Теннис жанкүйерлері үшін бұл күтпеген жағдай емес шығар, дегенмен үміт пен сенім артылған спортшылардың мұндай ерте жеңілісі көңілге қаяу түсіреді.
"Үлкен дулыға" турнирлерінде тұрақты нәтиже көрсету – кез келген спортшының биік межесі. Ал Уимблдон – оның ішіндегі ең беделдінің бірі.
Биылғы маусымда елімізден кортқа шыққан 5 теннисшінің төртеуі бірінші кезеңнен аса алмады. Бұл – Қазақстан теннисінің дамуына сын көзбен қарауға мәжбүрлейтін көрсеткіш. Тек Елена Рыбакина ғана сенімді ойын көрсетіп, екінші айналымға өтті.
Рыбакина бірінші айналымда армениялық Элина Аванесянды 6:2, 6:1 есебімен оңай жеңді. Енді ол екінші кезеңде грек спортшысы Мария Саккаримен кездеседі. Сарапшылар бұл кездесуде қазақстандық теннисшінің басым екенін айтып отыр.
Ал іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, негізгі кезеңге алғаш рет шыққан Бейбіт Жұқаев әлемнің 24-ракеткасы Флавио Коболлиге қарсы ойнады. Үш сеттен кейінгі нәтиже – 3:6, 6:7, 1:6.
Бұл Жұқаевтың "Үлкен дулыға" деңгейіндегі дебюті болды. Сондай-ақ, Бейбіт Қазақстан теннисі тарихында Уимблдонның негізгі кезеңінде өнер көрсеткен алғашқы қазақ баласы.
Соған қарамастан талантты жас теннисшінің жеке бапкері жоқ. Бұл жайт біздің көңілімізге кірбің ұялатқаны рас. Алдағы уақытта Бейбітке демеуші табылып, қолдау көрсетеді деген ойдамыз.
Александр Бублик 5 сетке созылған аса тартысты матчта испаниялық Хайме Мунарға 4:6, 6:3, 6:4, 6:7, 2:6 есебімен жол берді.
Ал, Александр Шевченко америкалық Райли Опелкадан 3:6, 5:7, 6:7 есебімен жеңілді. Юлия Путинцева турнирді жеңіліспен бастап, Аманда Анисимоваға қарсы кездесуде 0:6, 0:6 нәтижесі тіркелді.
Енді Уимблдонда жұптық сайыстар басталады. Қазақстан атынан Анна Данилина, Юлия Путинцева және Александр Бублик өнер көрсетеді.
2025 жылғы Уимблдон турнирі 30 маусым мен 13 шілде аралығында өтуде. Жүлде қоры – 72,6 миллион доллар. Әйелдер мен ерлер арасындағы жеңімпаздарға 4,08 миллион доллар және 2000 ATP/WTA ұпайы беріледі.
Турнирдің басты фавориттері қатарында Карлос Алькарас, Янник Синнер, Новак Джокович, Арина Соболенка, Кори Гауф және Елена Рыбакина бар.