Үкімет басын бәйгеге тігіп, алтын және басқасын заңсыз өндіргендерге қатысты шешім қабылдады

5057

Қазақстанда алтын өндіретін жеке старательдер институтын енгізу жарға жығылды.

Үкімет басын бәйгеге тігіп, алтын және басқасын заңсыз өндіргендерге қатысты шешім қабылдады Фото: canva.com

2017 жылы 27 желтоқсанда Парламент "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" жаңа кодексін қабылдады (құжат 2018 жылдың маусым айының соңында ғана күшіне енді).

Бұл кодекстің басты бір жаңалығы мынау. Тек компанияларға ғана емес, жеке адамдарға да өз бетінше алтын, басқа бағалы металдарды іздеп, оны өз күшімен өндіруіне жол ашу болды.

Сол кездегі Инвестициялар және даму министрлігі түсіндіргендей, оның аясында ұсақ кен орындарында бағалы металдар мен асыл тастарды өндіруді регламенттеу үшін жер қойнауын пайдаланудың жаңа түрі – старательдік өндіру енгізілді.

Өйткені сол кездің өзінде Қазақстанда "алтын безгегі" қызып тұрған. 2017 жылдың бірінші жартысында ғана 800-ден астам "заңсыз старатель" қолға түсті. Алтыны бар кенді заңсыз игеру Ақмола, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан облыстарында ушығып тұрды.

Мемлекет жаңа кодекс арқылы ол азаматтардың кәсібін заңдастыруға талпынды. Бұл әлемдік тәжірибе: мысалы, америкалық Discovery арнасы оларға тұтас бағдарламалар циклын арнады. Дамыған елдерде кез келген адам өз қаржысын салып, "драгамен" өзен-теңізде немесе алтыншайғыш жабдықтармен құрлықта бағалы метал іздеп, өндіре береді. Тек мемлекетке тиісті салығын төлесе болғаны.

Бірақ бұл институт заңдастырылғалы алты жылдан астам уақыт өтсе де, елде заңды старательдер санаты қалыптаспады. Жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектенов "кен іздеушілік-старательство институтын заңдастыру оңды өзгерістерге әкелмегенін" мәлімдеді.

Оның орнына "қара старательдер" кәсібі одан әрі қарқын алды. Премьер О.Бектеновтің мәліметінше, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура компаниялар игеріп жатқан алтын кеніштерге заңсыз кіріп, бағалы метал мен асыл тастарды рұқсатсыз өндірумен айналысатын адамдармен күресті күшейтті.

Мысалы, 2023 жылдың басынан қазіргі кезге дейін Ақмола облысының бір ғана Бестөбе кенішіне қатысты 21 сотқа дейінгі тергеу басталған. Оның 6-уы – заңсыз енуге, қалған 15-і – бағалы металдар мен асыл тастардың заңсыз айналымы фактілері бойынша қозғалған. 361 заңсыз өндіруші адам ұсталды. Олар күзетілетін объектіге заңсыз енгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, айыппұл арқалады.

Мемлекеттің рұқсатынсыз алтын өндіргісі келетін адамдармен тегеурінді күресу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, кеніштерді бейнебақылау камераларымен жаппай жабдықтап, қосымша қоршау-дуалдардарды орнатып жатыр.

Тіпті шекара күзетіне жетпей жатқан дрондарды алтын кеніштерін күзетуге қолдану арқылы үнемі рейдтер жүргізіледі екен.

"Өйткені "заңсыз кенші-старательдердің" қызметінен кейін тиісті ликвидациялық жұмыс жүргізілмейді, соның кесірінен жер қойнауының сол учаскелері қалпына келмейді. Бұл болашақта экологиялық апаттарға соқтыруы, сондай-ақ тұрғындар мен жануарлардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін", – деді Олжас Бектенов.

Ол алтынның заңсыз өндірісіне және айналымына тосқауыл қойып, заңдастыру үшін 2018 жылдан бері Қазақстанда кен іздеушілік-старательдік институт енгізілгенін алға тартты.

"Жергілікті әкімдіктер ұсынған деректерге сәйкес, кен іздеуші жеке тұлғаларға осы жылдары небары 108 лицензия ғана берілген. Оның үстіне ұсынылған есептер бойынша заңды старательдердің өндірген бағалы металдарының көрсеткіштері – 0-ге тең болды (ештеңе таппаған). Осылайша, кен іздеушілікті легализациялау оң өзгерістерге әкелмеді. Сонымен бір мезгілде, лайықты жазаның жоқтығы салдарынан бағалы металдарды көлеңкелі өндіру жалғасуда", – деді Олжас Бектенов.

Осыған байланысты, оның мәліметінше, Өнеркәсіп министрлігі пайдалы қазба байлықтарын заңсыз өндіргені үшін Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп шықты.

"Онда аталған қылмыс үшін айыппұл көлемі 10 мың АЕК-ке (2024 жылы 36 миллион 920 мың теңгеге) дейін арттырылады, мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды және қызметтерді атқаруға 15 жылға дейін тыйым сала отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылады. Жазаны қатайту және одан бұлтаруға жол бермеу қылмыстық ниеттен айнытады. Бұл тұтастай алғанда, жасалатын қылмыстар санының азаюына, тиісінше, бағалы металдардың көлеңкелі айналымының қысқаруына ықпал етеді. Алтын және басқа бағалы металдардың заңсыз өндірісі, айналымы және ұрлығы мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауына алынды!", – деді Премьер Олжас Бектенов.

Осыдан-ақ Үкіметтің алтын өндіруші компаниялардың мүддесін қорғауға мықтап кіріскені және олардың кенін ұрлайтын азаматтарға қатты өшіккені байқалады. Өйткені егер Үкіметтің бұл заң жобасын Парламент мақұлдаса, құрамында алтыны, бағалы металы бар кенді заңсыз өндіру немесе оны кеніштен ұрлау үстінде ұсталған адамдар 10 жылға сотталып кетпек.

Оның үстіне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2017 жылдан бері Қазақстанда кен іздеушілік кәсібінің Батыстағыдай пысық азаматтардың заңды табыс көзіне айнала алмағанына биліктің де кінәсі барын жасырмады. Министрлік сарапшылары жеке старателдердің алдынан қаптаған кедергілер мен тосқауылдар тұратынына назар аударды.

Мысалы, старатель құнды кенді тапқаннан кейін одан бағалы металды ажыратып алу үшін химиялық реагенттермен жұмыс істеуі керек. Алтын рудасынан металды қалай ажыратып, одан қайтіп құймалар құюға болатыны National Geographic арнасының "Старатели", "Золотая лихорадка" сияқты бағдарламаларында жақсы көрсетілген. Алайда дамыған елдердің тұрғындарына берілген бұл мүмкіндіктен қазақстандықтар қағылды.

Министрлік сарапшылары бұл тұрғыда технологиялық қайшылықтарды анықтады: заңды старателдердің техногендік сипаттағы кен орындарында барлау жасап, жұмыс істеуіне, сонымен бірге олардың химиялық реагенттерді қолдануына шектеу қойылған.

"Мұнда қандай қарама-қайшылықтар бар? Техногендік кен орындарынан химиялық реагенттерді қолданбай бағалы металдарды өндіру мүмкін емес. Ал оларды қолдану – кең ауқымды экологиялық бағалауды талап етеді. Бұл талап кен өндірудің старателдік әдісін пайдалы қазбаларды өнеркәсіптік ауқымда өндірумен бір қатарға қояды", – деп түсіндірді ведомство.

Бұл туралы министрлік әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында өнеркәсіпті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы консультативтік құжатында" жазылған.

Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексінің 270-бабына сәйкес, жеке кен іздеуші азаматтарға химиялық реагенттерді қолдануға, өзіне бөлінген телімде күрделі құрылыс жайларды тұрғызуға және салуға қатаң тыйым салады.

Билік заңды старательдердің кәсібін дамытпаған өзге де көптеген кедергі ойлап тапқан екен. Мысалы, "кен іздеуші лицензиясын" алу үшін шенеуніктер қарапайым адамнан экскаватор мен бульдозерді сатып алуды талап етеді. Ал, бүкіл өркениетті әлемде заңды старателдер күрек, қайласымен белден қазып, алтын іздей береді.

Экскаватордың ұсталғаны нарықта 75-100 миллион теңгеге дейін барады. Бульдозердің орташа құны 35 миллион теңге тұрады.

Аталған 270-бапта лицензия алу үшін адамдардан арендада емес, жекеменшігінде "жүк көтерімділігі 10 тоннадан аспайтын 1 жүк машинасы, бұрғылау жабдығы, сондай-ақ шөмішінің көлемі жиынтығында бір текше метрдің жартысынан аспайтын экскаватор және бульдозер түріндегі механикаландыру құралы" болуы керек.

Соған қарамастан, заңды старательдерге "кен іздеушілік учаскесі аумағын 3 метрден аспайтын тереңдікте" қазуға ғана рұқсат етеді. Онда бульдозердің қажеті қанша?

Жалпы, салада қордаланған көп мәселе шешімін күткен күйде қалды. Салдарынан, халық "қара старательдерге" кетеді. Оған тосқауыл қою үшін Үкімет жазаны қаталдандырумен шектелмей, заңды кен іздеушілер алдынан тұрған кедергілерді жойса, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу