Тұрлыхановтар дауы журналистер арасына іріткі салды

2142

"Қызды ұруды қыз қолдайтын заман болды".

Тұрлыхановтар дауы журналистер арасына іріткі салды Фото: lada.kz

Тұрлыхановтың ұлдарына қатысты оқиғалар қоғамды, соның ішінде ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерді екіге жарды. Олардың бірі "өз ұлдарына лайықты тәрбие бере алмағаны" үшін Мәжіліс депутатын аяусыз сынаса, енді бірі керісінше, оның отбасын қолдап әлек.

Бұл жолы тележурналист, блогер Дина Елгезек көзге түсіп отыр. Ол депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты бейнежазбаны толық қарап шығыпты. Нәтижесінде, нәзік болмыс иелерімен ынтымақтасу орнына, бай баласымен жүз шайысқан қыздың өзін айыптауға бел буды. Себебі, оның пікірінше, "видеода қыздың өзі жігітке қайта-қайта ұрынып жүргені анық көрініп тұр". Шыдамы түгесілген жігіт өзіне соқтығысқан қызды итеріп жіберді.

"Бұл бейнежазбаны ең бірінші Козачков каналы “Тұрлыхановтың екінші ұлы да қызды ұрды” деп сүйіншілей желіге таратады, оны бүкіл БАҚ жариялады. Тұрлыхановтың ұлына қатысты бейнежазбада жігітке қыздың өзі соқтығысқаны анықталса да, Козачков арнасы бүгіннің өзінде Тұрлыхановқа қатысты 6 материал жариялап, “Балаларын тия алмай отырған Тұрлыхановтың депутат болуға қақысы бар ма?” дегендей сұрақтары бар арнайы әлеуметтік сауалнама жариялаған. Әлеуметтік сауалнама жүргізетіндей бұл күмәнді бейнежазба мемлекеттік масштабтағы ірі оқиға ма еді? Егер бұл тапсырыс болған жағдайда, Козачков арнасының артында кімдер тұр? Депутатты қаралау кімге, не үшін қажет? Арна тұлғаларды қасақана қаралау үшін лас технология пайдаланып отыр ма? Тапсырысты кім, не үшін беруі мүмкін? Оны кім анықтайды? Ресми органдар не дейді? Сот үкімімен шартты түрде 3,5 жылға сотталған журналистің телеграм каналын кімдер жүргізіп отыр? Өзі ме? Өзі болса сотталған адамның қайта журналистикамен айналысуына кім құқық берді?", – деп күйіп-пісті Дина Елгезек.

Ол "отандық сайттар күмәнді бейнежазбаға қатысты оқиғаны анықтап алмай жарыса жазғанына" қатты қынжылыс білдірді.  

Бұл мәлімдемеге журналист, блогер Михаил Козачков үн қатты. Ол Қазақстанда жұрт көзінше жігіттердің қыздарға қол көтеруі қалыпты жағдайға айналып бара жатқанына өкініш білдірді. Оның пікірінше, Тұрлыханов отбасы айналасындағы жанжалдар біздің қоғамның сүйегіне сіңіп бара жатқан созылмалы кеселді паш етті: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа "нөлдік төзімділік" жоқ.  

"Сорақысы сол, әрдайым зорлықшыларды ақтап алуға дайын тұратын адамдар табыла кетеді. "Хабар" мен "Қазақстан" арналарының бұрынғы журналисті Дина Елгезектің пікірін оқыдым. Ол Дәулет Тұрлыханов сияқты даңқты тұлғаны сотталған журналист Козачковтың қудалап жатқанына алаңдайды. Дина негізі, тақырыпты сауатты түрде басқа жаққа бұрып әкетіп отыр. Ол екі маңызды фактіні елеусіз қалдырды: біріншісі Дәулет Болатұлының кенже ұлына қатысты. Оны бүгінде Олег және Анна Черновыхтарды соққыға жыққаны үшін соттауда. Ол инцидент неден басталып еді? Тұрлыхановтың ұлы бойжеткенді ұрып жатқан, ал адвокат пен оның әйелі соны көре сала, қасынан өтіп кетпей, араша түскен. Енді жігіттің ісі сотта қаралуда, таяуда оның мәртебесі менімен теңеседі", – деді Михаил Козачков.

Оның ойынша, Дина көргісі келмей, көз жұма қарап отырған екінші факт: Тұрлыхановтың тағы бір баласына – тұңғыш ұлына қатысты толтырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы хаттамалар.

"Былтыр ол алдымен ер адамды соққыға жыққан, ал биыл әйелді ұрған. Екеуінде де ол бітімге келу рәсімі арқылы жауапкершіліктен жалтарып кетті. Оның орнына Дина Тұрлыхановтың үшінші ұлына қатысты оқиғаға екпін түсірді. Мен де видеоны мұқият қарап шықтым. Менің түсінгенім: жігіт қыздың құнды бірдеңесін, бәлкім телефонын тартып алған. Қыз соны кері алу үшін жан салды. Бірақ "хабарлық" әріптесім үшін маңыздысы басқа: ол Тұрлыхановтың ортаншы ұлының әбес қылығын ақтап алудың мүмкіндігін іздегендей. Біз, міне, осы заманға келдік: журналистер енді зорлық-зомбылықты ақтаумен айналысатын болды. Қоғамдық пікір көшбасшылары жәбір-жапа, озбырлықты ақтауға түрлі сылтау іздеуін жалғастырса, сойқандар әйелдерді және басқаларды ұрып, өлтіре беретін болады", – деді М.Козачков.

Жалпы, "халықтың көзі, құлағы һәм тілі" болуға тиіс ақпарат құралдары өкілдерінің теле-тентек үшін жаға жыртысқаны өкінішті. Оның үстіне озбырлардың ісін қорғау да еш қажеті жоқ, қауіпті іс. Онда қылмыс-қиянатқа елдің өті өліп кетеді. Мұның ар жағында қазақ елін әйелді тек еркектің мүлкі санайтын тәліптердің Ауғанстаны деңгейіне құлдыраудың құрдымы күтіп тұр. Мысалы, ауған елінде әйелдерге "махрамсыз", яғни ілесе жүретін еркек туысқанысыз көшеде еркін жүруге тыйым салынған...

Сонымен бірге, "Әділетті Қазақстанның" жаңа Парламентінің депутаттары өздері немесе балалары заң мен әдеп бұзса, соны жазған журналистерді айыптай жөнелетін, аузына қақпақ қоюға тырысатын жаман салт қалыптасуда. Бұл да елдің демократиялық жарқын болашағына балта шабатын кесірлі құбылыс.

Өз кезегінде депутат Дәулет Тұрлыханов Фейсбуктағы парақшасында өз балаларына "толықтай әкелік, қазақы тәрбие бергеніне" сенімді екенін жеткізді.

"​Өздеріңіз білетіндей, менің әулетім айналасындағы мұндай оқиғалар бірінші рет емес. Осындай оқиғалардың заңдылықпен қайталануы менің көңіліме еріксіз ой салады. Мен өз тарапымнан балаларыма толықтай әкелік, қазақы тәрбие бердім. Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те мұндай азаматшалар ұлым тұратын үйге келіп, неге ондай оқиғаға бастау болатыны түсініксіз. Және бұл жағдай аяқ астынан камераларға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға пайдалы қиындыларының ақпарат құралдарына тарауы, менің ғана емес, кез келген адамның көңіліне күмән келтіреді. Бұл менің отбасыма соңғы жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлаймын. Видеоны аңғарған адамға менің баламның бұл жанжалдан барынша қашқақтауға әрекет жасағаны анық көрінеді", – деді Мәжіліс депутаты.

Мұндай оқиғалар "Әділетті Қазақстанға" да абырой әпере қояр ма екен? Оны талқылаған қоғам да бірлігін жоғалтып, әр тарапқа бытырады. Егер мұндай істер сотқа жетпесе, әділ төрелігін кім беретіні белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу