"Уақыт таяп барады!": Трамп Иранға қоқан-лоққы жасады

АҚШ президенті Тегеранға қарай бет алған армаданың Венесуэлаға жіберілген топтан да қуатты әскери бірлестік екенін ескертті. 

"Уақыт таяп барады!": Трамп Иранға қоқан-лоққы жасады Фото: Anna Moneymaker/Shutterstock

Сол себепті, Иранды тез арада келіссөзге шақырып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Мен Иранға бұған дейін де "келісімге келіңдер!" деп айтқанмын. Олар мұны елемеді, соның салдарынан елде елеулі қиратулар болды. Келесі соққы одан да ауыр болады! Мұның қайталануына жол бермеңдер! – деді Трамп. 

АҚШ президенті Иранмен келіссөз жүргізудің мерзімі өткенін, ендігі соққысы 2025 жылғыдан әлдеқайда күшті болатынын мәлім етті. 

Дональд Трамптың сөзінше, аймаққа USS Abraham Lincoln әуе ұшақтарын тасымалдаушы кемесі бастаған ірі әскери-теңіз тобы кеткен. АҚШ көшбасшысы Иранның келіссөздер жүргізіп, ядролық қарудан бас тартуды көздейтін келісімге келетініне сенімді. 

Бұған дейін Иран тарапы "Вашингтонмен байланыс орнады" деген ақпаратты жоққа шығарған еді. Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи соңғы күндері АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен хабарласпағанын және келіссөздер жүргізу туралы ешқандай өтініш жолданбағанын мәлімдеді. 

– Қоқан-лоққы жағдайында келіссөз жүргізу мүмкін емес. Диалог тек қысым мен шектен тыс талаптар болмаса ғана жүзеге асады, – деді Иран СІМ басшысы.

Дональд Трамп өзінің Truth Social платформасында: "Иранға қарай алып армада бет алды. Ол үлкен күшпен, жоғары қарқынмен, жігермен және табандылықпен жылжып келеді. Бұл – Венесуэлаға жіберілген топтан да қуатты әскери бірлестік. Оны "Авраам Линкольн" атты алып әуе тасымалдаушысы бастап келеді. Венесуэла жағдайындағыдай, бұл күш те өз миссиясын қажет болған жағдайда батыл әрі күш қолдану арқылы жедел орындауға толық дайын" деп жазды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу