Тұсауы ала жіппен кесілмегендер немесе жастар неге суыққол?

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3218

Былтыр Қазақстан бойынша 44 мың ұялы телефон ұрланған.

Тұсауы ала жіппен кесілмегендер немесе жастар неге суыққол?

Елімізде бөтеннің мүлкін үптеп кету үлкен мәселеге айналып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, Астананың өзінікіне көз алартудың 80 пайызын қалта ұрлығы құрайды. Қалғандары қоғамдық орындарда автокөлікке түсу, құрылыс нысандары мен пәтер тонау болып жалғасып кете береді.

"Былтыр еліміз бойынша 44 мың ұялы телефон ұрланған. Көп істің ізі ашылмай қалады. Сондықтан 2016 жылы ұялы байланыс операторларымен меморандумға қол қойып, 10 мыңнан аса телефонды бұғаттадық", – дейді ІІМ криминалды полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзин.

Алайда, ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов IMEI-кодқа қатысты қиындықтың бар екенін айтты.

"Қандай да бір ұялы телефон ұрланғанда, біз бір телефонды бұғаттаймыз деп басқа 300-400 адамның ұялы телефонын өшіріп аламыз. Себебі, бір маркалы сонша телефонның IMEI кодтары бірдей болып келеді. Дегенмен, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, ұялы телефонға сим-карта салғанда, қосымша төрт таңбалы код орнатуға болады. Бірақ, еліміздегі ұялы байланыс операторларының бәрі қаржылай тиімсіз деп тауып, бұл ұсынысымыздан бас тартты", – дейді министр.

Ескерте кетсек, елімізде ұрланған телефондардың IMEI-код базасы биылғы 1 шілдеден бастап іске қосылған. Оны білген ұрылар енді телефонды Қазақстанның ішінде емес, шетелдерге сататын болыпты. Мәселен, Атырау облыстық ІІД қызметкерлері таяуда қолға түсірген қылмыстық топ осы кезге дейін ұрлаған 105 телефонды Қырғызстанға сатып келген.

Ішкі істер органдары, сондай-ақ, тұрғындарға құнды заттар мен ақшаларын автокөлік салонында қалдырмауды жиі ескертіп жүр. Себебі әккі ұрылар ондай заттарды автокөлік есігін заманауи техникалық құралдар арқылы ашып немесе терезесінен түсіп, қолды қылатын болған.

"Астана қалалық ІІД криминалдық полиция қызметкерлері биылғы 11 қазанда автокөлік салондарынан бірқатар ұрлық жасаған 27-32 жас аралығындағы үш жергілікті тұрғыннан құралған қылмыстық топты ұстады. Олардың екеуі бұрын бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған. Қаскүнемдер "код грабберді" қолдана отырып, балалар мекемесінің (балабақша, мектеп), сауда-ойын-сауық орталықтарының және базарлардың жанына тұраққа қойылған автокөліктерді таңдай отырып, салонына енген. Олар қылмыс үстінде ұсталды. Қазір ҚР ҚК-нің "Ұрлық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ұсталғандар уақытша қамау изоляторында отыр. Енді олардың қала аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде", – дейді Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова.

Осы тұрғыдан алсақ, Алматы қалалық ІІД Қылмыстық полиция басқармасы шұғыл-іздестіру бөлімінің мәліметінше, соңғы кезде барахолка төңірегінде дабылдатқыш кодтарын тани білетін сканьерлерді пайдалану арқылы көлік тонау фактілері жиілеген. Сондықтан жергілікті полицейлер қылмыскерлерді қарапайым тұтынушы кейпінде жүріп ұстауға шыққан. Нәтижесінде, арнайы пульт арқылы бір көлікті ашып, ішіне кірген сәтінде Ақтөбе облысының тұрғыны қолға түседі. Бірақ, ол бұл өзінің бірінші ұрлығы екенін айтып, арнайы құрылғы пайдаланғанын бірден мойындай салмаған. Тек сөмкесін тексергенде ғана оның ішінен сканерлік құрылғы мен бірге бөтен адамдардың атындағы құжаттар шыққан. Тіпті, бұдан бұрын полицияға осыған ұқсас қылмысқа қарсы шағымданған кісінің құжаттары да бар болып шықты.

Мұндай әрекеттердің алдын алу үшін көшедегі бейнебақылау жүйесін дамыту маңызды рөл атқарады десек, бүгінде ірі мегаполис – Алматыда камералар арқылы 70 мыңға жуық құқық бұзу оқиғасы анықталған.

"Қала тұрғындарының қолдауы арқасында "Қауіпсіз аула" және "Қауіпсіз қала" жобаларын іске асыру барысында 5 мың аулаға 32 мың камера және әртүрлі меншік түріндегі 7 мың объектіге 36 мың камера орнатылды. Жалпы, қазір қалада барлығы 75 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Солардың көмегімен 34 мың әкімшілік құқықбұзушылық пен 33 мыңға жуық жол қауіпсіздігі ережесін бұзу оқиғасы анықталды. Тұрғындар пәтерлері мен үйлерін дабылдар жүйесіне қосуда белсенділік танытып, 79 мың тұрғын үй қорғауға алынды", – дейді Алматы қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Жасұлан Байкенов.

Осындай алдын алу жұмыстарының нәтижесінде, онда қалта ұрлығы – 30,4 пайызға, пәтер ұрлығы – 2,7 пайызға, автокөлік құралдарын ұрлау – 11 пайызға, ұялы телефондарды ұрлау 10,5 пайызға азайған.

Екі ірі қаладағы ұрлық-қарлыққа қатысты негізгі жайттар осы. Біреудікін қымқырып-жымқыруды әдетке айналдырғандар көшеде көп тайраңдай алмайды. Қоғамдық көліктердің ішіне де шағын бейнекамералардың орнатылғаны белгілі. Бірақ, бейнебақылаудан тыс қалған және тәртіп сақшылары жиі жүре қоймайтын жер үйлер мен қала сыртындағы саяжайлардағы ұрылардың ұсталғаны сирек. Сондықтан полиция қызметкерлері бұқараға ондай жерлерде бейтаныс адам ұялы телефонды тез арада біреуге қоңырау шалу үшін сұраса да абай болған жөн екенін ескертеді. Шығарған телефоныңды алып қашып кетуі немесе ұрып тартып алуы ықтимал. Себебі, телефон ұрлығы көбіне осындай сылтаулар арқылы жүзеге асып жатады. Тұрғыны көп Шымкент қаласында да ұрлық өршіп тұр.  Әсіресе, пойыз ішінде абайламаса болмайды.

"Биыл жыл басынан бері 31 қылмыс тіркелді. Оның 29-ы – жолаушының жеке мүлкін ұрлау. Соның ішіндегі 11 дерек телефон ұрлығына қатысты тіркелді. Көбінесе ондай жайттар жолаушылардың ұқыпсыздығынан орын алады. Барлық купеде тоқ көзін қуаттайтын құрылғы жоқ болған соң, телефондарын дәліздегі қуат көзіне қойып, өздері купесіне кетіп қалады. Сосын, пойыз әр бекетке аялдағанда сыртқа шығып, телефонын ұмытып кетеді. Үлкен бекеттерде жолаушының бірі түсіп, бірі мініп жатқан қарбаласта "танысымды шығарып саламын" деген желеумен суыққолдылар кіріп, 5-10 минуттың ішінде тоқ көзінде, купе немесе плацкартта ашық жатқан телефон, басқа да бағалы заттарды үптеп кетіп жатқан оқиғалар жиі кездеседі", – дейді Шымкент қалалық көлік прокурорының орынбасары Еркебұлан Лесбеков.

Сонымен, мәселенің бір ұшы – елдегі ұрлық-қарлық болса, екінші ұшы – тікелей соған апаратын жұмыссыздық.

Статистика комитетінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда жұмыс іздеушілердің жалпы саны 435,9 мың адам болса, жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған. Ұсталған ұрылардың кез келгенін қарасаңыз, ешқайсысы айлығы шайлығына жететін жұмыс істеп жүрген жоқ. "Жабайы саудада" ұялы телефон сатып, құмар ойынын ойнап, бір реттік қара жұмысқа жалданып жан бағуда. Жұмыспен қамту орталықтарына да тіркелмеген. Аш қасқырдан малыңның шығынынан басқа ештеңе күтуге болмайтыны сияқты, ондайлардың басына қылмыс жасаудан басқа ой келе қоймас, сірә. Әйтпесе, қарапайым еңбек күшін қажет ететін мекемелер мүлдем жоқ емес...

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу