UFC-де өнер көрсететін қазақстандық спортшылар саны артуда

1305

Таяу күндері Арман Әшімов те UFC-мен келісім-шарт жасауы мүмкін

UFC-де өнер көрсететін қазақстандық спортшылар саны артуда

Аралас жекпе-жекте жеңіл салмақта өнер көрсететін Асу Алмабаев UFC ұйымымен келісім-шартқа отырды. Келісімнің егжей-тегжейлі ақпараттары әлі жарияланған жоқ. Асу кәсіпқойлар арасындағы 19 жекпе-жектің 17-сінде жеңіске жетіп, екеуінде ғана жеңілген. Сондай-ақ, оның Brave FC промоушенінде төрт жекпе-жек өткізгенін және төрт жекпе-жекте де жеңіске жеткенін айта кеткен жөн. Осы орайда Naiza лигасының президенті Нұрбек Қарабала Асу Алмабаевты UFC-мен келісім-шартқа қол қоюымен құттықтады.

"Барша Қазақстандықтарды UFC-ге кезекті батырымыздың келісімшартқа отыруымен құттықтағым келеді. Көп жұмыс атқарылды, DAR TEAM командасының негізін қалаушы Алидар Болатұлына үлкен рахмет айтқым келеді, аралас жекпе-жек спортының дамуына қосқан үлесі орасан зор", - деді Naiza лигасының президенті.

Соңғы жекпе-жекте Алмабаев филиппиндік Кеннет Манингатты мерзімінен бұрын жеңді. Жекпе-жек 2022 жылдың қарашасында Индонезияның Бали қаласында Brave CF 66 турнирінде өтті.

UFC аралас жекпе-жектегі ең беделді промоушен қазақстандық Арман Әшімовті өзінің ресми сайтында орналастырды. Әзірге оның менеджері Саят Әбдірахмановтан промоушенмен келісім-шартқа отырғаны туралы ресми мәлімдеме әлі келген жоқ. Бұған дейін қазақстандық спортшының екі рет UFC-мен келісімге келуге мүмкіндігі болды. Бірақ, 2020 жылы пандемия оның The Dana White Challengers шоуында өнер көрсетуіне кедергі болып, Арман американдық виза ала алмады. Өткен маусымда Әшімов Сингапурдағы турнирге қатысуға келісті, бірақ оның қарсыласы жекпе-жектен бас тартты.

Қазіргі таңда қазақстандық спортшылардан Шавкат Рахмонов тамаша нәтижелерімен жанкүйерлерді қуантуда. Ол ең беделді промоушендегі бес жекпе-жектің бесеуінде де жеңіске жетті. Ол кәсіби ММА мансабындағы 17 жеңісінің барлығын да мерзімінен бұрын аяқтаған. Ал Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFC 285 турниріндегі соңғы жекпе-жекте қазақстандық үшінші раундта америкалық Джефф Нилді қықындыру әдісімен жеңген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу