Үкімет ата-аналарға биыл қандай мектептерге жабылу қаупі төнгенін жариялады

1280

Білім ордаларына енді әрбір бала үшін таласуға тура келеді.

Үкімет ата-аналарға биыл қандай мектептерге жабылу қаупі төнгенін жариялады Фото: azh.kz

"Құрметті қазақ елі! Біздің ауылымызға көшіп келсеңіз, тегін баспана береміз. Жұмыс та табылады. Мал өсіруге, жеке іс ашылуға көмек көрсетіледі. Басты шарт: отбасыңызда балалар саны көбірек болуға тиіс!", – танымал мессенджерлердегі руластардың, ауылдастардың, достардың чаттарында, үй чаттарында, тіпті ұжымдық чаттарда осындай жарнама-хабарландырулар таралып жүр.

Соның кейбіріне хабарласқанымызда, оны еліміздің шекаралас өңірлеріндегі ауылдар әкімдерінің аппараттары тарататынын білдік. Аты мен лауазымын атамауды өтінген "Бидайық" ауылдық округінің хатшы қызының баяндауынша, негізінен, көп балалы отбасыларды іздеу себебі – жергілікті мектеп жабылып қалғалы тұр.

"Біздің орта мектепте 83 бала ғана қалды. Биыл 7-еуі бітіріп кетті. Бір отбасы Ресейге көшіп кетті, бірақ құжаттарын әлі ала қойған жоқ. Жаңа оқу жылына дейін 3-5 баласы бар отбасыны немесе 2 отбасыны ауылымызға көшуге көндіруіміз керек, әйтпесе, 81-ге жетпейтін оқушысы бар орта мектебіміз жабылып қалады немесе бастауыш мектепке айналдырылады. Онда ауылда адам қалмайды, бәрі түп көтеріліп көшіп кетеді", – деді хатшы.

Мұндай қауіп көптеген шекаралық мектептерге төніп тұрғанын Мәжіліс депутаттары Батыс Қазақстан облысының мысалында түсіндірді. Олар барлық мәселе мектептің жұмыс істеп тұруына кепілдік беретін оқушы санының шегіне тіреліп тұрғанына назар аудартты.

"Батыс Қазақстан облысының 8 ауданы Ресейдің 5 облысымен шектеседі. Бірақ бала санының аздығына байланысты Батыс Қазақстан облысында соңғы үш жылда 12 бастауыш мектеп жабылған. Ал, 2024 жылы 4 бастауыш мектеп тағы таратылған, бұлар – Жәнібек, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарында. Бұл жайт төбемізге жай түскендей әсер етті. Мемлекет басшысының ауыл мектептері туралы: "Мектебі бар ауылда тіршілік бар деп бекер айтылмаған. Мектеп бірнеше әлеуметтік нысанның рөлін атқарады" дегені қайда?", – делінген "AMANAT", "Ауыл" партиялары фракциялары мүшелерінің Үкіметке хатында.

Ендеше қағазға хатталған қысыр нормативтің кесірінен бастауыш мектептерінен айрылған, салдарынан болашағы бұлыңғырлана түскен 12 ауылда тұратын халықтың обалы кімге?

"Мектеп жабылды" деген сөз бұғанасы қатпаған балалар өзге ауыл-аудандарға қатынап оқуға, не сондағы интернатта жатуға мәжбүр дегенді білдіреді.

Мәжілісмендердің байламынша, ол жақта, бөтен ауылда келімсек балалардың қауіпсіздігіне, жатын орнының жайлылығы мен тойып тамақтануына, қала берді, өзгеден зорлық көрмесіне ешкім кепілдік бермейді.

Тіпті жасына сай ата-анасынан алатын мейірімі мен аялы алақанынан айрылады. Бұған жол бермеу үшін ата-аналарына түп көтеріліп, ірілеу ауылдарға көшуге тура келеді.

Депутаттардың мәліметінше, соңғы 5 жылда елімізде 194 ауыл жабылып қалды.

"Бүгінгідей бұйрықтың бұйдасымен кете берсек бұл сан көбейетіні анық. Мектептің жұмыс істеп тұруы үшін белгіленген ең аз оқушы санына сұрақ жетіп артылады. Бір өңірде адам көп, бір өңірде адам аз. Сондықтан бір стандартты бәріне бірдей таңу қате. Ендеше аталған нормативтерді қайта қарайтын кез келді. Себебі, БҚО-ның Ресеймен шектесетін 8 ауданының 7-еуінде бала санының аздығына байланысты мектептер жабылмақшы", – деді депутаттар.

Олардың нақты ұсынысы келесідей: Білім және ғылым министрлігінің 2022 жылғы 6 мамырдағы "Халықтың тығыздығына және елді-мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы" №185 бұйрығына өзгеріс енгізу.

Оның аясында бұйрықтың 2.2., 2.3., 2.4.-тармақтарын "ерекше жағдайда" деген тіркеспен толықтыру немесе шекара маңында орналасқан мектептер үшін осы тармақтарда белгіленген нормативтердің шегін азайту керек. Әйтпесе шекаралық ауылдар мектепсіз қалады, салдарынан ел көшеді, жер иесіз болады.

Өз кезегінде Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан бойынша барлығы 7 833 мектеп бар. Олардың ішінде шағын жинақты мектептер саны – 2 702. Бірақ министрлік жаңа оқу жылында оның қаншасы жабылатынын айта алмады.

Елдегі барлық оқушы саны – 3,8 миллионнан асты. Шағын жинақты мектептерде таяуда аяқталған оқу жылында 187,2 мың бала оқыды.

Сонымен қатар, Үкімет шағын жинақты мектептерге (ШЖМ) қатысты норматив бұған дейін онсыз да түсірілгеніне назар аудартады.

Мысалы, 2020 жылы ШЖМ-нің негізгі белгісі – бастауыш мектептерде – 5-тен 40 балаға дейін оқуы, негізгі мектепте – 41-ден 80 оқушыға дейін білім алуы болған екен. Ал, орта мектепте 81-ден 180 шәкірт болуы шарт.

Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев 2022 жылғы 6 мамырда Білім және ғылым министрінің №185 бұйрығы қабылданғанын еске салды.

Оған сәйкес, "Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативі" жаңадан қабылданды.

"Осы нормативке сәйкес, енді білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жалпы саны әрбір ауылдық елді мекенде сақталса, онда білім беру ұйымының ары қарай жұмыс істеуіне кепілдік беріледі, Норматив келесідей: кіші мектеп жасындағы адамдардың саны 5 және одан көп болғанда – мемлекеттік бастауыш мектеп, кіші және орта мектеп жасындағы адамдардың саны 41 және одан көп болса – негізгі орта мектеп, ал, кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы балалар саны 81 және одан көп болса – мемлекеттік жалпы орта білім беретін мектеп жұмысын жалғастыра алады", – деді вице-премьер.

Оның пікірінше, "Білім туралы" заңының 6-бабының 2-тармағының 6-тармақшасының негізінде балаға сапалы білім беруге қатысты ережеге сәйкес болған жағдайда, жергілікті атқарушы органның мектептерді сақтап қалуға заңнамалық мүмкіндігі бар.

Алайда аталған баптың аталған тармақшасында: "Жергілікті өкілді органдар ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және балаларға қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарын құрады, қайта ұйымдастырады және таратады", – деп қана жазылған.

Яғни, бәрі айналып келіп, білім министрлігі бекітіп қойған нормативке тіреледі, сол басшылыққа алынады. Мұны Көшербаев та мойындады.

"Дегенмен, әсіресе, шекара маңы мектептерінде оқушылар санының белгіленген жүктемеден едәуір аз болуына байланысты келесі 2025-2026 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектепті – негізгіге, негізгі орта мектепті – бастауышқа ауыстыру немесе тарату қаупі бар", – деді вице-премьер.

Ол мәжілісмендердің хатында келтірілген Батыс Қазақстан облысының шекаралас аудандарында орналасқан 13 мектеп әзірге штаттық негізде жұмыс істеп тұрғанын мәлім етті. Бірақ мұнысы ұзаққа созылмауы мүмкін. Мына нормативпен олар ақыры жабылып тынады.

Ермек Көшербаев Оқу-ағарту министрлігі Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне хат жолдағанын жеткізді.

Онда министр Ғани Бейсембаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтан "шекаралас аудандардағы ауыл мектептерін сақтап қалудың және оларды дамытудың" жолын табуды сұраған екен.

"Қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативінен шекара аймағында орналасқан мектептерді алып тастау мәселесін пысықтауда. Жалпы, аталған мәселелер Үкіметтің бақылауында және оларды шешу бойынша жұмыстар одан әрі жалғасатын болады", – деді Үкімет басшысының орынбасары Көшербаев.

Шенеуніктерінің маңызды мәселені пысықтауды қашан аяқтайтынын вице-премьер де депутаттарға дөп басып айта алмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу