Уақытша тіркеу: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
3218

Уақытша тіркеу туралы заң іске қосылғалы, құжат кезегін күткен екі азамат көз жұмды.

Уақытша тіркеу: ұтамыз ба, ұтыламыз ба?

2017 жыл басталғалы ел аузынан түспей келе жатқан әңгіме – уақытша тіркеу. Қалай, қашан, қайда барып тіркелемін деген жұрт бірден халыққа қызмет көрсету орталығына қарай ағылды. Бұл дүрлігудің соңы жақсылыққа апарған жоқ, осы уақытша тіркеу кезегінде тұрған екі азамат тура сол орталықта көз жұмды. Уақытша тіркеу туралы заңды талқылаған және мақұлдаған депутаттардың бірі Аманжан Жамалов бұл азаматтар денсаулығын күтпеген, үйінде отырып та өліп кетер еді деген пікірін айтты. Бұл сөзі халық наразылығын тудырған соң, мәжіліс депутаты бірден ресми мәлімдеме жасап, қаза тапқан адамдардың туған-туысынан кешірім сұрады. Қазір "Нұр Отан" партиясының мүшесі, парламенттегі осы фракцияның депутатын Орталық сайлау комиссиясының этика жөніндегі комиссиясы тексеріп жатыр.

Бірақ біз қазір депутаттың этикасын емес, халықты алаңдатқан бірнеше мәселенің "төркінін" талдамақпыз. Сөз басында айта кететін жай, бұл заңды әзірлеген ішкі істер министрлігі: "заңға енгізілетін өзгеріс мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін дайындалды", – дейді. Ішкі істер министрлігінің өкілдері бірнеше мәрте атап өткендей, заңның негізгі мақсаты – экстремизм мен терроризмнің алдын алу.

"Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын ішкі істер министрлігі әзірлеген, оны парламент қабылдаған. 2016 жылдың маусымында Ақтөбеде болған лаңкестік актіге байланысты мемлекет басшысы елдегі көші-қон саясатын жақсартуды тапсырған болатын. Заң нормаларын қарапайым тілмен түсіндірсек, егер сіз Астана қаласының Сарыарқа ауданында тіркеуде тұрсаңыз, бірақ жалдап жүрген пәтеріңіз Алматы ауданына қарасты болса, сіз Сарыарқа ауданындағы тұрақты тіркеуіңізден басқа, Алматы ауданына уақытша тіркеуге тұрасыз. Немесе тіркелген үйіңіз бір қалада, ал өзіңіз басқа қалада оқысаңыз/жұмыс істесеңіз/іс-сапарда жүрсеңіз 1 ай өтпей, уақытша тіркеуге тұруға міндеттісіз. Бұл талапты орындамасаңыз 7 АЕК (16 мың теңгеге жуық) мөлшерінде айыппұл төлейсіз. Егер сіз Астанадағы бір пәтеріңізді жалға берсеңіз, бірақ пәтер жалдаған азамат сол мекен-жайда тіркелмеген болса, сіз 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейсіз. Сіз ғана емес, сіздің үйіңізді жалға алып тұрған адам да бұл ретте 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндетті. Бұл айыппұлдан туысқанының үйіне қонаққа келген адам ғана құтылады. Бірақ "пәтерді жалға алып, өзімді үй иесінің қонағымын деп құтыламын" десеңіз, қателесесіз. Сізді көршілеріңіз, сол үйдің пәтер иелері корпоративі, тіпті аула тазалаушы адам ұстап беруі мүмкін. Жаңа заңға сәйкес, учаскелік полицей көршілердің немесе жақын маңдағы кез келген адамның жауабына қарай, қонақ емес екеніңізді дәлелдей алады, яғни сізге айыппұл сала алады.

"Үкімет заманауи технологияланы пайдалана отырып, көші-қонды бақылау үшін бірыңғай жүйені құру жұмысын тездетуі керек. Сондай-ақ, саусақ ізі арқылы тіркеу туралы заң жобасын әзірлеуге кірісуі қажет. Бұл үшін қазір қолда бар тіркеу және санақ тетіктерінің орындалуын қамтамасыз ету керек. Жергілікті билік органдарының жетекшілері жер учаскелеріне рұқсатсыз тұрып алғандар үшін жеке басымен жауап береді. Елімізге кіріп жатқан мигранттарды міндетті тіркеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл айтқанымның барлығы нормативтік-құқықтық актілерде көрініс тапсын. Осы арқылы еліміздегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтай аламыз. Үкімет ішкі істер министрлігі жанынан Көші-қон мәселелерін қарайтын ұлттық бюроны тездетіп құрғаны абзал. Бұл ұлттық бюро көші-қон процестерін бақылап, реттеуі және бұл салаға үнемі анализ жүргізіп отыруға міндетті болмақ", – деген еді елбасы қауіпсіздік кеңесінің отырысында.

Адам құқықтары жөніндегі Қазақстанның халықаралық бюросына жетекшілік ететін қоғам қайраткері, заңгер Евгений Жовтистің айтуынша, заңға енгізілген өзгерістер терроризмге тосқауыл қоя алмайды.

"Бұл құжат – "экстремизм мен терроризмге қарсы күрес туралы заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң. Елбасы тіркеу туралы емес, экстремизм мен террроризмге қарсы күрес туралы айтқан болатын. Бұл заңның парламенттегі таныстырылымына шақырылған едім. Сол кезде менің пікірімді сұрағанда, заңмен танысқаннан кейін "бұл заңның мазмұны негізгі мақсатынан алыс" деп жауап бердім. Өйткені заңда жазылған нормалар экстремизм мен терроризмге ешқандай тосқауыл қоя алмайды деп ойлаймын. Тағы бір айтып өткім келетін мәселе бар. Жалпы бұл жаңа жүйе қандай адамдарға салмақ түсірді, кімді "шошытты"? Соған қарайық. Жалпы тұрақты тіркелу, уақытша тіркелу деген түсінік 15 жылдан бері заңда бар. Тек оның мерзімі өзгеріп, айыппұлы сәл көбейді. Халық заңның талабы күшейген кезде сасқан үйрек ұқсап, халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіре жөнелді", – дейді заңгер.

Оның айтуынша, дамушы елдерде "тіркеу" деген ұғым үкіметтің азаматтары алдындағы міндетін орындауы үшін ғана керек ұғым екен.

"Бұл жерде мен халықаралық құқық мәселесін қоса айтқым келеді. Осы заң халыққа түсіндірілген кезде оның бірнеше басты мақсаты айтылған болатын. Бірінші мақсат – экстремизм мен терроримзге қарсы күресті күшейту, екінші мақсаты – Қазақстандағы көші-қон процесін қадағалау деп айтылды. Бірақ менің ойымша қазір қолданылып жатқан заң осы мақсаттардан мүлде алыста жатыр. Халық бәрібір әрі-бері жүріп тұрады және ішкі істер министрлігі белгілі бір уақытта сол адамның қай жерде екенін анықтай алмайды. Яғни менің ойымша бұл жерде депутаттар мен ішкі істер министрлігі әрбір үйге учаскелік полицейді мысалы, менің үйіме кімнің келіп, кімнің кеткенін хабарлап отыратын күзетші қоюы керек. Олай болса, тұрғындарды есепке алатын журнал ашсын. Қалжыңсыз айтар болсам, заңның мақсаты мен қазір жүзеге асып жатқан процес бір-біріне қайшы. Заң жұмыс істемейді. Халықаралық құқық тұрғысынан қарасақ, тіркеу – мемлекеттік қызметке жүгінген кезде жеңілдік жасауға ғана ықпал ете алатын жүйе. Емханаға тіркеуге тұру, балабақшаға кезекке тұру, хат алысып, хат жіберу тұрғысынан ғана тіркеу қажет. Бұл қызметтің барлығы – үкіметтің халық алдындағы міндеті, яғни үкімет бақылауға емес, көмек көрсетуге міндетті. Міне, сонда бұл заңның қандай мазмұны қалды? Және де біздің елде басталған уақытша тіркеудің ешқандай да әлеуметтік мәні жоқ. Бұл уақытша тіркеу денсаулық сақтау саласында да, білім беруде де "пайдасы" жоқ тіркеу. Бұл тіркеу тек қана сіздің уақытша қайда жүргеніңізді "анықтап" бере алады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тіркеу деген ұғым бүкіл жерде бар. Бірақ ешбір дамыған немесе дамушы мемлекет тіркеуді тұрақты немесе уақытша деп бөлмейді. Қорыта айтсам, бұл заң тек үйі жоқ адамдар мен жұмыс іздеп жүрген адамдарға салмақ салады. Біз Қазақстан аумағында көшіп-қонатын, жұмыс ауыстыратын адамдарға "көшпе" деп тыйым сала алмаймыз", – дейді Евгений Жовтис осы уақытша тіркеу мәселесі талқыланған PaperLab пікірталас клубының отырысында.

Пікірталас клубын ұйымдастырушылар талқылауға ішкі істер министрлігінің өкілдерін де шақырған. Бірақ бұл мәселе көп жерде жан-жақты талқыланды деген пікірді алға тартқан министрлік өкілдері ашық диалогқа келген жоқ. Тек қаладағы шаралардың бірінде abctv.kz порталының тілшісіне жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев талапты орындамағандардың барлығы айыппұл төлейтенінін хабарлады. "Қазақстанда тіркеу институты 1993 жылы енгізілген. Ол еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекенжайы туралы хабарлауы тиіс. Тұрғылықты мекен-жайында тіркеуге тұрған азамат енді уақытша тұратын мекен-жайында да тіркелуге міндеттеледі. Уақытша тіркеуге тұру үшін бұрынғы тіркеуде тұрған жерінен шығудың қажеті жоқ, яғни тұрақты тіркеуі сақталады. Уақытша тіркеу азаматтардың өзі көрсеткен белгілі бір мерзімге рәсімделеді, бұл мерзім өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады. Яғни уақытша тіркеуден шығу үшін ХҚКО-ға арнайы барудың қажеті жоқ. Ең бірінші, үй иесі пәтерін жалға берсе, жалға алып отырған азаматтарды сол мекен-жайға тіркеуі керек. Бір айдан астам мерзімге уақытша келгендер де тіркеуге тұруы қажет. Бұған қоса, "Тұрғын үй қатынастары" заңына сәйкес, уақытша тұрғындардан, үй иесі уақытша тұруға рұқсат берген азаматтардан тіркеу үшін арнайы алым алынбайды. Яғни бұлар – туысқандар мен қонақтар. Бұл талапты орындамаған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады", – дейді ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев.

"Аbctv" тілшісімен дәл осы тақырып төңірегінде әңгіме өрбіткен Алматы қалалық адвокаттар алқасының қорғаушысы Джохар Өтебеков болса, тіркеуді ішкі істер министрлігі емес, салық немесе әділет органы жүргізуі керек дейді.

"Жалпы менің ойымша, ең алдымен, уақытша тіркеуі жоқ адамдарға айыппұл салудан бас тарту керек деп ойлаймын. Пәтерін жалға беретіндер мен пәтер жалдайтындарды жауапкершілікке тартамыз деген ойдан да бас тарту керек. Бұл жерде халықты жаппай уақытша тіркеумен қамту үшін айыппұл емес, әлеуметтік ынталандыру беру керек. Яғни уақытша тіркеуі бар адамдарға әлеуметтік қызмет түрлеріне келгенде қандай да бір жеңілдік болады десе, халық ынталана түсетін еді. Бұл – бір. Екіншіден, ең маңыздысы, тіркеу жүргізу процесін полициядан алу керек. Полицияның басқа да міндеттері бар, бірақ органдар дәл осы тіркеу жүргізу процесімен айналыспауы керек деген ойдамын. Дамыған елде халықты не жергілікті атқарушы билік, не болмаса, салық органы, тым болмағанда, әділет органы тіркейді. Ал біздегідей учаскелік полиция келіп, тіркеуді тексеру деген – теріс. Сондықтан да халық жазадан қорқып, халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіріп жатыр. Заң тұрғысынан келсек, учаскелік полиция күндіз-түні үйге келіп тексеруі заңсыз. Өйткені сіз заң бұзған жоқсыз. Ал тұрғындардың тіркеуі туралы олар коммуналды қызметтен, салық органдарынан сұрауы керек. Қазір ондай мүмкіндік бар. Егер де сіз сол сәтте ешқандай заң бұзбасаңыз, есікті ашпай қоюыңызға болады. Мұндай шараны қолға алмасақ, халық арасында болған қайғылы жағдайлар әлі де қайталана ма деп қорқамын, себебі Қазақстан азаматы өз елінде жүріп, шетелдіктердің күйін кешіп отыр. Әрине кез келген шетелдік азаматты сол ел өз бақылауына алады, ал өз азаматтарын қадағалау артық кеткендік", – деген ойын айтты адвокат.

Уақытша тіркеу туралы сұрақ парламент депутаттарына да тікелей қатысты мәселе. Агенттік тілшісімен әңгімелескен Сенат депутаты Дархан Қалетаев бұл ретте әлі де талқыланатын тақырып бар дейді. "Уақытша тіркеу" деп айды аспаннан шығармай-ақ қояйық, бұл уақыт талабы. Әрине, мүмкін әлі де талқылауды қажет ететін тұстары бар шығар. Дегенмен, заң қабылданар кезде үкімет заңды орындайтын тетіктердің барлығы дайын деген болатын. Бірақ заңның кейбір тұстарын орындау үшін үкімет дайын болмай шықты. Сондықтан атқарушы органдар сол тетіктерді іске қосуы керек. Қазір қоғамды дүрліктіріп емес, тыныштандырып жұмыс істеуі керек", – дейді Дархан Қалетаев.

PaperLab пікірталас клубының отырысына үкімет өкілдері арасынан тек ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қатысты. Министр кезек күтемін деп қаза тапқан адамдардың отбасына көңіл айтып, шұғыл түрде онлайн-тіркеуді іске қосатынын мәлім етті. Министр көптің алдында өзінің мекемесі тарапынан кеткен кемшілікті мойындады. "Əрине біз белгілі бір кемшілік болғанын ашық мойындауымыз керек. Онлайн тіркеуді уақытша тіркеу туралы заң іске қосылмай тұрып, сəл ертерек, алдын-ала дайындау керек еді. Бірақ біз азаматтар ХҚКО-ға қарай ағылады деп күткен жоқпыз. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 30 операторы түгелдей уақытша тіркеу жүргізбейтінін түсінесіздер деп ойлаймын. Уақытша тіркеуді тек көші-қон полициясының қызметкерлері жүргізеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының басқа қызметкерлері базаны көре алмайды. Бірақ, бұл мəселені де шешіп жатырмыз. Қазірдің өзінде ажиотаж басылды", – дейді Дəурен Абаев. Ақпарат министрлігі онлайн-тіркеу жобасын 17 қаңтар күні іске қосты. Ілкі жоба ретінде іске қосылған электронды тіркеудің артық-кем тұсы алдағы күндері жария етілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу