ТЖ режимі: Нұр-Сұлтандағы қазіргі қоғамдық тәртіп қалай?

1878

Қала полициясы балконнан ән айтуға, балаларды үй жанында серуендетуге және спорт алаңдарында ойнауға болмайтынын еске салды.  

ТЖ режимі: Нұр-Сұлтандағы қазіргі қоғамдық тәртіп қалай?

Елорда полиция департаментінің басшысы Ержан Саденов Орталық коммуникациялар қызметінде ТЖ кезіндегі қоғамдық тәртіпке байланысты онлайн брифинг өткізіп, карантин кезінде не істеуге болмайтын айтып, ереже бұзушылыққа не жататынына тоқталды. Сондай-ақ ол қылмыс жасау фактілеріне қатысты деректермен бөлісті.

Полиция өкілінің мәліметіне сүйенер болсақ, карантин кезінде қылмыс саны 34%-ға, ауыр қылмыс 43%-ға, аса ауыр қылмыс 32%-ға төмендеген. Ұрлық, алаяқтық, бұзақылық және басқа да құқық бұзушылықтар саны азайған. Жол көлік оқиғасы саны 76%-ға кеміп, ал көлік қозғалысы ережесін бұзғандар 67%-ға азайған. 

"Өкінішке қарай, кейбір азаматтар айтылған ережелерге құлақ аспай, карантин режимін бұзуда. Түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін полиция бөліміне 2838 адам жеткізілді. Оның ішінде 1770 кісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қамауға алынғандар саны  – 166, айыппұл салынғандар – 1126, ескерту жасалғандар – 408. Ал сот қаралымына 70 материал жіберілді. 36 адам кісі мас күйінде көлік айдап, жүргізуші құқығынан айырылды", – деді Ержан Саденов. 

Өз сөзінде полиция департаментінің басшысы балалардың қауіпсіздігіне де тоқталды.

"Үлкендер үйде болған кезде, балалардың қауіпсіздігіне аса көңіл бөлулеріңізді сұраймын. ТЖ режимі кезінде екі бала терезеден құлап, өкінішке қарай, оның біреуі мерт болды",  – деді елорда полиция департаментінің басшысы.

Медициналық маскаға қатысты мәселеге тоқталған Ержан Саденов: "Медициналық маска тағу - тақпауға қатысты сұрақтар көп. Масканы тағу керек. Өйткені сіз вирустық инфекция тасымалдап немесе ауруды жұқтырып алуыңыз мүмкін. Егер де адам ауырғанын біле тұра масканы кимесе, онда ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сол себепті полиция масканы міндетті түрде тағуға кеңес береді. Бұл карантин режимінің нормасы", – деді.

Ата-аналар балаларын басқа елдімекендерден қайтара алады. Олар блок бекеттерден өткізіледі. Полиция өкілінің айтуынша, ата-аналар ол үшін тиісті құжаттарды көрсетуге тиіс. 

"Яғни ата-аналардың тіркелу туралы құжаты, баланың туу туралы куәлігі болу керек. Блок бекеттерде балалардың қызуы тексеріледі. Содан кейін олар 14 күн бойы үй карантинінде жатуға тиіс", – деді Ержан Саденов. 

Сондай-ақ қалалық полиция департаментінің басшысы балаларға арналған алаңдар мен спорт алаңдарында серуендеуге тыйым салынғанын, әкімдікпен бірлесе мұндай алаңдарды арнайы ленталармен байлап тасталғанына тоқталды. Яғни ол жерлерде ойнауға, спортпен шұғылдануға болмайды. Ережені бұзғандар жауапқа тартылады.

"Карантин кезінде үйдің ауласына 15-20 минутқа шығуға бола ма" деген сұраққа Ержан Саденов:

"Аса қажет болмаған жағдайда үйден шықпауларыңызды сұраймыз. Бұл өз денсаулығыңыз үшін маңызды. Менің жауабым осы", – деп қысқа қайырды.

Сонымен қатар ол футбол алаңдарында доппен ойнауға болмайтынын алға тартып, адамдардың тек медициналық мекемелерге, дәріханаларға, дүкендерге, жұмысқа және ресми таксилермен азық-түлік супермаркеттеріне баруға рұқсат етілгенін ескертті. 

Полиция өкілі халықты үйде болуға, заңға бағынуға және тек ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

"Кешкі және түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері көбейді. Карантин кезінде үйде отыру қиын екенін түсінеміз. Дегенмен сағат 23.00-ден кейін тыныштық сақтауыңызды сұраймын. Мұның терезеден және балконнан ән айтуға да қатысы бар. Тыныштықты бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертемін", – деді ол. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия астанадағы төтенше жағдай режимін 30 сәуірге дейін созу туралы шешім қабылдаған болатын. Ереже бойынша тұрғындардың қалаға кіріп-шығуына тыйым салынды. Ал тәртіпке бағынбағандар қазір жазаға тартылып жатыр. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу