ҰБТ-да ақаулы компьютер беріп, баланы сынақтан құлатқан

3183

Балалар жылында білім шенеуніктері балаларға неге қиянат жасады?  

ҰБТ-да ақаулы компьютер беріп, баланы сынақтан құлатқан

Ұлттық біреңғай тестілеуде балаларға түсетін психологиялық ауыртпалық пен қысымға анау-мынау ересек те шыдас бере алмас еді. Оның үстіне қыспақ жыл өткен сайын күшейіп барады. Білім және ғылым министрлігі осыдан 3 жыл бұрын ҰБТ өткізу ережелеріне сұрапұл өзгерістер енгізді. Сол кезден бастап, билік жасөскіндерді ҰБТ-ға тек тыйым салынған заттарды алып өткені үшін ғана емес, тіпті алып өтуге талап жасағаны үшін тестілеуден аластай бастады. Бұл ауыр жаза қиянатқа ұласқаны байқалады. Inbusiness.kz ҰБТ пунктіне кірерде түлектің қалтасынан қарапайым сымды құлаққапты тауып алып, сол үшін кіргізбей қойғанын жазған.

Жалпы, билік ҰБТ-дағыдай балалармен емес, жемқорлармен күрессе жақсы болар еді. Әйтпесе, ірі коррупционерлердің өзі жазадан оңай құтылып кетіп жүрген Қазақстанда билік ересек өмірге қадамын жаңа жасаған балалардың бәріне күдік келтіріп, "айыптылық презумпциясын" қолданатынға ұқсайды.   

Ұлттық тестілеу орталығының дерегінше, ҰБТ тапсыру орталықтарында талапкерді тестілеуге кіргізу кезінде үш сатылы жүйе енгізілді.  Кіреберісте балалардың бәрін арнайы қызметкерлер алдымен метал іздеуішпен, содан соң қолмен тінтеді. Содан кейін тестіленуші Face-ID арқылы бет-жүзді биометриялық тану жүйесінен өтуі шарт. Ал ҰБТ барысында әрбір қатысушының алдында камералар тұрады. Биыл шаралар тіпті күшейтілді: тестілеу "1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші" қағидаты бойынша өтеді. Егер бұрынғы жылдары әр компьютерді жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші – фронталды-қапталды камера орнатылған.

Мұндай қатаң шаралар тіпті жүргізушінің куәлігін алу, мемқызметшілерді тестілеу, шенеунікті жұмысқа қабылдау сияқты жемқорлық жайлаған жүйелерде де жоқ. 

Әрине, бір жағынан, бұл шаралар бұзушылықтардың алдын алуға және Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Екінші жағынан, бұл салада асыра сілтеудің көптігі байқалады, салдарынан олар жас қазақстандықтың тағдырына теріс әсер етуі, оның болашағын бүлдіруі ықтимал. Қиянат көрген бала мемлекетке өшігуі, әділдікке деген сенімінен айырылуы мүмкін.

Тараз қаласының тұрғыны Еркін өз баласына әділетсіздік жасалғанын айтып, шағымданады. Оның ұлы Еділ "125 Education" жалпы орта білім беру мектебін биыл бітірген. Содан 31 мамырда ҰБТ тапсырыпты.

"Ұлым тест тапсырып жатқанда компьютерде техникалық ақау болған. Мұны тест бақылаушылары көріп, білген. Компьютер тестілеушіні жүйеден шығарып жібергендіктен, бақылаушылар оны басқа компьютерге ауыстырған. Бұл ретте ұлымның компьютері техникалық ақауларға байланысты істен шыққандықтан, бақылаушылар ол жайында Нұр-Сұлтан қаласындағы орталыққа мәлімдейміз деп ескертеді. Алайда 16 маусымда ұлым өз профиліне кіріп көргенде, түсі бұзылып сала берді. Өйткені ұлыма "хакерлік" жолмен бұзды деген айып тағып, тапсырған тест нәтижесін жойып тастапты. Екінші тестке кіру мүмкіндігінен айырған. Бізге ешқандай дәлелдер, нақты айғақтар көрсетілмеді", – дейді Еркін.

Ол тест барысында ақау болғанын бірнеше бақылаушының өз көзімен көргенін алға тартады. Компьютер құл темір ғой, бұзылып тұрады.

Тараз тұрғыны әділдік іздеп, біраз жерге хабарласқан. Оған дәлелдерді тек 1 300 шақырым қиядағы елордаға барып, сонда қарай алатынын мәлімдепті.

"Алайда біздің Нұр-Сұлтан қаласына баратындай материалдық жағдайымыз да жоқ. Осындай әділетсіздікке ұшыраған әрбір отбасыны барлық өңірден астанаға жүгіртіп қоя ма сонда? Мен көп балалы және жалғыз басты әкемін. 4 балам бар. Үйімде ақылы негізінде оқитын 2 студент қызым бар. Тараз қаласында жалдамалы пәтерде тұрамын. Ұлым білімді, оқуда озат. Осы күнге дейінгі 2 ақылы ҰБТ-ны тапсырып, өз күшімен өте жоғары балл жинаған, бірақ грантқа түскісі келеді. Техникалық ақаулардың кесірінен ұлымның зардап шеккенін қаламаймын", – дейді Еділдің әкесі.

Ол баласын "хакерлік" шабуылға айыптауын негізсіз санайды. Оның білім деңгейі ешқандай алаяқтықсыз-ақ жоғары балл жинауға жететініне сенімді. Ол мемлекеттің өз қателігі, ақауы салдарынан ұлының арман-мақсатына, тағдырына, болашағына нұқсан келгелі тұрғанына қамығады.  

Қынжылтатыны сол, Оқу-ағарту министрлігі де, оның Ұлттық тестілеу орталығы да қасарысып, икемділік танытатын емес. Мұндай шағыммен жүгінгендерге мемгрантқа қайта тапсыру мүмкіндігі тек келесі жылы берілетінін айтып, қысқа жауап қайырады.

ҰБТ-ның түбегейлі қорытындысы тамызға қарай шығарылмақ. Алдын ала, аралық қорытындысы бойынша негізгі ҰБТ басталғалы бері талапкерлер 170 мың рет тест тапсырды. Оның ішінде түлектердің 75%-ы – қазақ тілінде, 24,8%-ы – орыс тілінде, 0,1%-ы – ағылшын тілінде тестілеуден өтіпті. Олардың тек 67%-ға жуығы шекті, табалдырықты балды жинай алған. Орташа бал 66 балл ғана, яғни төмен.

"Барлығы штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы, негізгі ҰБТ-ға қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде 160 мың өтініш бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш екінші мүмкіндікке берілген. Қазір 170 мың рет тест тапсырылды, яғни талапкерлер екінші мүмкіндігін пайдалана бастады. Өткен аптамен салыстырғанда орташа балл 1 баллға жоғарылады. ҰБТ 5 шілдеде аяқталады", – деп мәлім етті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Оның айтуынша, ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған талапкерлерге де аяушылық болмайды: Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушылардың бәрін анықтап, олардың нәтижелерін жояды.

Р.Емелбаевтың дерегінше, бүгінде 215 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 199 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

Арасында алаяқтыққа барғандары да жетерлік. Дегенмен, әдлетсіздік болса, оны жедел жойып, істі түзеп, жас ұрпақтың қиянаттан күйіп кетуіне жол бермеген жөн.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу