Түрмедегі бір адамға жылына 700 мың теңге жұмсалады

Алия Ахмедиева Алия Ахмедиева
4355

 2016 жылы сотталған 189 шетелдіктің 16-сы ғана Алматы облысындағы колониядан жазасын өз елінде өтеуге жөнелтілген.

Түрмедегі бір адамға жылына 700 мың теңге жұмсалады

48 жастағы Колумбия азаматы Хененбер Пульгарин Бринис жеті жылдық мерзімін Алматы облысындағы Заречное кентінде өтеп жатыр. Үш жыл бұрын ол Қазақстан шекарасында героин мен кокаинның үлкен партиясымен ұсталған. Бірнеше рет өзін ауыстыру туралы өтініш жазғанымен отаны Колумбияда оның сөзін күні бүгінге дейін ешкім елемеген.

"Қазақстанда біздің консулдық жоқ, Ресейде ғана бар. Мен оларға бірнеше рет жаздым, бірақ жауап әлі жоқ. Колумбияда шешем, екі балам бар. Туғандарымды қатты сағындым, қалған мерзімімді туған жерімде өтегім келеді. Мұнда достарым көп, барлығы тіл үйренуге көмектесіп жатыр", – дейді Хененбер Пульгарин Бринис.

49 жасар өзбек Рустам Бабажонов та экстрадациялаудағы қиындықтарға шағымданып отыр. Қазақстанның тәртіп сақшылары оны жарты тонна героин және үш жүз келі кокаинмен ұстаған. Сот есірткі тасымалдаушыны 15 жылға бас бостандығынан айырған. Ол колонияда жеті жылын өтеді, қалған мерзімін отанында өтеуде армандайды. Оның айтуынша, колонияда онымен бірге 40 отандасы отыр екен. Олардың қай-қайсысы да туған-туыстарына жақын болғысы келеді, сондықтан Өзбекстанның жаңа президенті Шавкат Мирзиеевтің атына ұжымдық өтініш дайындап жатыр.

"Ол президент болғалы Қазақстанмен арадағы сауда-саттық та, өзара көмек те екі-үш есеге артты. Біздің де қамымызды жейді деп үміттенемін. Өз басым туғандарымды үш жылдан артық уақыт бойы көрген жоқпын. Отырғаныма жеті жыл толды, бар-жоғы екі-ақ рет кездесу болды. Әрине мейірімді жандар жоқ емес, көмектеседі. Менің әйелім, балаларым бар, бес немерем бар. Шешемнің жасы келді, көп ауырады", – деп жағдайын айтты Рустам Бабажонов.

Заречное кентіндегі колонияда Қырғызстанның азаматтары да аз емес. Олардың шағымынан түсінгеніміз, көршілес мемлекеттің құқық қорғау органдарына жолдаған өтініштерінің барлығы жауапсыз қалып жатыр.

"Өз басым ондаған өтініш жібердім. Маған қамауда 2026 жылға дейін отыруға тура келеді. Менімен бірге тағы 13 қырғызстандық жазасын өтеп жатыр. Егер біздің депортациямыз үшін мемлекетте ақша болмаса, біз өз есебімізден көшуге келісеміз", – дейді Қырғызстан азаматы Алексей Востриков.

Өркениетті елдер туралы арман

29 жасар ауғандық азамат Әмірхан Задранның басындағы жағдай өзгеше. Ол он жасында әке-шешесімен бірге Қазақстанға қоныс аударған. 23 жасында адам өлтіріп, 12 жылға абақтыға қамалған. Түрмеде Әмірхан Задран спортпен шұғылданады, бірнеше шет тілін үйренген және қазір тігін өнерін меңгеріп келеді.

Жігіттің айтуынша, әр үш ай сайын оған Ауғанстан консулдығының мамандары келіп, қалған мерзімін туған жердегі түрмеде өтеуіне көндіргісі келеді, алайда ол бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Ол жақта жақсы өмірге үміт жоқ дейді. Әмірханның тұрмеден шығуына алты жыл қалды.

"Ауғанстанға ешқашан бармаймын, осы жер ұнайды, Қазақстан менің екінші отаным. Мұнда достарым көп. Мен түрмеден босап шыққаннан кейін ата-анаммен бірге АҚШ-қа кетеміз. Ол жақта ағам мен қарындасым бар. Ауғанстанмен салыстырғанда бұл жерден Америкаға жету оңай", – дейді Әмірхан Задран.

Өмір сапасы жоғары өркениетті ел туралы адам өлтіріп, қамауға алынған 56 жасар азамат Евгений Хасанов та армандайды. Сотталушы өзіне кесілген 14 жылдың 12 жылын артқа қалдырған. Осы уақыт ішінде ол тәртіп сақшыларына қай елде туғанын, қай елдің азаматы екенін айтпаған. Қылмыс жасаған кезде оның құжаттары болмаған. Ол өзін әлем азаматы деп жариялап, құжат алудан бас тартты. Үш ай бұрын Евгений Хасанов құқық қорғау органдарына Швецияға ауыстыруын сұрап, өтініш білдірді. Ол жақта жүрегін емдеп, рақат өмір сүргісі келеді.

"Мен ҚР бас прокурорына солай жаздым, денсаулығыма байланысты Швеция корольдігіне экстрадациялауды сұраймын деп жаздым, бұл халықаралық заң аясында дедім. Швецияның бас прокурорына да жазған едім. Қазір прокурорлар менің өтінішімді бас прокуратура Швецияға жібергенін растады. Швециядан әзірге жауап жоқ. Емделіп болған соң өз таңдауымды жасаймын. Еуропаның бір жерінде қалуым ықтимал", – деп түсіндірді Евгений Хасанов.

Сотталғандарды тапсыруда қиындық көп 

Қазақстан сотталған тұлғаларды азаматтық елдерге тапсыру туралы конвенцияға алғаш рет 1999 жылы қосылды. Құжатқа сәйкес, депортация туралы өтініш беруге әр шетелдік азамат құқылы. Бастысы оған қатысты шығарылған үкім соңғы және заңды күшіне енген, ал қалған мерзімі алты айдан кем емес болуға тиіс.

"Егер шет мемлекеттің сотталған азаматы өз еліне ауысқысы келсе ҚР бас прокурорының атына өтініш жазады", – деді abctv. kz-ке Алматы облысы прокурорының орынбасары Марат Әбдірахманов. – Одан кейін конвенцияға сәйкес, колонияның арнай бөлімі құжаттарды жинап, облыстық прокуратураға жібереді. Біз оны халықаралық ынтымақтастық департаментіне жолдаймыз. Барлық іс аяқталғаннан соң құжаттарды сотталушының жазасын өтегісі келген елге жібереміз. Бұл істе нақты қарастыру мерзімі белгіленбеген".

Өткен жылы сотталған 189 шетелдіктің бар-жоғы 16-сы ғана жазасын туған жерінде өтеуге кеткен, биыл дәл осындай 4 адам белгілі болды.  Сотталғандарды тапсыру туралы халықаралық конвенцияның 18 бабына сәйкес, сотталушыны ауыстыру туралы шығындарды үкімді орындайтын мемлекет өзіне алады, сондай-ақ ол материалдық шағымдарға байланысты жәбірленушілердің пайдасына шешілген қарыздың өтеу жауапкершілігін өз мойнына алады.

Прокуратурадағылар да Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары осы елдердің құзыретті органдарымен байланысуда көп қиындықпен бетпе-бет келетінін айтты.

"Қырғыз әріптестеріміз сотталған азаматтарды тапсыру туралы конвенцияны неліктен елемейтінін түсінбейміз, не дегенмен олар осы құжатты бекітті емес пе?  Ал Өзбекстан әзірге конвенцияға қосылған жоқ", – деді Марат Әбдірахманов.

Түрмедегі бір адамды ұстауға бюджеттен жылына 700 мың теңге жұмсалады.

Әйгерім Сүлейменова, Әлия Ахмедиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу