"Ситер әулетінің трагедиясынан әлі сабақ алмаппыз" (Видео)

3227

Әкімдік үйі өртенген Юрий Артықбаевты кеңсеге шақырып алып, кешірім сұрапты.

"Ситер әулетінің трагедиясынан әлі сабақ алмаппыз" (Видео)

13 маусым күні үйі өртеніп, бес баласымен далада қалған Юрий Артықбаевтың жанайқайы ғаламторды дүр сілкіндірген болатын. Әкімдік қызметкерінің әдепке қайшы жауабына ашынған бейнеүндеу Қазақстан аумағынан шығып, шетелдік желі қолданушылардың да наразылығын тудырды. Жергілікті шенеуніктерден қайыр болмайтынын ұққан халық 38 жастағы Алматы облысының тұрғынына өз еріктерімен ақша жолдап, материалдық қолдау танытты. Әкімдік қызметкерлері осыдан кейін ғана пұшаймен күйдегі жанұяға назар аударған еді.

Кеше сол Юрий Артықбаев қайтадан әлеуметтік желіге шығып, халықтан ақша жинауды тоқтатуды сұрады. Өртенген үйді күреп тастап, орнына жаңа баспана тұрғызсам деп жүрген отағасы елдің жинаған ақшасы үй салып қана қоймай, оның ішін жиһазбен толтыруға да жететінін айтады.  

Қатты басталып, тәтті аяқталған бұл оқиға халық пен мемлекеттің арасы қаншалықты алыстап кеткенін тағы бір көрсетті. Қиын жағдайға тап болған азаматын қанатының астына алу мемлекеттің тікелей міндеті екенін жергілікті әкімдіктер де, халық та ұмытып кеткен бе дейсің. Жұрт қазір әкімдіктің көмегін күтіп отырмай, бір-біріне өз бетімен шама-шарқынша көмек жинайтын әдет тауып алған. Тіпті елдің осы бір елгезектігіне әкімдіктер де бой үйрете бастағандай. Бұл қоғамдық институттың дамуына жақсы серпін болғанымен, мемлекеттік институттардың ақауын жасыруға таптырмайтын құралға айналып барады. Әділетсіздіктен туындаған "негативті" халықтың бірлік-берекесімен бүркемелеп, "позитивке" айналдыру билік өкілдеріне өте қолайлы болып тұр.

Өзінің ызаға толы үндеуінде Юрий Артықбаев өртенген үйдің апаттық жағдайда болғанын айтады. Сөйтсек, оның жыры өз алдына бөлек дастан екен. Алғашында "Оптимист" саяжайындағы үйді танысы біреулерден 5 млн теңге сатып алған. Кейін ол үйге Юрий қоныс аударып, әйелінің атына рәсімдеген. Қомақты ақшаға алынған үйдің сырты жылтырап тұрғанымен, бір жыл өтпей ақаулары шыға бастайды. 

"Әлгі досым үйіміздің "косметикалық маскасы" түсіп біткен кезде қатты өкінді. Осындай сапасыз үйді заңдастырып, қолдануға рұқсат берген мемлекеттік органдарға арыз-талап айтып, прокуратураға дейін жүгінді. Апатты үйде көпбалалы жанұяның тұрып жатқанын айтып, әкімдікке алғаш арызданған да сол болатын. Кейін әйелім барып, жағдайымызды айтты. Бірақ әкімдіктегілер мән берген жоқ", – дейді ол.

Жұрттың көңіл-күйін әлеуметтік желі арқылы бақылауды әдетке айналдырған әкімдік өкілдері істің насырға шапқанын көріп, Юрийді өздеріне шақырыпты.

"Мені шақырып алып, келеңсіздік үшін кешірім сұрады. Маған жөнсіз жауап берген қызметкерді жерден алып, жерге салды.

"Сен шығар десең, жұмыстан босатамыз. Сенің дегенің болсын" деп қарап тұр. Біреудің тағдырына үкім айтатын мен кіммін сонша? "Заң аясында не істелуі керек, соны жасаңыздар. Бір рет қателесті екен деп, біреудің обалына қалғым келмейді" деп жауап бердім. Бірақ жұрт петиция жинап, ол жігіттің қызметтен кетуін талап етіп жатқан көрінеді. Жеке өз басымның ол адамға да, әкімдікке де ешқандай талабым жоқ. Бірақ оқиғадан сабақ алғаны өздеріне жақсы ғой", – дейді Юрий.

Сөз арасында Юрий Артықбаев елорданың іргесіндегі Ситерлер отбасының трагедиясын еске алды.

"Елдің бізге жаппай көмектесуіне көпбалалы болуымыз әсерт етті деп ойлаймын. Әйтпесе, ғаламтор арқылы көмек сұрап жатқан, бізден гөрі көмекке әлдеқайда мұқтаж жандар көп қой. Бүкіл елді дүр сілкіндірген Ситер әулетінің бес баласы болған еді ғой. Біздің де бес баламыз бар екенін естіп, ел жаппай назар аударды деп ойлаймын. Сол трагедияны жолдасым екеуміз жылап отырып тыңдағанымыз есімде. Құдай сақтап, біздің үй күндіз өртенді ғой. Әкімдік біздің апаттық жағдайдағы үйде тұрып жатқанымызды білсе де, келіп тексермеген болатын. Ситер әулетінің трагедиясынан әлі сабақ алмағандары қынжылтады", – дейді ол.

Өзінің айтуынша, Юрийдің шешесі қазақ екен. Әкесіз өскендіктен, анасының тегін алыпты.

"Қазақша Артықпаев деп айтылады ғой. Бірақ құжат бойынша Артықбаевпын" деген Юрий сөз соңында жанашырлық танытқан бүкіл отандастарына шексіз алғыс жеткізуімізді өтінді. "Оптимист" саяжайының тұрғыны құрылысқа оптимистік көңіл-күймен кіріскені әр сөзінен байқалады.

Есжан Ботақара


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу