Ұйғырлар вакцинаға айырбасталуы мүмкін бе?

19541

Түрік оппозициясына сенсек, Қытай экстрадиция туралы заң қабылдамасаң, екпелерді толық алмайсың деп Анкараны бопсалап отырса керек. 

Ұйғырлар вакцинаға айырбасталуы мүмкін бе?

Түркияда оппозициялық депутаттар басшылықты ұйғырларды коронавирустық вакциналарға айырбастап, Қытайға жасырын жөнелтпек деп айыптап отыр. Уәде етілген қытайлық екпенің он миллион флаконы әлі жеткізілмеген. Сонымен қатар, адвокаттар кейінгі айларда түрік полициясы рейд жүргізіп, 50-ге жуық ұйғырды депортациялау орталықтарында ұстағанын айтып отыр. Олардың сөзінше, бұның бәрі былтырғы жылмен салыстырғанда ұйғырларға деген қатынастың күрт өзгергенін көрсетеді.

Нақты дәлел болмаса да, заң шығарушылар мен ұйғырлар Бейжің вакциналарды экстрадициялау туралы келісімге қол жеткізудің тетігі ретінде қолданады деп қорқады. Айта кетсек, депортация жайлы келісім бірнеше жыл бұрын жасалды, бірақ Қытай оны кенеттен желтоқсан айында ратификациялады. Ал, Түркия парламентінің алдына халықаралық құжат осы айда жетуі мүмкін.

Ұйғырлардың айтуынша, бұл келісім заңға айналатын болса, олардың өмірлеріне үлкен қауіп төнейін деп тұр, себебі олар жаппай қамалмаудан қашқан елге қайта депортациялануы ықтимал. Айта кетсек, миллионнан астам ұйғыр мен басқа да мұсылман азшылықтары Қытайда түрмелер мен лагерьлерге жабылды. Бейжің мұны антитеррорлық шара деп атаса, АҚШ оны "геноцид" деп жариялады.

"Мен депортацияланудан қатты қорқамын", – дейді АР агенттігіне берген сұхбатында Мелике есімді ұйғыр әйел.  

Депортациялық келісім жайлы күдік желтоқсан айында қытайлық вакциналардың алғашқы партиясы бірнеше аптаға кешіккенде туындады. Дегенмен, түрік шенеуніктеріне сенсек, препараттардың дер кезінде жетпеуіне рұқсат алу проблемалары себепші.

Түркияның негізгі оппозициялық партиясынан сайланған депутат Йылдырым Каяның сөзінше, Қытай қаңтардың аяғына дейін жіберуге уәде еткен 30 млн дозаның үштен бірін ғана жеткізген. Түркияда коронавирусты 2,5 миллиондай адам жұқтырып, 26 мыңнан астам адам қайтыс болды. Қазір Анкара пандемияны еңсеру үшін Қытайдың Sinovac вакцинасына да көп тәуелді.

"Мұндай кешігу қалыпты жағдай емес. Біз бұл вакциналар үшін ақша төледік. Сонда қалай, Қытай Түркияны бопсалап жатыр ма?", – дейді Кая.

Кая түрік үкіметіне Қытайдан қысым туралы ресми сауал жолдап, сол сұрағына әлі жауап алмағанын да атап өтті.

Дегенмен, Түркия мен Қытай үкіметтері экстрадиция туралы заңның ұйғырларды депортациялауға арналмағанын алға тартып отыр. Қытайдың мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары бұл алаңдаушылықты "қаралау" деп атаса, сыртқы істер министрлігінің өкілі Ван Вэнбинь вакциналар мен келісімшарт арасында байланыс бар деген болжамдарды жоққа шығарды.

"Менің ойымша, бұл болжам негізсіз", – дейді Ван жақында өткен баспасөз брифингінде.

Сонымен қатар, Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы да желтоқсан айында вакциналардың кешігуі ұйғырлар мәселесімен байланысты емес екенін мәлімдеді.

Түркия СІМ: Біз ұйғырларды саяси мақсатқа қолданбаймыз

"Біз ұйғырларды саяси мақсатқа қолданбаймыз, олардың адами құқықтарын қорғаймыз",– деді түрік дипломатиясының жетекшісі.

Қазіргі уақытта өте аз адам депортацияланған. Бірақ таяуда бірнеше кісінің тұтқындалуы Түркиядағы шамамен 50 000 адамдық ұйғыр қауымдастығын алаңдатып тастады. Соңғы апталарда түріктің Бейжіңдегі елшісі Қытай вакциналарына жоғары баға беріп, Анкараның Қытаймен "соттық ынтымақтастықты" құрметтейтінін айтып, көптеген ұйғырды уайымға салып отыр.

Бұрын аздаған ұйғыр Сирияға содырлармен бірге жаттығу үшін барған. Алайда Түркиядағы ұйғырлардың көпшілігі өз халқына зиян тигізуден қауіптеніп, жиһадшылардан бойларын аулақ ұстады.

Адвокаттардың сөзінше, соңғы кездері Түркияда тұтқындалған ұйғырлардың террористермен байланысына түрік полициясы дәлел тапқан жоқ. Ал, заң профессоры Ілияс Доғанның ойынша, олардың ұсталуының саяси астары болса керек.

"Заң жобасы ратификацияланған күннің өзінде де, Түркиядағы ұйғырларға деген үлкен жанашырлықты ескере отырып, жаппай депортация болатындығына күмәнім бар. Бірақ  жекелеген адамдардың Қытайға экстрадициялану мүмкіндігі айтарлықтай артады", – дейді Доған.

Түркия – бұрыннан бері Қытайдың батысындағы Шыңжаң аймағында тұратын түркітілдес ұйғырлар үшін қауіпсіз мекен. Сонымен қатар, президент Режеп Тайып Эрдоған Қытайдың ұйғырларға деген қатынасын он жыл бұрын "геноцид" деп атаған еді.

Мұның бәрі Түркияда 2016 жылы жасалған мемлекеттік төңкеріс әрекетінен кейін өзгерді. Сол бүліктен соң жаппай тазарту операциялары жүргізіліп, оның нәтижесінде Ердоған ​​Батыс үкіметтерінен мүлде алшақтады. Осынау олқылықтың орнын толтыру үшін Түркия Қытайға бет бұрып, одан  миллиардтаған доллардың несиесі мен инвестициясын тартты.

Тағы бір айта кететін жайт, Қытайда бизнес жасаған экспортшы Анкараның Бейжіңдегі елшісі болып тағайындалды. Бұған қоса, Қытай қаржыландыратын құны 1,7 млрд долларлық көмір электр станциясы Түркияның Жерорта теңізі жағалауында бой көтеріп жатыр. Ыстамбұл әуежайы болса, Шанхай мен Бейжіңнен келетін мыңдаған туристі тіркейтін орын ашып, әлемде бірінші болып, "Қытайға мейірімді әуежай" сертификатын иеленді. Ал, Ердоғанның бір кездердегі жалынды риторикалары көмескі тартып, Қытай басшыларын көмек үшін мадақтауға, дипломатияға ұласып отыр.

Соңғы бірнеше жылда екі рет ұсталған ұйғыр ақыны Абдурехим Парачтың айтуынша, Түркияда қамалу Қытай түрмесіндегі үл жылдық "тозақпен" салыстырғанда "қонақүйге тоғытылумен" бірдей. "Мені Қытайда ажал күтіп тұр", – дейді ол АР-ға берген сұхбатында.

Осы агенттіктің хабарлауынша, Қытайға депортациялану қаупінің күшеюі ұйғырлардың Германияға, Нидерландыға және тағы басқа Еуропа елдеріне қоныс аударуына түрткі болып отыр. 

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу