Тянь-Шань баурайында қиындыққа тап болғандар кімдер?

Іле Алатауында қар құрсауында қалған Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеев бұрын да Победа шыңын бағындырған тәжірибелі альпинистер болып шықты.

Тянь-Шань баурайында қиындыққа тап болғандар  кімдер?

Бұған дейін хабарлағанымыздай үш альпинистен құралған топ Победа шыңында қиын жағдайға тап болған. Оның біреуі - Александр Чечулин өкпенің ісінуінен қайтыс болған. Ал екеуі шамамен 6600 метр биіктіктен төменге түсе алмай, суыққа төтеп беретін жабдықтар мен ас-сусыз қалған.

Мұрат Өтепбаев - альпинизм бойынша спорт шеберлігіне үміткер. 1970 жылы дүниеге келген. 2006 жылдан бері осы салады еңбек етіп келеді. Альпинизм бойынша 3-санатты нұсқаушы. 2012 жылы №596 "Қар барысы" дәрежесін алған.

Мұрат Өтепбаев 5 және одан жоғары санаттағы шыңдарды шамамен 15 рет бағындырған. Олардың ішінде жеті мыңдықтары:

•             Хан Тәңірі шыңы (7010 м) – 5 рет;

•             Ленин шыңы (7134 м) - 3 рет;

•             Победа шыңы (7439 м);

•             Коммунизм шыңы (7495 м);

•             Корженевский шыңы (7105 м).

Андрей Корнеев – 1-дәрежелі альпинист. 2006 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Альпинизм бойынша спорт шеберлігіне үміткер атану үшін 6А санатындағы бір шыңды бағындыру қалған еді.

Андрей Корнеев бағындырған негізгі шыңдар:

•             Хан Тәңірі (7010 м) – 6 рет;

•             Ленин шыңы (7134м) – 2 рет;

•             Батыс Победа шыңы (6918 м);

•             Коммунизм шыңы (7495 м);

•             Корженевский шыңы (7105 м);

•             Мұзтаг-Ата шыңы (7456 м).

Сонымен қатар, бірнеше рет Хан Тәңірі, Ленин, Коммунизм шыңдарында құтқару жұмыстарына қатысқан.

Бүгін екі отандасымызды құтқару операциясы басталғаны мәлім болды. Құтқару тобының құрамында елімізге белгілі альпинист, альпинизм бойынша еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР альпинистер құрамасының капитаны – Мақсұт Жұмаев бар.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу