2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні

Түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр – Президент

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты.  

Түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр – Президент Фото: Ақорда

Президенттің пікірінше, тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуы тиіс. Бүгінгі күні түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың? Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар. Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық.

Мемлекет те оларды елеусіз қалдырмайды. Өйткені, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік үдерістердің өркениетті, табысты қатысушысы ретінде мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатуға осындай азаматтардың қосар үлесі зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы бірнеше жыл бұрын арнайы тапсырмамен "Ел бірлігі" ордені тағайындалғанын да сөз етті. 

– Бұл – ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткен жандарға берілетін бәсі биік, айрықша марапат. Конституциялық мәртебеге ие және халық атынан өкілдік ететін ұйым ретінде осы жоғары наградаға лайықты үміткерлерді Қазақстан Халық Кеңесі ұсынғаны дұрыс әрі әділетті деп есептеймін, – деп қоса кетті Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бағзы замандардан бері Ұлы даламыз өркениеттер тоғысынан қуат алып, барша ұлттың салт-дәстүріне, діні мен мәдениетіне құрметпен қарайтын ашық әрі ынтымағы жарасымды мекен ретінде тарихтың талай асуынан өткеніне айрықша назар аударды. 

– Дүниедегі жақсы атаулыны жатсынбай, сіңіре білген ата-бабамыз Ұлы Жібек жолын мәдениеттер бір-бірімен біте қайнасып, жаңа білім, озық құндылықтар мен сол заманның үздік технологияларын алмасатын кеңістікке айналдырды.

Шығыспен де, Батыспен де тығыз байланыс орнатудың арқасында халқымыздың ерекше менталитеті қалыптасты. Біздің қазіргі тарихымыз – осыған айқын дәлел.

Этномәдени бірлестіктер кәдімгі "достық керуені" іспеттес. Олар игі мақсатқа жету жолында сапарын үзбейді. Міндетіміз – ынтымақ-бірлікті нығайтып, шынайы достық пен толеранттылықты келесі ұрпаққа аманаттап қалдыру, – деді Мемлекет басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу