Тұрмыстық зорлық-зомбылық: қылмыстардың көбі мас күйінде жасалады

Әйелі мен балаларын ұрып-соғатындардың басым бөлігі – жұмыссыздар.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық: қылмыстардың көбі мас күйінде жасалады

Бұрын жабық шымылдық артында қалатын бұл тақырып, пандемия кезінде ашық талқыға түсіп, қоғам назарына ілікті. Өз әйелін өртеп жібергендер мен баласын ұрып-соққан әкелер туралы күнде еститін болдық. Біріккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары шектеу шаралары кезінде бұл мәселе әлемнің дамыған елдерінде де алдыңғы қатарға шыққанын мәлімдеді. Алайда біздің қоғамда оның бұрыннан да болғаны, ауыз ашып айтқан адам отбасын сатқан "опасыз" атанғаны белгілі. Бұған статистика дәлел. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында отбасылық зорлық-зомбылықтың салдарынан 92 адамның өмірі қиылды. 288 адам ауыр жарақат алса, 258 адамның жарақаты орташа ауырлық дәрежесінде болған. Яғни жалпы саны 1 мыңнан аса қазақстандық өзінің жақынынан таяқ жеп, өмірлік серігінің қолынан қайтыс болған.

Мұндай қылмыстың көбін ішімдікке сылқия тойғандар жасайды

Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев айтады. Биыл отбасылық қылмыстардың саны артқанын жеткізген ол мұны пандемиямен байланыстырды. Бірақ біздің қоғамның ең үлкен "пандемиясы" – ішімдік екені анық.

"Биылғы жылдың 9 айында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 758 фактісі анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен (761) 0,4%-ға жоғары. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың ішінде аталған заң бұзушылықтың үлесі – 1%.  Тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарының жартысынан көбі мас күйінде жасалады", – деді Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы.

Жәбірленушілердің басым бөлігі  – әйелдер

Биылғы жылғы деректерге сүйенсек, мұндай әрекеттен жапа шеккендердің 54%-ы әйелдер, 6%-ы балалар, 40%-ы туған-туысынан әлімжеттік көрген ерлер екен. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 93 адам қайтыс болса, 296 адам ауыр жарақат алған, 258 адам орташа ауырлық дәрежесінде жарақаттанды. Жақынына қол жұмсағандардың 82%-ы жұмыссыздар.

"Жыл басынан бері отбасылық құқық бұзушылық үшін 19 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 62 мың ұйғарым шығарылды. 8 мың адамның тәртібіне қатысты арнайы талаптар қойылды. Оның 5,5 мыңы алкогольдік ішімдік пен есірткіге қатысты. Пандемия кезінде әкімдіктер қонақ үйлерде 200 орынға шақталған бейімдеу орталықтарын ашты", – деді Мұрат Баймұқашев.

Заң қорған бола ала ма?

Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы тәртіп сақшылары көп жағдайда оқиғаның салдарына тап болатынын мойындайды. Оның сөзінше, бұл бағытта заңды қатаңдату бойынша шаралар жүргізілп жатқан көрінеді.

"Қазіргі кезде арызды жәбірленуші жазады. Болашақта оны тәртіп сақшысы жазу керек. Себебі жәбірленушіге зорлық-зомбылық жасаған адам психологиялық қысым көрсетуі мүмкін. Полиция дене жарақатына, куәгерлердің дәлеліне қарап қылмыс белгілері болса, арыз жаза алатын деңгейге жетуі тиіс. Бұл – қазір талқыланып жатқан мәселе", – деді Мұрат Баймұқашев.

Бүгінде тәртіп сақшылары жәбірленушілерге 30 күнге қорғау нұсқаулығын береді. Бұрын ол тек 10 тәулікке жарамды болатын. Қорғау нұсқаулығы деп отырғанымыз – жапа шеккен адамға зорлық көрсеткен тұлға қоңырау шалып, кездесу іздеп,  мазаламауын қадағалайтын заңды құжат. Егер құқық бұзушы бұл талаптарды бұзса, заң органдары оны қамауға алуға құқылы. Бұдан бөлек, елімізде жанұясында қысым көргендерге арналған 38 дағдарыстық орталық бар. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 8,5 мың адамды осындай мекемелерге жіберген. Бірақ бұл барлығына бірдей қорған болмасы анық. Сондықтан Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы қылмыстың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін айтады.

"Елдімекендерде дағдарыстық орталықтар ашу, ішімдік ішу көрсеткішін төмендету бойынша кешенді шаралар қабылдау, отбасылық құндылықтарды күшейту бойынша жұмыстар жүргізу, жұмыспен қамту бойынша қосымша шаралар қарастыру отбасылық тұрмыстық заң бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді", – деді комитет төрағасы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу