймақта орнығуына жол бермеу үшін бір көрсетті. Содан кейін Анкара Ливияның ресми үкіметімен бірлесіп, теңіз шекарасын делимитациялау  келісімін қорғауға уағдаласты. Бұнымен шектеліп қалмай, түрік үкіметі Жерорта теңізінің шығысындағы Грекиямен даулы территорияда энергетикалық ресурстарды барлауға ғылыми кемемен бірге соғыс кемелерін де аттандырды.

"Түркияның проблемаларды әскерилендіру тенденциясы байқалады. Жанжалға Ресейдің де килігіп кету мүмкіндігінен қауіптенген Әзербайжан Анкараның Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға араласуын шектеуге тырысуы да ықтимал" , - дейді Маршалл қорының өкілі Үнліхисаржиклы.

2020 жылдың бірінші жартысында Түркияның Әзербайжаннан газ импорты 23 пайызға артқан. Бұл фактор да Ердоғанның Таулы Қарабақтағы позициясының қатаңдауына себеп болса керек.  

Ердоғанның рейтингі

Ыстанбұлдағы EDAM аналитикалық орталығының төрағасы Синан Үлгеннің ойынша, Түркияның әскери жетістіктері мен өзге әлемге қорғаныс айбынын паш етуі биліктегі "Әділет және даму" партиясының беделін көтеруге де қажет. Ал, MetroPoll зерттеу тобы жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, тіпті ұлттық валюта құнсызданып, пандемияның экономикаға зияны күшейіп жатса да, өткен айда Анкара Еуропа одағымен Жерорта теңізіндегі территориялық құқық үшін тайталасқанда,  Ердоғанның рейтингі 5 пайызға өскен.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу