ҰБТ-ға сырға тағып кіруге тыйым салынуы мүмкін

6162

Министр калькуляторды компьютерге айналдырғандар бар дейді.  

ҰБТ-ға сырға тағып кіруге тыйым салынуы мүмкін

Бірқатар қоғам белсенділері биыл коронавирустың таралуына бола ҰБТ өткізуден бас тартуды, ал түлектерге аттестаттағы баға-балы негізінде университетке түсуіне мүмкіндік беруді ұсынды. БҒМ бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы шықты, қабылдамай тастады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың түсіндіруінше, түлектерге бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік грант таратылады. Тиісінше, болашақ студенттің өзі таңдаған мамандық бойынша білімін жеке, мектептен тәуелсіз бағалау маңызды екен. Оның үстіне әр мектептегі, тіпті бір мектептің әр сыныбындағы бағалау әртүрлі дейді министр: мысалы, мінезі жұмсақ ұстаз қоятын 5 балы талабы жоғары басқа ұстаз қоятын 4-ке ғана теңелуі мүмкін.

Осылайша, меморган ҰБТ өткізуге тынбай ұмтылып келеді. Салдарынан талапкерлердің оны тапсыруға қатысты уайымы қалыңдап барады.

Мысалы, талапкер Нұриддин Шүйішбаев министрге хатында ҰБТ-ға есептегіш құралмен кіруге рұқсат беруді сұрады.

"Жалпы, ҰБТ-да тыйым салынған заттар қатарында калькулятор неге қосылған? Ол смартфон секілді байланыс құралы емес қой. Оның үстіне калькулятор баланың білім деңгейін көрсетпейді. Оған тек қолғабысын тигізеді. Әсіресе, бейіндік пәндері физика-математика болатын мамандықты таңдаған түлектерге ауадай қажет. Физика және математиканың әрқайсысы бойынша 30–35 есептен беріледі. Бұған математикалық сауаттылық есептерін қоссаңыз, оның барлығын шығарып, дұрыс жауабын табуға, сондай-ақ формулаларын түрлендіруге және есептеуге уақыт жеткіліксіз болады", – дейді Нұриддин.

Ол кәмелет жасқа енді ғана жеткен бала жүйкесі шыдас бермей, есептеу кезінде арифметикалық қате жіберуі мүмкін екенін ескеру керек дейді. Әрбір жауапты қатеге қайта тексеріп отыру да уақыт алады.

"Бұған биылғы қаңтарда ҰБТ-ға қатысқан кезде көз жеткіздім. Физика және математикадан 3–4 есепті шығара алмадым. Қолда есептеуіш болғанда бұл іс біраз жеңілдер еді. Оның үстіне ЖОО-да да, жұмысқа орналасқаннан кейін де калькулятор құрылғысын кез-келген адам қолданады. Қазіргі ұшқыр заманда ешқандай адам қағаз бен қаламды ұстап, қолдан есептеп отырмайды. Онда неге калькулятор тыйым салынған заттар тізімінің ішінде?" – дейді ол.  

БҒМ басшысы А.Аймағамбетов ҰБТ өткізудің тәртібі мен ережесі елде өзіне дейін енгізілгенін, Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларымен реттелетінін айтады.

"Қағиданың 49-тармағына сәйкес ҰБТ-ны өткізу барысында адамдарды калькулятормен бірге аудиторияға кіргізуге және оны пайдалануға рұқсат етілмейді. Бұл талапқа қазіргі заманауи технологиялық даму заманында кез келген заттың ақпарат тасымалдаушы көзге айнала алатыны себеп болды. Бұл өзгеріс бұған дейін өткізілген ҰБТ-да анықталған тәртіп бұзушылықтардан соң енгізілді", – деді министр.

Қарапайым есептегіш құралды кішкентай дисплейінен қажетті өзге де ақпараттарды көрсете алатын шағын компьютерге айналдырып алған инноваторлар табылыпты. Астарында құпия "қобдишасы" бар ерекше калькуляторды интернетте ұсынушылар болған көрінеді.

Министрлік басшысы болашақта талап ары қарай қатайтылуы мүмкін екенін жоққа шығармады, ол мысалы, ҰБТ-ның шетелдегі нұсқалары саналатын SAT, ACT және басқа да іріктеу емтихандарында өзімен бірге ешқандай зат, соның ішінде алқа және сырға тағып кіруге тыйым салынғанын ескертті.

Таяуда Тengrinews ұйымдастырған онлайн сұхбатта да министр тестілеу мерзімі өзгермейтінін нықтады.

"ҰБТ жыл сайын кесте бойынша маусымның соңы – шілденің басында өтеді. Яғни, оған дайындалып, лайықты өткізуіміз үшін уақыт жеткілікті. Біз маусым айында елдегі коронавирустық пандемияға қатысты ахуал салмақты түрде өзгереді және ҰБТ-ны дәстүрлі форматта, яғни барлық түлектерді жиып өткіземіз деген үміттеміз. Әзірше біздің шешіміміз мынадай: ұлттық бірыңғай тестілеуді биыл өткіземіз. Бұл – бір. Екіншіден, оның форматы өзгермейді. Үшіншіден, оны өткізу мерзімі де өзгеріссіз қалды", – деді Асхат Аймағамбетов.

Бірақ жағдай күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі баламалы бірнеше сценарий әзірлеуде. Осы мақсатта бір айдан бері министрлік аясында әдіскерлерден, ай-ти мамандарынан құралған арнайы топ жұмыс жасапты. Топ ҰБТ-ны өткізудің 2 түрлі баламалы нұсқасын (B және C жоспары) түзіп шықты. БҒМ "төтенше" сценарийлердің егжей-тегжейін жария етпеді. Олар елде COVID-19 ушығып, биліктің басқа қылар амалы қалмаса ғана іске қосылмақ.

Ведомство басшысы мектеп бітірушілерге арналған қорытынды аттестация биыл жойылғанын, бұл түлектерге ҰБТ-ға жақсырақ дайындалуға қосымша уақыт беретінін еске салды.

"Биылғы түлектер артықшылыққа ие болып отыр. Біріншіден, олар өз үйлерінде, қолайлы жағдайда ҰБТ-ға дайындалуға мүмкіндік алды. Екіншіден, тестілеуге 4-ші тоқсан тақырыптарына қатысты сұрақтардың 99 пайызы енгізілмейтін болды. Үшіншіден, талапкерлердің дайындалуға уақыты көбірек болады, өйткені оларды қорытынды аттестаттау емтиханынан босаттық", – деді Асхат Аймағамбетов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу