Тұтынушылар құқығын қорғаудың ұлттық жүйесі құрылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4315

Ішкі тауар айналымының көлемі 72 трлн теңгеге жетеді.

Тұтынушылар құқығын қорғаудың  ұлттық жүйесі құрылады

Сауда – экономиканың маңызды салаларының бірі. Былтыр оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 17%-ды, нақты өсімдегі көрсеткіші 7,6%-ды құрады. Ал сыртқы сауда айналымы 96 млрд 100 млн теңгеге жетті. Оның ішінде экспортқа 57 млрд 7 млн, импортқа 38 млрд 4 млн теңге тиесілі болды.

Ішкі сауданың көрсеткіші 2018 жылмен салыстырғанда 11%-ға өсіп, 37,5 трлн теңгеден асты. Дегенмен сауданың дәл осы түрінің 3 негізгі мәселесі күні бүгінге дейін шешімін тапқан жоқ. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов: "Бізде заманауи сауда форматтары аз, сауда алаңдары тапшы және қойма саны шектеулі. Осы мәселелер тауар өндіруші мен тұтынушы арасындағы жеткізу тізбегіне кері әсерін тигізеді. Екі ортаға делдалдар қосылып, азық-түлік бағасы қымбаттайды. Салдарынан халықтың қалтасы қағылады", – деді.

Оның сөзінше, ішкі нарықты сапасы төмен шетелдік тауарлар жаулап алған. Себебі шетелдік бөлшек сауда желілерінің экспансиясы күшейіп кеткен.

"Өңірлік ритейл әлсіз. Дүкендердің бос сөрелерінде шетелдік тауар толып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін сауданы дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатыр", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің мәлімдеуінше, мемлекеттік бағдарлама өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруды, сауда саласында сапалы адами капитал қалыптастыруды, цифрлы сауда процесін қамтамасыз етуді, көп форматты сауда-тарату инфрақұрылымы мен қолайлы тұтыну ортасын құруды, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтердің импорты мен экспортын әртараптандыруды сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықта отандық тауар өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Алдын ала бағалау бойынша, мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға жеке инвестицияларды қоса алғанда шамамен 285 млрд теңге қажет. Жоспарланған міндеттерді орындау 2025 жылға қарай сауданың орташа жылдық жалпы қосылған құнын 106,2%-ға, ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін 41%-дан 75%-ға, электронды сауда үлесін 10%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қосылған құндағы көлеңкелі қызметтің үлесін 31%-ға төмендетіп, тауарлар мен қызметтердің шикізаттық емес экспортын 41 млрд долларға жеткізуге негіз болады.  

"Мемлекеттік бағдарлама аясында барлық стационарлық емес әмбебап базарлар жаңғыртылады. Жалпы ауданы 7 миллионға жуық шаршы метрді құрайтын
51 мың сауда объектісі ашылады. Өңірлерде 15 агро-логистикалық және 6 көтерме-тарату орталығы іске қосылады", – деді Бақыт Сұлтанов.

Оның сөзінше, ел азаматтарының сатып алу қабілетін жақсарту мақсатында тұтынушылар құқығын қорғаудың  ұлттық жүйесі құрылады. Болашақта ішкі тауар айналымының көлемі 72 трлн теңгеге жетеді.

"Алдын ала жасалған есеп бойынша 5 жылда экспорттық-сақтандыру мен мемлекеттік кепілдендіруге – 55 млрд, тауарлар экспорты мен электрондық сауданы ілгерілетуге – 38 млрд, сауда-логистикалық инфрақұрылымының құрылысына, базарларды жаңғыртуға, сауда желілерін дамыту мен цифрландыруға – 178 млрд теңге жұмсалады. Министрлік сауданы дамытудың 2021- 2025-ші жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, оны 1 шілдеге дейін аяқтауға бар күшін салады", – деді министр.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу