UEFA Чемпиондары лигасында Азия футболшысы гол соқты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2606

Чемпиондар лигасының ширек финалдағы ойындары басталып, ағылшын дербиінде матч тағдырын Корея футболшысы шешті.

UEFA Чемпиондары лигасында Азия футболшысы гол соқты Фото: uefa.com

Ширек финалға Англияның төрт бірдей клубы шығып, олардың екеуі бір-бірімен кездесетін болған. Атап айтқанда, Чемпиондар лигасының осы сатысында "Тоттенхэм" және "Манчестер Сити" клубтарының жолдары түйіскен еді. Қызық болғанда, Лондонда өткен бұл матчта алаң иелері жеңіске жетті.

Футбол жанкүйерлері мен мамандарының көбісі бұл ойында "Манчестер Сити" ұтылмайды деп болжаған. Дәл қазір Англия чемпионатында 80 ұпаймен екінші орында тұрған команда өзінен екі саты төмен орналасқан, қоржынында 64 ұпайы бар "Тоттенхэм" клубына есе жібере қоймаса керек еді. Алайда Хосеп Гвардиоланың шәкірттері жеңілістің кермек дәмін татты.

Негізі, "Манчестер Сити" клубының алаң иелерін ойынның басында-ақ "нокдаунға" түсіретін мүмкіндігі болған. Алайда Аргентина саңлағы Серхио Агуэро VAR жүйесінің көмегімен анықталған пенальтиден гол соға алмады. Оның шірене тепкен добын "Тоттенхэмнің" тасқамал қақпашысы Уго Льорис тойтарды.

Екінші таймның басында алаң иелерінің бесаспап шабуылшысы Харри Кейн жарақаттанып қалып, ойынды жалғасытра алмады. Әйтсе де, "Тоттенхэм" тарландары тізгін тартқан жоқ. Ал 78-минутта Сон Хын Мин допты сол аяғымен шиіре теуіп, "Манчестер Сити" клубының қорғаушыларын да, қақпашысын да қапы қалдырды. Гол!

Біздің уақытпен түн ортасында басталған екінші матчта "Ливерпуль" мен "Порту" клубтары кездескен болатын. Төрешінің ысқырығы безілдеген бетте-ақ алаң иелері алға қарай лап қойып, қонақтарын тықсыра түсті. 5-минутта Наби Кейта есеп ашып, "Энфилд" стадионына жиналған жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

Іле-шала Мохамед Салах қақпашымен бетпе-бет шығып, допты сәл ғана қиыс тепті. Көп ұзамай Роберто Фирмино тағы бір гол соғып, қонақтарын сеңдей соғыстырды. Бірінші таймның ортасында есеп 2:0 болып, "Ливерпуль" жанкүйерлері бөріктерін аспанға атты. Матч соңына дейін есепті ұлғайта түсіп, жартылай финал мәселесін қарымта матчқа қалдырмай шешіп алуға болатын сияқты еді...

Алайда, "Порту" берілмеді. Бұдан кейін өте тиянақты ойнап, өрескел қателік жібермеуге тырысты. Үзілістен өздері де қауіпті шабуылдар ұйымдастырып отырды. Бірақ Юрген Клопп жаттықтыратын ағылшын клубы жеңісті есепті уысынан шығарған жоқ. Әрине, бұл жұпта "Ливерпуль" клубының жартылай финалға шығатын мүмкіндігі мол. Десек те, бәрі де 18 сәуір күні "Драгау" стадионында шешіледі.     

Чемпиондар лигасы. Ширек финал. Бірінші ойындар

"Тоттенхэм" – "Манчестер Сити" – 1:0

"Ливерпуль" – "Порту" – 2:0

Бейсенебіге ауған түні өтетін ойындар:

"Манчестер Юнайтед" – "Барселона"

"Аякс" – "Ювентус"

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу