Туысыңыз не танысыңыздан ақша алсаңыз, абайлаңыз

723

Құзырлы органдар сырттан келетін ақша аударымдарын қабылдайтын адамдардың үстінен бақылауды күрт күшейтуге кірісті.  

Туысыңыз не танысыңыздан ақша алсаңыз, абайлаңыз Фото: canva

Ұлттық банктің дерегінше, 2025 жылдың бір ғана тамыз айында (қыркүйек айының қорытындысы 30 қазанда шығарылады) халықаралық ақша аударым жүйелері арқылы Қазақстанға шетелден 20,8 миллиард теңге қаржы аударылған екен.

Жатжұрттан жеткен осынша қаржыны 48,4 мың адам алыпты. Әрине, мұның бәрі Ресей, АҚШ, Қытай және басқа алпауыт елдердің өзге елдерде өз мүдделерін ілгерілету мақсатында бөлетін грант қаражаттарын игеретін сарапшылар, журналистер, ғалымдар, саясаткерлер ғана емес. Оның арасында жұмыс немесе жарқын болашағын іздеп, жатжұрттарға кеткен адамынан көмек қаржы алатын елде қалған ата-анасы, апа-қарындасы, аға-інісі, өзге туыс-туғаны, тіпті дос-жараны да қаптап жүр.

"2025 жылдың шілде айымен салыстырғанда, тамызда шетелден елге түскен ақша аударымдарының саны 6%-ға азайды. Сондай-ақ көлемі 1,9%-ға кеміп кетті. Шетелден алынған ақша көлемі бойынша келесі елдер көш бастап тұр: Ресей – 4,9 млрд теңге (жалпы сомадағы үлесі – 23,5%), Америка Құрама Штаттары – 3,2 млрд теңге (үлесі – 15,2%), Өзбекстан – 2,7 млрд (12,9%), Түркия – 2,3 млрд (11,2%), сондай-ақ Германия – 1,6 миллиард теңге (7,7%)", – деп хабарлады Ұлттық банк.

2025 жылдың тамыз айында қазақстандықтардың шетелден алған ақша аударымдары:

Ресей: транзакция саны – 15,60 мың, сомасы – 4 млрд 900,63 млн теңге, жалпы сомадағы үлесі – 23,5%;

Америка: 6,91 мың, 3 млрд 163,30 млн теңге, 15,2%;

Өзбекстан: 2,74 мың, 2 млрд 689,06 млн, 12,9%;

Түркия: 5,06 мың, 2 млрд 327,46 млн, 11,2%;

Германия: 6,60 мың, 1 млрд 606,79 мың, 7,7%;

Оңтүстік Корея: 1,82 мың, 1 млрд 287,38 млн, 6,2%;

Қырғызстан: 1,04 мың, 916,69 млн, 4,4%;

Грузия: 860 транзакция, 551,38 млн, 2,6%;

Әзербайжан: 430, 410,84 млн, 2%;

Израиль: 75, 255,29 млн, 1,2%;

Басқа елдерден: 6,60 мың, 2 млрд 747,38 млн, 13,2%;

Жалпы жиынтығы – 48,40 мың транзакция, 20 млрд 856,20 млн теңге.

Жалпы, жыл бойы жүздеген мың қазақстандық шетелден түрлі мақсаттағы ақша аударымдарын алып тұрады.

Ұлттық банктің мәліметінше, 2024 жыл қорытындысында Қазақстан тұрғындары шетелден қабылдаған ақша аударымдарының көлемі – 236,8 миллиард теңгеге жетті. Өзге елдерден Қазақстанға жасалған бір аударымның орташа сомасы 300,6 мың теңге болды.

Былтыр осы аударымдарды Қазақстанға жіберуші негізгі елдер – Ресей (26,1%), АҚШ (13,7%), Оңтүстік Корея (10,3%), Өзбекстан (10,0%) және Түркия (8,6%) болды.

Қазіргі кезде құзырлы органдар шетелден ақша алатын қазақстандықтарға бақылауды күшейтіп жатыр. Осы орайда Қаржы министрлігі еліміздің қазіргі бас қаржыгері, министр Мәди Такиев қол қоятын жаңа бұйрықтың жобасын әзірледі.

Құжат атының өзі айғайлап тұрған "Шетел мемлекеттерінен, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлікті алатын және пайдаланатын жеке тұлғаға және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне байланысты кейбір мәселелер туралы, сондай-ақ мұндай тұлғалардың деректер базасын қалыптастыру Қағидаларын" бекітеді.

Ол Қазақстан тарихында ешқашан болмаған тосын тәжірибені енгізеді, республикада шетелден ақша алатын азаматтардың "қара тізімі" түзіледі.

Қаржы министрлігі бұл оғаш қадамға ел Парламенті қабылдаған және 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетін жаңа Салық кодексінің 56-бабының 9-тармағының 2) тармақшасындағы талапты орындау үшін барып отырғанын түсіндірді.

Ведомство шетелден ақша немесе басқалай мүлікті, соның ішінде биткоинды және басқа да құндылықтарды алатын адамдардың ортақ базасына әзірге барлық адам кірмейтінін жеткізді.

Мысалы, одан шетелде тұратын туысы не досынан ақша аударымын қабылдағандар босатылуы мүмкін. Тек бір шарт бар: ақша жіберген адам Қазақстан азаматы болуға тиіс. Ал, егер ол кісіңіз сол елдің азаматтығын алып үлгерсе, онда "қара тізімнен" табыласыз.

"Қазақстанның жаңа Салық кодексін іске асыру мақсатында шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша немесе өзге де мүлікті алатын және пайдаланатын заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің және жеке тұлғалардың сол туралы мәліметтерді ұсыну мерзімдері мен тәртібі анықталады. Яғни, олар шетелден алған мүлікті, активті, қаражатты кімнен және қай елден алғаны, кейін оны қайда шығындағаны туралы есеп тапсыруы керек", – деді министрлік мамандары.

Сондай-ақ, Такиевтің жаңа бұйрығы мұндай мәліметтер толтырылатын нысан-формаларды, мемлекеттік кірістер органдарына жіберілетін хабарламаның нысандарын, деректер базасын қалыптастырудың тәртібін айқындайды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, тарихымыздағы бұл "теңдессіз" жобаның мақсаты – шетелдік ұйымдардан, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардан ақша және өзге де мүлікті алып, пайдаланатын қазақстандықтардың және компаниялардың ол активті не мақсатта пайдаланғанын анықтау, сонымен бірге ондай "үлкен деректер" сақталатын арнайы деректер базасын қалыптастыру болады. Демек, әрбір адамға қатысты жеке-жеке досье түзілуі мүмкін.

Ведомство шет мемлекеттер мен жатжұрттық азаматтардан ақша мен басқа дүние-мүлікті алатын қазақстандықтардың және заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің бірыңғай дерекқорын қалыптастыру осы саланы ретке келтіруге және ол ақпараттардың мемлекет үшін ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді деп сендірді.

"Бұл шара мәліметтерді жүйелеуге ықпал етеді. Ондай тұлғалардың құқықтық мәртебесін айқындайды, қаржылық ағындарының ашықтығы деңгейін арттырады. Көлеңкелі экономика тәуекелдерін азайтуға және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға септеседі", – деген сенімде Қаржы министрлігі.

Қаржы министрінің бұл жаңа бұйрығы қазір қабылданғанымен, деректер базасы келесі жылы қолданысқа енгізіледі деп жоспарланған.

Айта кету керек, Қазақстанда 2022 жылдан бері шетелдік қаржы көздерінен ақша немесе басқа мүлікті алған тұлғалардың тізілімі жарияланып тұрады.

Бірақ ол "қара тізімге" негізінен журналистер, заңгерлер, құқық қорғаушылар, сарапшылар, саясаткерлер сияқты санаулы санаттар кіреді. Өйткені қолданыстағы ескі Салық кодексінің 29-бабына сәйкес, аталған тізілімге небәрі 3 санат:

заңгерлік көмек көрсетушілер – оның ішінде құқықтық ақпарат беруге, азаматтар мен ұйымдардың мүдделерін қорғауға және білдіруге, сондай-ақ оларға консультация беруге;

сауалнама жүргізушілер – коммерциялық мақсатта жүргізілетін сауалнама мен әлеуметтанушылық сауалнаманы қоспағанда, басқа қоғамдық пікірге сауал жүргізуді, әлеуметтанушылық сауал жүргізуді зерделеуге және жүргізуге,

зерттеу қорытындысын талдаушылар – сауалнама нәтижелерін талдауды, таратуды және орналастыруды жүзеге асыруға шетелден ақша немесе мүлік алған жеке және заңды тұлғалар ғана кіреді.

Оның өзінде шетелден алғаны тек салық органдары белгілеген сома-мөлшерден асса ғана тізілімге кіріп, мемкірістер комитетіне есеп беріп тұруға міндетті.

2025 жылдың І-ші жартыжылдығының қорытындысында аталған ескі тізімге жалпы саны 186 азамат, компания мен ұйым енгізілген.

Жаңа бұйрық жобасы бойынша шетелден ақша-мүлік алатын азаматтардың жалпыға ортақ, Бірыңғай базасын құру жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу