Үкімет бюджетті бірден 4,5 трлн теңгеге толтырудың жолын тапты

4484

Бірақ қалай тапты, солай "жоғалтып алды". Өйткені тіпті Жаңа Қазақстанда да ел қазынасынан тыс тасқындаған ол аста-төк қаржыға қол салуға болмайтын көрінеді. Неге? 

Үкімет бюджетті бірден 4,5 трлн теңгеге толтырудың жолын тапты

"Қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін, 21 қаңтарда отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу кезінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онсыз да көмескі залда түсін қатты суытып, кәсіпкерлерге "салықтық тазалықты" сақтау керектігін түсіндірді. Қолданыстағы жүйеде "астыртын қитұрқы әрекеттерге жол берілетінін" меңзей отырып, ел басшылығы "бізге жаңа салық саясаты қажеттігін" баса айтты.  

Мемлекет басшысы жариялаған ірі саяси реформаларды, әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыруға ақша керек. Қ.Тоқаев айтқандай, қазіргі көлем "аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге жеткіліксіз". Себебі әсіресе, ірі бизнес лайықты салық төлемейді, Елбасы кезінде алып алған қаптаған жеңілдіктер мен артықшылық-преференцияларды пайдаланады. Айталық, ЭЫДҰ-ға кіретін дамыған елдерде мемлекеттік бюджеттің кірісі 40-50 пайызға дейін салықпен толады.

"Тіпті біздің жақын көршілеріміздің өзінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Мәселен, Украинада – 31%,  Ресейде – 35,4%,  Қырғызстанда – 31%. Соңғы 10 жылда Қазақстанның ЖІӨ-сіндегі салықтың үлесі 9,9-дан 7,3%-ға дейін төмендеп кеткен! Салдарынан Ұлттық қорды тым көп шығындап жатырмыз. Ірі кәсіпорындардың салық төлеу және есеп беру мәселелерін ретке келтіруге тиіспіз. Ірі компаниялардың салық төлеуі – күрделі мәселе! Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар", – деп қатаң ескерткен еді Президент. 

Ол Премьер Әлихан Смайыловқа осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтуды тапсырды. Содан бері аттай төрт айға жуық уақыт өтті. Сол кезде туған қозы марқаға айналды. Үкімет қосымша салық көздерін тауып, елді бір марқайтты ма?

Үкімет жүздеген миллиард теңге емес, бірнеше триллионға дейін баратын ылан-ойран салықтық жеңілдіктер көздерін тауыпты. Бірақ оларды бітей алмайтыны анықталып отыр. Өкінішке қарай ол қаржының көбі қақпағы ашық бөген суындай шетелге арқырай ағып кетуде.

Ұлттық экономика министрлігі салық жеңілдіктерін оңтайландыру және тиімділігін арттыру мәселесін пысықтап көрді.

"Отандық салық заңнамасында шегерімдердің, төлеуді кейінге қалдырулардың, преференциялардың кең ауқымы бар. Бұған қоса бірқатар кәсіпорындардың пайдасы үшін салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу әдістері өзгертілген. Мұның бәрі "жеңілдіктер" болып табылады. Бізде салықтық жеңілдіктер мен преференцияларды талдау тұрақты негізде жүргізіледі. Қазіргі кезде Салық кодексінде 277 салық жеңілдіктері бар. Мысал үшін айтсақ, бұл жеңілдіктердің көлемі 2018 жылы 4 триллион 511,4 млрд теңгеге жетті. Тарата айтсақ, оның ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша жеңілдіктер сомасы – 2 трлн 700,4 млрд теңге, корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша – 1 трлн 786,5 млрд теңге, басқа жеңілдіктер бойынша – 24,5 млрд теңге. Яғни, салықтық жеңілдіктер құрылымындағы негізгі үлесті, 99,5%-ты ҚҚС және КТС-ті төлемеу құрайды", – деп түсіндірді экономика ведомствосы.

Бұл сома қазіргі уақытта да шамамен сол күйде сақталуда. Мысалы, жеңілдіктер көлемі 2019 жылы – 4 трлн 17,7 млрд теңге, 2020 жылы – 4 трлн 401,9 млрд теңге болды (былтырғы жылғы жеңілдіктер сомасы әзірге есептеліп жатыр). Льготалар құрылымы сол бұрынғы күйде сақталды. 2020 жылы ҚҚС жеңілдіктерінің ауқымы 3 трлн 153,4 млрд теңгені (71,6%), КТС бойынша 1 трлн 224,6 млрд теңгені (27,8%) құрады.

Егер ел Үкіметі батыл қадамға барып, ірі кәсіпорындарды, соның ішінде қазақ жерінің астындағы мол қазынаны алып жатқан жер қойнауын пайдаланушыларды бар жеңілдіктен аяусыз айырса, онда бюджет 4 триллион теңгеден астам қаражатқа қарық болатын еді. Бұл – мұнайдан түсетін барлық пайдадан екі есе (!) көп сома. 2021 жылы мұнай секторының барлық компанияларынан тікелей салықтар түрінде 2 трлн 605 млрд теңге ғана салықтық түсімдер түскен. Яғни, Қазақстан еліміздегі барлық мұнай кенорындарынан екі есе көп жаңа "қара алтын" кенорындарын ашқандай қазынаға кенелер еді.

Алайда еліміздің бас экономисінің командасы бұлай жасай алмаймыз деп отыр. "Бұл жеңілдіктердің көпшілігі – стандартты, яғни халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді". Инвесторларды олардан айырса, елімізден теріс айналуы, кәсіпорындар жабылып қалуы мүмкін көрінеді.

"Мұндай артықшылықтарсыз тиісті салалардағы қаржылық-шаруашылық операциялар өзінің орындылығын, оңтайлылығын жоғалтады. Жалпы бұл жеңілдіктер әлемдік тәжірибеге сәйкес келеді және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған", – делінген ведомствоның талдауында.

Жаңа Қазақстанда бұл бағытта ештеңе өзгермей ме?

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, кейбір жеңілдіктің контрактілерде бекітілген "қолданыс мерзімі" жақын болашақта бітуге тиіс, сонда Үкімет оны әрі қарай ұзартпауға тырысады: "Уақыт өте келе өзектілігін жоғалтатын артықшылықтар бар. Талдау нәтижелері бойынша Үкіметке мұндай жеңілдіктерді алып тастау ұсынылады".

Сонымен бірге Әлібек Қуантыровтың сарапшылары "салық жеңілдіктерінің тым көп болуы мемлекеттің мол кірісті жоғалтуына соқтыратынын" жасырмады. Әйткенмен, Президенттің салықтың үлесін арттыру тапсырмасын орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі корпоративтік табыс салығын көтеруді ұсынды.

"КТС бойынша салық салу қайта қаралады. Бүгінде Қазақстанда КТС мөлшерлемесі экономиканың барлық секторлары үшін 20% көлемінде белгіленген. Ал ЭЫДҰ елдерінде КТС көлемі 40%-ға дейін жетеді: АҚШ-та – 40%-ға дейін, Францияда – 38%, Жапонияда – 33%, Германияда – 30%, Норвегияда – 27%,  Канадада – 26%. Қазақстанда КТС бойынша тиімді мөлшерлеме соңғы жылдары небары 2,9%-дан 3,8%-ға дейінгі аралықта ғана құбылды. Тиімді мөлшерлеменің бұлайша тым төмен болуының бір себебі – компаниялардың түрлі жеңілдіктерді қолдануы. Оның үстіне көптеген елде табыс салығының ставкалары салаға байланысты өзгеріп отырады немесе белгілі бір салалардағы компаниялардың кірістеріне қосымша салықтар салынады. Осыған байланысты КТС ставкасын қайта қарау мәселесі зерделеніп, қаралады", – деп хабарлады экономика министрлігі.

Сондай-ақ дивидендтер бойынша жеңілдіктер жойылуы ықтимал. Өйткені оны инвесторлар Қазақстанда тапқан қыруар капиталды шетелге шығарып әкетуге пайдаланады. 

"Дивидендтерге салық салу жетілдіріледі. Дивидендтер бойынша жеңілдік заманында елге инвестицияларды тартуды ынталандыру үшін енгізілген еді. Алайда бұл тетік айқын нәтиже, қайтарым әкелмеді. Осыған орай дивидендтерді салық салудан босату бойынша жеңілдіктерді алып тастау және дивидендтерге 5% мөлшерінде салық ставкасын белгілеу ұсынылады", – деп мәлім етті меморган.

Елден сыртта тұратын акционерлеріне ірі сомада дивиденд төлеуді отандық және шетелдік инвесторлар салық салудан жалтаруға және капиталды жылыстатуға, яғни заң бұзуға пайдаланатынын Ұлттық экономика министрлігі де растады.

"Капиталдың шетелге әкетілуіне бақылауды күшейту, оның ішінде дивидендтерге салық салуды жақсарту бөлігінде шаралар қабылданады. Айта кету керек, компаниялар тәжірибеде елден капиталды шығару мен салықтан жалтарудың түрлі схемаларын қолданады. Мысалы, сыбайлас фирмадан материалдық емес қызметтерді, кеңес-консультациялық қызметтерді сатып алады. Мұндай мәмілелер салық салынатын базаны негізсіз азайту тәуекелдерін тудырады. Бұдан бөлек, жосықсыз компаниялар шикізатты шетелге арзан бағамен экспорттау схемаларын қолданады. Мұндай фактілер салықтық тексерулер барысында анықталды", – деп баяндады Ұлттық экономика министрлігі.

Экспорттаушылар қолданатын схема әшкереленді

Қаржыгер Қалауиден Баймағамбетовтің айтуынша, ең көп таралған схема-технологиялардың бірі келесідей болған.  

"Шетелге экспорт шығаратын кәсіпорын сол тауарын, шикізатын өткізетін елде толығымен өзінің бақылауындағы аффилирленген компания құрады. Содан кейін кәсіпорын сол компаниясына өнімін төмен бағамен сатады. Дәл сол арзан бағадағы мәміле қазақстандық салық органдарында декларацияланады, тиісті салығы төленеді. Ал сыбайлас компаниясы аталған тауарды ары қарай шетелдік сатып алушысына шынайы, нарықтық бағасына өткізеді. Екі ортада көлеңкеде, салық органдарынан жасырулы қалған қаражат шетелдік есепшотқа құйылады. Экспорттаушылардың жаргонында мұндай операциялар "сброс на прокладку" деп аталады", – дейді сарапшы.

Дивиденд мәселесіне оралатын болса, дамыған түгіл, дамушы елдер де, мысалы, Ресей, Беларусь, Қытай және басқасы шетелдік азаматтарға, яғни бейрезиденттерге төленетін дивидендтерді салықтан босатпайды. Мұны аз десеңіз, табыс пен капиталға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу жөніндегі барлық 55 халықаралық конвенцияның бірде-бірінде дивидендтерді салықтан толық босату көзделмеген. Керісінше, конвенцияларда 5-10% ставкасымен салық салу қарастырылған. Ендеше әлемде жоқ нәрсенің аққұла Қазақстанда енгізілуді кімнің лобби жасап, ілгерілеткені белгісіз. Бірақ соның көмегімен миллиардтар офшорларға әкетілгені жасырын емес.  

Ол адамдар қазір де "атқамінерлер" қатарында болса керек: экономика ведомствосы Жаңа Қазақстанға тән батылдық пен табандылық орнына, 5 пайыздық ең төменгі мөлшерлемені ғана сыпайы сұрап отыр. Әйтпесе, Қытай, Ресей, Түркия, Чехия, Малайзия сияқты біраз елдерде шетелге төленетін дивидендтерден 10%, Пәкістанда – 12,5%, Грузия және Беларусьте – 15% салық ұстайды.

Қаржыгерлердің айтуынша, Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар сыртында, салықтық жеңілдіктердің үлкен бөлігін – 23%-ын банктер пайдаланады екен. Жеңілдіктің жемісін ірі көлемде терушілер қатарында сондай-ақ өндірістік сектор, арнайы экономикалық аймақтар, мемлекеттік сектор және ауыл шаруашылығы бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу