Үйлену оңай...

1049

Үй болу қиын екені мәжілісмен Дархан Мыңбайдың депутаттық сауалына салмақ салды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Үйлену оңай...

"Қоғамдағы отбасы институтының әлсіреуі, оның ішінде некелесу санының азаюы мен ажырасу фактілерінің өсуі күрделі мәселеге айналды. Соңғы жылдары бұл проблема жастар арасында көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Ықылым заманнан ұрпақ өрбітіп, көбеюді өсиет еткен салт-дәстүрімізді ұстануға не кедергі? Бәрін әлеуметтік жағдайға сілтей салу қисынды ма? Біздіңше өте маңызды проблеманың терең түбірі – жастардың тәрбиесінде, олардың ортасына байланысты сияқты", – деді депутат Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында. 

Дархан Мыңбайдың мәлімдеуінше, ерлі-зайыптылардың ажырасуынан балалар зардап шегеді. 

"Дүние-мүлік бөлісу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау дауы, алимент, туыстық қатынастың үзілуі сияқты мәселелердің ауыртпалығы моральды-әлеуметтік қиыншылыққа апарады. Толық емес отбасыда толыққанды бозбала мен бойжеткенді тәрбиелеу де оңай емес", – деді депутат. 

Ол отбасы жайлы ұлттық баяндама мен ресми статистикалық мәліметті алға тартып, 2015-2019 жылдар аралығында 274,5 мың отбасы ажырасқанын айтты. 

"Есептік кезеңде ажырасу саны 43%-ға дейін өскен", – деді Дархан Мыңбай.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, 2019 жылы 59 796 шаңырақ шайқалған.  

"Некесі бұзылған әрбір екінші адамның жасы 18-35 шамасында болған. Ажырасудың басым бөлігін 30-34 жас аралығындағы жас отбасылар құраған", – деді депутат. 

Дархан Мыңбайдың пікірінше, ажырасу санын азайтып, жас отбасылардың одағын сақтап қалу үшін орта және жоғары оқу орындарында отбасы мәдениеті құндылықтарын қастерлеуге бағытталған озық тәжірибені оқыту және насихаттау бойынша арнайы факультатив енгізуді қарастыру қажет. 

Сот алдындағы отбасылық медиация сарапшыларының жұмысын ынталандыруға, ерлі-зайыптыларды татуластыру мерзімін барынша ұзартуға, яғни олардың райынан қайтуына мүмкіндік жасау керек. 

"Көпбалалы отбасылар үшін банк тарапынан ынталандыру және қолдау механизмін жетілдіру қажет. Меншік түріне қарамастан, барлық мекемелерде, ұйымдар мен ұжымдарда "Мерейлі отбасы" байқауы өткізілуге тиіс. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында отбасы құндылықтарын заманауи форматта дәріптейтін ақпаратты, видео-контентті көбейту керек", – деп қорытты депутаттық сауалын Дархан Мыңбай. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу