Үйді басқарудың жаңа формасына көшу қалай жүріп жатыр?

5737

Қолданыстағы көппәтерлі тұрғын үйлердің 25,8 пайызы ғана мүлік иелері бірлестіктеріне/жеке серіктестіктерге көшкен.   

Үйді басқарудың жаңа формасына көшу қалай жүріп жатыр?

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 54 474 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Соның 50 427-сі үйді басқарудың жаңа формасына көшуі керек. 2021 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, республикада тұрғын үйді басқарудың 13 005 жаңа нысаны құрылған. Оның 1 969-ы – мүлік иелері бірлестігі, 10 036-сы – жеке серіктестік. Сонда қолданыстағы көппәтерлі тұрғын үйлердің тек 25,8 пайызы ғана үйді басқарудың жаңа формасына көшкен.

Көрсеткіш төмен, әрине. Бұл әкімдіктер тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстың сылбырлығын көрсетеді. Жоспар бойынша, биыл тұрғын үйді басқарудың 31 580 жаңа нысаны құрылуға тиіс еді. Соңғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша 11 776 мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құрылған. Демек жоспар 37,3 пайызға орындалған. Әлі 19 804 жаңа нысан құрылуы керек.

Бұл ретте Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жоспардың орындалуы төмен. Айталық, Атырау облысында 1 052 мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құрылуы керек еді. Мұнда тек 167 үй ғана жаңа нысанға ауысқан. Бұл дегеніміз жалпы жоспардың 15,9 пайызы. Елордада тұрғын үйді басқарудың 1 709 жаңа нысанының орнына 208 мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құрылған немесе жоспардың 12,2 пайызы ғана орындалған. Алматының көрсеткіші – 19,4 пайыз. Бұл шаһарда 5 275 жаңа нысан құрылуға тиіс еді. Алайда 1 023 мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік қана жұмысқа кіріскен. Батыс Қазақстанда 1 524 жаңа нысанның орнына 284 қана мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құрылған. Бұл 18,6 пайызға тең.

Осы жылдың сәуір айында "Қазақстан Республикасының кооперативтері мен экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандарының ұлттық қауымдастығы" негізінде алғаш рет өзін өзі реттейтін ұйым құрылған болатын. Бұл ұйым мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестік құру мәселелері бойынша өңірлерде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру науқанын өткізуге дайын. Сондай-ақ аталған ұйым пәтер иелері кооперативтері арасындағы шиеленісті һәм даулы мәселелерді төмендетуді өз мойнына алып, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының көмегімен пәтер иелері кооперативтерінің басқарушылар мен сервистік компаниялар нысанына бірқалыпты өтуін қамтамасыз етуі керек. Әкімдіктерге өзін өзі реттейтін аталған ұйыммен өзара іс-қимылды жолға қою ұсынылған болатын. Алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастыру жұмыстары дұрыс ұйымдастырылмай жатқан көрінеді.

2021 жылғы 16 қыркүйекте министрлік Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығының алаңында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы электронды ақпараттық ресурстарды орталықтандырылған жинау және сақтау жүйесін – "Е-Шаңырақ" жобасын тәжірибеден өткізу үшін іске қосты. Бірінші кезең шеңберінде ақпараттық жүйе көппәтерлі тұрғын үйлердің саны, олардың техникалық жай-күйі, тұрғын үйлерді басқару органдарынан алынатын орнатылған есепке алу аспаптары бойынша талдамалық деректерді қалыптастыруға, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілерімен және үйді басқарудың нарықтық IT қосымшаларымен интеграцияны жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте жүйені одан әрі дамыту көзделіп отыр. Оның аясында рейтингтер, басқарушылар мен сервистік компаниялардың тізілімдерін қалыптастыру мүмкіндігі пайда болады. Жоба мемлекет-жекешелік әріптестігі тетігі бойынша бюджеттік қаржыландырусыз іске асырылады.

Бұдан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Әділет, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бірлескен бұйрықты бекітті. Ендігі жерде Жол картасын және e-Gov порталында мүлік иелері бірлестігі/жеке серіктестікті тіркей отырып, электронды дауыс беру қызметі іске қосылмақ. Қазіргі уақытта e-Gov порталында тіркелген кондоминиум нысанымен көппәтерлі тұрғын үй үшін электронды дауыс беруді өткізуге болады.

Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасының жекелеген нормаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. Олар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында ескерілген.

Бұл ретте пәтер иелері кооперативтерінен техникалық және қаржылық құжаттаманы ұсынбау жөніндегі шараларды реттеу мақсатында Әділет министрлігіндегі жұмыс тобының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабына әкімшілік шаралар қолдану туралы енгізген түзетулері қолдау тапты. Сондай-ақ "көппәтерлі тұрғын жай серіктестігі" басқару нысанын құру кезінде салық салу рәсімін оңайлату мақсатында Салық кодексіне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

Негізі жаңашылдық пәтер иелері кооперативтеріне қатысты мәселелерді түбегейлі шешіп, қызмет көрсету процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс еді. Әсіресе қаржылық тұрғыдан. Алайда қазіргі тәжірибе көрсетіп отырғандай, мүлік иелері бірлестіктері тұрғын үйлерге қызмет етудің қаржылық мәселесімен ғана айналысуда. Ал сервистік қызмет сол күйі пәтер иелері кооперативтерінің мойнында қалып отыр. Осылайша, бір үйге екі нысан қызмет көрсетуде. Бұл тұрғындарға тиімсіз. Сонымен қатар тұрғындар жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестіктерін басқаруға құлықсыз. Тұрғындар мен компания басшылары арасында түсініспеушілік жиі орын алады екен. Бұған қоса пәтер иелері кооперативтерінің өкілдері жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестіктеріне тиісті құжаттарды бермей әуреге салады. Мұндай фактілер көп кездеседі.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу