Туысқан елдің басты 3 мәселесі шешілуге жақын

699

Садыр Жапаров мұндай үндеу жасау қажеттігі туралы шешімге АҚШ-тан оралған соң келгенін айтты.

Туысқан елдің басты 3 мәселесі шешілуге жақын Фото: canva

1991 жылы Тәуелсіздік алғалы бері Алатаудың баурайындағы бауырлас елде президент 5 рет өзгерген екен. Соның үшеуінде биліктің ауысуы төңкеріс жолымен жүзеге асты.

Нақтылағанда, 2005 жылғысы – "Қызғалдақтар революциясы", 2010 жылғы наурыздағысы – "Сәуір революциясы" аталды. 2020 жылғы қазандағы оқиғалар нақты атау алмағанымен, бәрібір революция деген бағаға ие болды.

Барлық үш төңкеріске парламенттік сайлаудың қорытындысына халықтың көңілінің толмауы түрткі болды. Қазіргі кезде Қырғызстанда тағы да парламенттік дода өтіп жатыр. 2025 жылғы 30 қарашаға Жоғорку Кеңештің мерзімінен бұрынғы сайлауы тағайындалды.

Екі күн бұрын көп мандатты сайлау округтері бойынша депутаттыққа кандидаттарды тіркеу аяқталды. Қырғыз Республикасының бір палаталы Парламентіндегі 90 орынға осы ай соңында бірден 467 үміткер таласатын болады.

Президент Садыр Жапаров осы үндеуінде биліктің бұдан былай революциялардың болуына ешқандай себеп-сылтау бермейтінін мәлімдеді.

Оның пікірінше, республикада ниеті жаман топтар бас көтеруде. Олар түймедей проблеманы түйедей етіп көрсетіп, сайлау кезінде адамдарды тағы толқытып, тәртіпсіздікке арандатқысы келеді.

Бірақ төңкерістер болмайды, өйткені "бұрынғы әлжуаз мемлекет жоқ" және халық билік тізгінін қандай азаматтар ұстау керектігін және қандай тұлғаларды қолдау қажеттігін жақсы біледі.

"Төңкеріске жол берілмейді! Себебі, біріншіден, біз төңкеріске себеп-сылтау бермейміз. Екіншіден, бұрынғы әлсіз мемлекет жоқ. Мемлекет қазір күшті! Үшіншіден, барлық халық кімді қуып жіберу керектігін және кімді билікте ұстау керектігін жақсы біледі. Енді сіз тек төңкерісті түсіңізде көресіз! Бұрынғыдай төңкерістен кейін биік лауазым иеленіп, елді тонауды, бюджетті жымқыруды және заңсыз байып кетуді армандай да алмайсыз", – деді Садыр Жапаров.

Ол оппозиция көтеріп жүрген мәселелерді онсыз да білетінін, жете хабардар екенін және біліп қана қоймай, оларды шешу бағытында тындырымды іс қылып жатқанын жеткізді.

"Сол мәселелерді таудай етіп көрсетіп, адамдарды қоздырып, "сайлауда бірдеңе жасайық!" деп дәмелендіріп жүрген жаман ниетті топтар бар. Бұл топтар кімдер? Олардың арасында – ірі сыбайлас жемқорлық істеріне қатысы барлар, қозғалған қылмыстық істер бойынша қамауға алынғандар, ұрланған қаражатын немесе активтерін амалсыз мемлекеттік бюджетке аударғандар және биліктен кеткен соң көлеңкелі схемалары бұзылып, қалтасына түсіп келген қаржысы мемлекеттік қазынаға аударылғандар бар. Яғни, жеке пайдасы үшін ренжігендер, кек сақтағандар", – деді Садыр Жапаров.

Ол таяуда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камшыбек Тәшиев екеуі солардың бірімен кездескенін әңгімеледі.

"Сонда оның бетіне тура қарап: "Кезінде Алмазбек Атамбаев (2011-2017 жылдардағы ел Президенті) сізді бекерден бекер "шакал, құзғын" деп атамаған екен! Жетеді енді, елді шулата берме, немерелеріңді иіскеп, үйіңде тыныш отыр!" дедік. Әлі де жағдай жақсарған жоқ, райынан қайтқан жоқ. "KG Group", "Ихсан" сияқты алаяқтар құрылысын аяқтамаған үйлердің ескі проблемаларын блогерлер арқылы қайта-қайта көтеріп жатыр. Біз ол үйлерді ақырындап тұрғызып боламыз, заңдастырамыз, электр қуатына қосамыз. Қалғанының құрылысын тәмамдау үшін уақыт керек. Бәрі де бітеді. Сондықтан хаостан үміт етпеңдер. Төңкеріс болмайды!", – деді Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров.

Мемлекет басшысы өз үндеуінде елді мазалаған үш мәселеге – электр энергиясының тапшылығына, сыртқы және ішкі қарыздың өсуіне, сондай-ақ жүргізуші куәліктерін беру айналасын жайлаған сыбайлас жемқорлыққа жеке-жеке тоқталып, шешімін ұсынды.

Садыр Жапаровтың мәліметінше, биыл елді қуаңшылық қысып, су көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 миллиард текше метрге аз болған. Сол себепті, тұтынушыларды электр қуатын шектеусіз пайдалану тарифіне қосу уақытша бұғатталыпты. Ақпарат құралдары басқа елді мекендер түгіл, кейде ел астанасы Бішкек те қараңғылық құшағында отыратынын жазады.

Бұған қарсылық білдірген "Қырғызстанның Ұлттық электр желісі" (ҚҰЭЖ) АҚ-ы кеше Энергетика министрлігімен алдын ала келісімсіз, "күз-қыс маусымында тұтынудың бұрынғы көлемін өзгертпей, электр энергиясын шексіз пайдалану" бастамасын көтерді. Бұл мәселе қоғамда өткір резонанс туғызған.

Сондықтан Президент дереу министрге қоңырау шалып, бұл шектеуді тоқтатуды және азаматтардың электр энергиясына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Сондай-ақ, өзім білемдікке барғаны үшін ҚҰЭЖ-дің бас директорына және бас директордың коммерциялық істер жөніндегі орынбасарына сөгіс берілді. Компанияның электр энергиясын сату бөлімінің бастығы И.Орозбаев қызметінен қуылды.

Садыр Жапаров халық электр энергетикасы саласында қалыптасқан "шындықты білуі керектігін" нықтады. Оның мәліметінше, пандемия тарала бастаған 2020 жылға қарай бұл саланың қарызы 137 миллиард сомға (шамамен 950 миллиард теңге) жетті.

Қырғызстанның энергетикалық жүйесі апат қарсаңында тұрды. Сол кезде әсіресе, "Востоэлектро" және "Жалалабатэлектро" акционерлік қоғамдарының жағдайы өте қиын еді. Олардың сыртқы және ішкі қарыздары күн сайын өсіп, қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін коммерциялық банктерден қарыз алуға мәжбүр болды. Банкроттық жағдайда болатын.

"Энергетиктер қырғызстандық энергетика жүйесіндегі бұл жағдайды жақсы біледі. Барлық генератор ескі, 1960 жылдардан жаңартылмаған. Жаңадан салынған су электр станциясы атымен жоқ! Тек 2009 жылы ғана Қамбар-Ата-2 су электр станциясының алғашқы генераторы іске қосылды. Басқа ешқандай ірі СЭС салынбады. Тәуелсіздік алғалы бері туындаған электр энергиясының тапшылығы өршіді. Біз оны көрші Қазақстаннан импорттау арқылы жаптық. Оны кВт/сағаты үшін 5 сомнан сатып алған кездер болды. Мен мұны билікке келгенде, осы салада әртүрлі реформа жүргізгенде және бұл жүйедегі жемқорлық пен ұрлықты жойғанда білдім. 5 сомның қаншасы кімнің қалтасына түскенін бір Құдай ғана біледі", – деді Садыр Жапаров.

Бұл ретте мемлекет осы саланы қалпымен бюджеттен субсидиялауда. Қазақстаннан 5 сомға импортталған энергия халыққа 0,77 тиыннан сатылыпты.

Екі ортадағы 4,23 сом айырмасы энергетика жүйесіне ауыртпалық түсірді, дәлірек айтқанда, бюджетке жүктелген қарызға айналды. Қырғыз Президенті елдің сыртқы және ішкі борышының өсуінің бір себебін осымен түсіндірді.

"Осылайша, 2020 жылдан бастап, саладағы әртүрлі реформалар арқылы, соның ішінде әртүрлі күмәнді-көлеңкелі схемаларды, ұрлықты, коррупцияны жою және электр энергиясының шығындарын күрт азайту негізінде біз 137 миллиард сом қарызды еселеп азайттық, бүгінде одан 25 миллиарды қалды. Құдай қаласа, келесі жылы біз бұдан толығымен құтыламыз, ал 2027 жылдан бастап энергетикалық жүйеміз тарихымызда алғаш рет пайда таба бастайды. Бұл мемлекеттілік үшін, тәуелсіздігіміз үшін үлкен жетістік", – деп қорытты қырғыз Президенті Садыр Жапаров.

Айта кету керек, өткен сенбіде Жоғорку Кеңеш депутаттығына кандидаттарды сайлау бюллетеніне енгізу тәртібін анықтау үшін бүкілхалықтық жеребе тарту рәсімі өткізілді.

Оның қорытындылары туралы елдің Сайлау және референдум өткізу бойынша орталық комиссиясы (Кыргыз Республикасынын шайлоо жана референдум өткөрүү боюнча борбордук комиссиясы) хабарлады.

"Қырғыз Республикасының орталық сайлау комиссиясы республика бойынша 30 сайлау округінде тіркелген Жоғорку Кеңеш депутаттығына кандидаттарды сайлау бюллетеніне енгізу тәртібін анықтау және кандидаттарға мемлекеттік телерадио ұйымдарының арналарында тегін эфир уақытын және мемлекеттік мерзімді басылымдарда баспа орнын бөлу үшін жеребе өткізді. Сондай-ақ, кандидаттар 2025 жылдың 30 қарашасына тағайындалған Жоғорку Кеңеш депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысу туралы меморандумға қол қойды", – деп мәлім етті комиссия.

Депутат болудан үміткерлер үгіт науқанын адал, әділ, айқын өткізуге уәделесті.

Өз кезегінде ортсайлауком сотталғаны, кем дегенде соңғы 5 жыл бойы елде тұруы сияқты түрлі себеппен тек 6 үміткерді кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. Тура 3 аптадан соң бәйге жолына шыққан 467 үміткердің арасынан 4 297 040 сайлаушы өз қалаулысын таңдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу