Үй алуды кейінге қалдырғандар келесі жылы бармақ тістеп қалуы мүмкін

444

Ипотекаға сұраныс өсіп жатыр ма? 

Үй алуды кейінге қалдырғандар келесі жылы бармақ тістеп қалуы мүмкін Фото: РБК

Қазақстандағы тұрғын үй нарығына бірқатар факторлар әсер етіп келеді. Оған инфляцияның өсуін, базалық мөлшерлеменің көтерілуін жатқызуға болады. Бұл қатарға келер жылдан бастап салада күтілетін салық реформасын қосыңыз. Сарапшылар бұл баспананың қымбаттауына әкелуі мүмкін деп отыр. Десек те, Үкімет күрт қымбатшылық болмайды деген сенімде. Келесі жылы жаңа Салық кодексіне байланысты енетін өзгерістерден баға шарықтап, нарық тұралап қалмай ма? Қаржы сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы баспана нарығында күтілетін өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда жаңа тұрғын үйлер бағасы – 11,3%-ға, екінші нарықтағы пәтерлер бағасы 8,8%-ға қымбаттаған. Бұл ретте тұрғын үйді жалға алу төлемі 8,5% артқан. Жаңа үйлер құны бір жылда Павлодар (25,8%), Қызылорда, Алматы (15,3%-дан), Шымкентте (14,8%) айтарлықтай өскен. Қайталама нарықта бағаның ең жоғары өсімі Ақтөбе, Павлодар, Алматы қалаларында тіркелген.

"Өздеріңізге белгілі, соңғы бес жылдың ішінде бізде инфляция жоғары. Соның себебінен базалық мөлшерлеме 9 пайыздан 16,5 пайызға көбейді. "Отбасы банк" бағдарламаларын алмайтын болсақ, ипотеканың ставкасы бізде 18-20% процент боп тұр. 18% – номиналды, 20% – тиімді ставка. Инфляцияның салдарынан бізде мөлшерлеме жоғары және үй бағасының өсуі негізінен инфляцияға байланысты болып тұр. Қазір ипотекаға сұраныс бар ма дегенге келсек, әрине, сұраныс бар, бірақ қазір ипотекалық займның жетпіс пайызы "Отбасы банктен" алынады. Өйткені ставка мөлшері аз. Соңғы жылдары 114-115 мың ипотекалық кредит берілген", – деді қаржы сарапшысы Жеңіс Шәріпұлы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ипотеканың саны артылмай жатыр, әлі сол деңгейде тұр.

"Бұл ипотеканың қымбатшылығына байланысты. Адамдар көбінесе 20%-бен ала бермейді, бір жағынан "Отбасы банктің" ипотекалық бағдарламаларында 50 процентті депозитке салу арқылы алуға болады. Көп адамдарда соманың елу пайызы жоқ. Бір жағынан бізде "7-20-25" бағдарламасына шектеу қойылып, "Баспана хит" жабылды. Бізде қазір қолжетімді 20 пайызбен бастапқы жарнасы бар бағдарламалар аз. Соңғы жылдары "Отау" секілді бағдарламалар болды, бірақ оларда жыл сайын 15 мың шамасында займ берілді. Ал бізде халықтың саны жылына 250 мыңға көбейеді", – деп атап өтті ол.

Сала маманы биыл және келесі жылы ипотеканың пайызы азаймайды деп есептейді. Себебі инфляциялық күтулер әлі көп.

"Алдында базалық мөлшерлеме 14,25 пайыз болған, ол 16,5 пайызға өскен. Келесі жылы ол бір процентке азаюы мүмкін. Бірақ ол ешқандай өзгеріс әкелмейді. Алайда осы жылы бір маңызды өзгеріс болды. Ипотека бойынша шекті пайыздық мөлшерлеме 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендеді. Жылдың аяғына дейін ипотекалық өзгерістер болмайды. Ипотекалық бағдарламалардың дені жылдың басында басталады. Қатты өзгеріс қосылған құн салығымен байланысты. Оның енгізілуі қатты әсер етеді. Өйткені ол бізде алдында үйлердің бағасына қосылған жоқ. Енді қосылған жағдайда үйдің бағасы келесі жылдан бастап 5-7 процентке дейін көбеюі мүмкін", – деп топшылады қаржы сарапшысы.

Жеңіс Шәріпұлының сөзінше, ипотекалық өнімдер халыққа қолжетімді емес деп айтуға болады. Өйткені бізде ипотеканы екінші деңгейлі банктер мен "Отбасы банк" қана береді, дейді ол.

"Мысалы, "Отбасы банк" бағдарламаларында ставкалар аз, бірақ кей бағдарламалар үшін талап етілетін 50 пайызды жинау оңай емес. Адамдар бізде жинай бастайды, бірақ инфляцияға байланысты үйлер қымбаттай береді. Бәрінде үй бағасының елу пайызы бола бермейді. Мәселе осында. Жалпы ең қолжетімді ставкалар "Отбасы банкте" екені белгілі. Коммерциялық банктерді алатын болсақ, бастапқы жарнасы 20-30 пайыздан басталатын ипотекалық бағдарламалар бар, бірақ олардың ставкасы жоғары. Қосылған құн салығы негізінен жаңа үйлерге енгізіледі. Жаңа үйлердің қымбаттауы екінші нарықтағы үйлерге де әсер етеді. Біз осыған қатысты талдау жасағанбыз. ҚҚС-тың енгізілуі үйлердің бағасын 5-7 пайызға дейін көбейтеді деген ойдамын", – деді қаржы сарапшысы.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 380 мәміле тіркелген. Олардың ішінде жеке үйлер бойынша – 8 527, пәтерлер бойынша 32 853 мәміле жасалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу