Түсініксіз саясат: Трамп Ресейдің мұнай сатуына мүмкіндік беріп қойды

184

Жаһандық саясат сәт сайын тосын жаңалықтармен толығуда. 

Түсініксіз саясат: Трамп Ресейдің мұнай сатуына мүмкіндік беріп қойды Фото: AP Photo / Julia Demaree Nikhinson

Осыдан оншақты күн бұрын ғана Кубаға Ресейден энергия ресурстарын сатып алуға тыйым салған АҚШ басшысы Дональд Трамп аяқ асты шешімін өзгерткендей әрекетке көшті. Америкалықтардың одақтасы саналып келген еуропалықтар да бұған аң-таң болып отыр.

Оқиға қалай басталды, 20 наурызда Кубаға Ресейден энергия ресурстарын сатып алуға және тасымалдауға АҚШ билігі толық тыйым салды. Сол уақытта Ресей мұнайын артқан 2 танкер Кубаға бет алған болатын. Кеменің бірінде 700 мың баррель "қара алтын" болғаны айтылған.

Жалпы, екеуара сауда жасасуға көшкен Ресей де, Куба да АҚШ-тың санкциясынан ада емес. Оның үстіне Трамп Кубадағы режимнің құлауын қалайды, арагідік қоқан-лоқы жасап отыратыны белгілі. Дегенмен дәл осы мұнай танкерлеріне келгенде саясаткердің аяқ асты қайтадан жіби қалғанын болжау қиын. АҚШ президенті оның себебін "адамдарға жылу, басқа да қажеттілік керек" деп түсіндірген. Бұл шамасы Куба халқына ұнаудың бір амалы болса керек.

Негізі қазір Бостандық аралындағы жағдай аса мәз емес. Талай жыл одақтас болып келген Венесуэла аумағында Америка әскери операция ұйымдастырғалы, мұнай жеткізушісінен айырылды. Онымен қоймай, өздері де қысымға ұшырай бастады.

Ресейдің Көлік министрлігі "Анатолий Колодкин" атты ресейлік танкер Куба портына жеткенін жариялап үлгерді. Онда 100 мың тонна мұнай бары да жазылған. Ендігі жүк түсірілмек.

Дәл осы "Анатолий Колодкин" кемесі Ресейдің Украинаға шабуылы басталғалы бері АҚШ, ЕуроОдақ және Ұлыбритания санкцияларының астында тұр. Ұлыбританияның Корольдік әскери-теңіз флотының мәліметінше, кеме Ла-Манш арқылы ресейлік әскери кеменің сүйемелдеуімен өткен, кейін Атлант мұхитында екіге бөлінген.

Бұл қаңтардан бері Бостандық аралына жеткізілген алғашқы мұнай партиясы болып тұр. Сарапшылардың пікірінше, ол 9,6 миллион халқы бар елдегі ауыр энергетикалық және экономикалық дағдарысты уақытша ғана жеңілдетпек. Мысалы, 100 мың тонна "қара алтын" Кубаның энергия қажеттілігінің бар болғаны 9-10 күнін өтейді.

Сөз басында айтқанымыздай, Дональд Трамп бұл шешімі АҚШ-тың Қаржы министрлігінің 20 наурыздағы қаулысы қайшы. Аталған құжатта Гаванаға Ресейден мұнай қабылдауға тікелей тыйым салынған. Ведомство Кубаны Солтүстік Корея және Иранмен бірге ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін сату, жөнелту және тасымалдау бойынша мәмілелерге тыйым салынған елдер тізіміне енгізген.

АҚШ-тың санкциясы Куба халқына өте қатты зиянын тигізді. Қазір бұл елде күн сайын электр жарығы өшеді, ресурстар тапшы. Бұған дейін Дональд Трамп Кубаға энергия ресурстарын жеткізетін елдердің тауарларына баж салығын енгіземін деп қорқытқан. Ал осы тұста Ресейді қалай тізімнен сызылып кетті?

Әзірге америкалық әскердің Ирандағы операциясы аяқталғаннан кейін Кубаға шабуыл жасалатыны жиі айтылып жүр. Ал Куба президенті Мигель Диас-Канель бұған дейін "кез келген сыртқы агрессор қарсылыққа тап болады" деп ескерткен. Жанармай блокадасы кубалық билікті отынды үнемдеуге арналған төтенше шаралар қабылдауға, соның ішінде бензинді қатаң бақылап отыруға мәжбүр етті.

Әзірге Куба Вашингтонның шектеу шараларын заңсыз деп айыптап, гуманитарлық дағдарыс үшін Американы кінәлап отыр. Бостандық аралы сонау 1962 жылдан бері АҚШ-тың сауда эмбаргосы болып келеді. Кубалық билік сол кезден бері экономикаға жүздеген миллиард доллар шығын келгенін алға тартып жүр.

Қазір Кубаға тікелей көмек көрсетіп отырған жақтас жоқ. Бірқатар елдердің көшбасшылары мен қоғамдық ұйымдар Кубаға гуманитарлық апат қаупі төніп тұрғанын ескертумен шектелген. Мексика, Қытай, Бразилия және Италия, әрісі АҚШ-тағы үкіметтік емес ұйымдар ғана аздаған көмек жіберді.

Бірақ Бостандық аралының тағдыры Венесуэлаға ұқсас секілді болатындай көрінеді. Қазір Венесуэлада уақытша үкімет отыр, вице-президент Делси Родригес басшылық етеді, Николас Мадуро ұсталғаннан кейін олар Куба жайлы жұмған ауызын ашқан жоқ. Себебі бұл билік Трамппен ынтымақтасуға бейіл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу