Тұз өндірісі тоқырап тұр

Тобылжандағы шаруаның шатқаяқтауына не себеп? 

Тұз өндірісі тоқырап тұр

Өткен ғасырдың алғашқы жылдары елдегі тұздың дені Павлодар облысында шығарылатын еді. Өндірістің бұл түрі өңірде теміржол мен тасжолдың салынуына да түрткі болды. Алайда бүгінгі күні істің бәрі кері кетіп, көлді игеру жұмыстары тұралап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысындағы Тобылжан көлдері – тұздың ірі "кеніші". Бір кездері мұнда 2 млн тоннаға дейін өнім дайындалатын еді. Ал соңғы төрт жыл бойы ауқымды істің барлығы тоқтап тұр. Соның салдарынан ауылдықтар жұмыссыз қалды. Басым бөлігі үдере көшті. Айталық, осыдан бірер жыл бұрын ғана Тобылжанда 3 мың адам тұрса, бүгінде бар-жоғы 500 тұрғын қалды. Аз уақыт аралығында адам саны алты есеге азайды.

"Біздің ауылда тұз алудан басқа жұмыс жоқ. Мал бағып, егін өсіретін жер тапшы. Сондықтан тұрғындардың барлығы дерлік осы өндірісте еңбек етті. Тіпті, жұмыстың бұл түрі әкеден балаға мирас болып қалатын ата кәсіпке айналды. Алайда қазір өндіру де, өңдеу де жоқ. Бұл бағыттағы шаруа қайта басталса, ауыл өмірі жандана түсер еді", – дейді кәсіпорынның бұрынғы басшысы Тофик Нуруллаев.

2018 жылдан бері өндірістің тұралауына басты себеп – көлдегі қордың сарқылуы. Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі сараптамалық комиссия 2022 жылға дейін жұмысты уақытша тоқтатты. Тұз алу жұмыстары келесі жылы қайта барлау жұмыстары жүргізілген соң ғана жалғасуы мүмкін. Алайда жергілікті тұрғындар "Мұның барлығы – бос желеу" дегенді алға тартып отыр.

"Біз көлдің деңгейін, оның қорын көріп жүргендіктен, қор азайды дегенмен келіспейміз. Онда тұздың барын жақсы білеміз. Сондықтан тәуелсіз сараптама жасалып, жұмыстың қайта жанданғаны жөн деп санаймыз. Себебі кезінде мұнда еңбек еткендердің көбі күнделікті нәпақа табудың қамымен тентіреп кетті. Енді бірі ащы суға салынды. Тұз өндірісі, оны өңдеу жобасы басталса ауылдықтарға тұрақты жұмыс орны ашылып, әлеуметтік проблемалар шешілетін еді", – дейді ауыл тұрғыны Сәкен Рахымжанов.

Бұған дейін Үлкен Тобылжан көлін игерген "Павлодар тұз" ЖШС басшысы Денис Семеновтің айтуынша, көл консервацияға қойылған кезде оның қоры азаюы мүмкін. Сондықтан келер жылы жұмыстың басталар-басталмасы әзірше белгісіз.

"Тобылжан көліндегі шикізат ас тұзын дайындауға жарамайды. Сондықтан одан тек техникалық тұздың 30-40 мың тоннасын алып отырдық. Басым бөлігі Ресейге экспортталды. Өнімнің бұл түрі әдетте жолдарға себуге, зауыттардағы сүзгілерді тазартуға, мал азығы ретінде пайдаланылады. Келесі жылы барлау жұмысының нәтижесі, сараптамалық комиссияның қорытындысы қалай болары белгісіз. Сондықтан өндіріс көлемін де жоспарлау мүмкін болмай отыр. Атап өтерлігі, тұз маусым мен қыркүйек айлары аралығында да өндіріледі", – дейді Денис Семенов.

Ал бұл уақытта "Қазтұз" ЖШС кіші Тобылжан көлінен ас тұзын алуға ниетті. Сәуір айының соңында жоба жұртшылыққа таныстырылып, қоғамдық тыңдаудан өтті. Жоспар бойынша, мұнда 2031 жылға дейін дайын өнім алынады. Сондай-ақ, 21 жаңа жұмыс орны ашылады. Инвесторлар осы жылдың маусым-шілде айларында көлді игеруге кіріседі.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу