Уго Льорис: "Қазақстанмен болатын ойында жеңіске жетуге міндеттіміз"

1276

Франция құрамасы кеше өз алаңында Украинамен тең ойнады.

Уго Льорис: "Қазақстанмен болатын ойында жеңіске жетуге міндеттіміз"

Франция ұлттық құрамасының капитаны Уго Льорис Украинамен (1:1) болған матчты қорытындылап, Қазақстанмен болатын кездесу туралы пікір білдірді.

"Екінші голды соғу үшін бізге ойынның соңғы 30 минутында көп жұмыс істеу керек болды. Матчтың осы бөлігінде бізге жылдамдық жетіспеді. Есеп 2:0 болған кезде біз үзіліске еш қиналмай кете алатын едік. Біз шабуылда керемет ойнадық, батылдық көрсетіп, керек кезде тәуекелге бел будық, тағы да қайталаймын, біз Украина қақпасына екінші голды еш қиындықсыз соғатын едік. Өкінішке орай, бәрі басқаша болды.

Екінші таймда біз нашар ойнадық. Украина құрамасы, әрине, біздің қақпамызға гол соғып кетті, біз қарсыласымызға жақсы қорғаныс пен көрсеткен ойыны үшін құрмет көрсетуіміз керек. Шабуылда әрекет жасау бізге қиын болды, сондықтан гол соғатын нақты мүмкіндіктер де аз болған шығар.

Енді біз Қазақстанмен болатын ойында жеңіске жетуге міндеттіміз. Бірақ қазіргі уақытта біздің командада ешқандай да алаңдаушылық жоқ - тек жеңілістен көңіліміз қалды", - деді Франция құрамасының капитаны Уго Льорис.

Сонымен қатар Франция ұлттық құрамасының бас бапкері Дидье Дешам 2022 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Украинамен өткен алғашқы матч (1:1) туралы және Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан ұлттық құрамасына қарсы өтетін матч туралы пікір білдірді.

"Әрине, мен бұл ойынның нәтижесіне риза емеспін. Ойынның бірінші таймында бізде басымдық болды, біз көп шабуылдадық. Бірақ қарсылас өте жақсы қорғанды. Біз Украина ұлттық құрамасының 20-ға жуық матчына шолу жасадық, бірақ біз оның бүгінгі ойын стилін бірінші рет көрдік. Мен Шевченконың тактикасын сынап отырған жоқпын. Ол өз таңдауын жасады және өз командасы үшін оң нәтижеге қол жеткізді.

Иә, командамның жақсы жағдайда емес екендігін білемін. Бұл жерде бірқатар себептер бар. Бірақ мен ақталмаймын. Өте қатты қорғанатын командамен ойнау әрқашан қиын. Бүгін біз тек бір ұпай алдық. Бірақ жексенбі күні Қазақстанда бәрі басқаша болады. Ойын, ауа-райы, қарсылас...", – деді француздардың бас бапкері.

Айта кетейік, Қазақстан мен Франция арасындағы ойын 28-наурызда "Астана Аренада" өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу