Үкімет қарттар үйлеріне 112 трактор сатып алмақ

2277

Еңбек министрлігі жалғызбасты қарияларға бұл ауыр көліктің не үшін керектігін түсіндірді, деп жазады Inbusiness.kz.  

Үкімет қарттар үйлеріне 112 трактор сатып алмақ

Серік Шәпкенов тізгінін ұстаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – Қазақстандағы ең бай ведомствоның бірі саналады. Онымен тіпті аса ауқатты меморгандар – Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері де көп бағытта таласа алмай қалады.

Мысалы, "Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қамсыздандыру және олардың төлемдерін жүргізу" деп аталатын №027 бюджеттік бағдарламасы аясында бұл министрлік жыл сайын 4 триллион теңгеден игереді. Тарата айтсақ, тек осы бағытта ғана биыл 3 трлн 818 млрд 166,1 млн, келесі жылы – 4 трлн 95 млрд 922,7 млн, ал 2023 жылы – 4 трлн 354 млрд 768,2 млн теңге шығындалмақ.

Сонымен қатар "Жұмыспен қамту жол картасына" 1 триллион теңге жеке бөлінген.

Басқа да "мелочьтары" толып жатыр. Мысалы, оның  "Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мембағдарламасы шеңберінде шараларды іске асыру" атты №068 бюджеттік бағдарламасына үш жылға 217,9 миллиард теңге (2021 жылы – 74 млрд 892 млн, 2022 жылы – 72 млрд 342 млн, 2023 жылы – 70 млрд 638 млн теңге), "Еңбек, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру" №001 бюджеттік бағдарламасы аясында осы жылы 7,2 млрд, алдағы жылы – 6,2 млрд, ал арғы жылы 5,9 миллиард теңге берілмек.

Әрине, бұл қаражаттардың үлкен бөлігі халыққа жәрдемақы, зейнетақы, үстемеақы түрінде төленетіні белгілі. Дегенмен, заңнама жүзінде берілген дербестіктің нәтижесінде әр меморган бір бюджеттік бағдарламаның ақшасын екіншісіне аударып, қалағанынша сапырылыстыра алады. Сондықтан бай министрліктер не сатып алса да таң қалуға болмайды.

Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 112 трактор сатып алу ниетін жария етті. Ведомствоның түсіндіруінше, "стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерді қарды, күлді шығару, көмірді қазандықтарға жеткізу және басқа да маусымдық жұмыстар бойынша жұмыстарды орындайтын бір-бір трактормен қамтамасыз ету" міндеті қойылып отыр.

Қазақстанда қазір стационарлық үлгідегі 113 медициналық-әлеуметтік мекеме (МӘМ) жұмыс істейді, оларға мүгедектер мен қарттарға арналған үйлер жатады. Бұл ұйымдарда бүгінде 24 мыңға жуық адам тұрады. Көбісі – жарымжан болғандықтан ата-анасы тәрбиелеуін мемлекетке жүктеген балалар, жалғызбасты, тастанды қариялар.

Өткен жылы балалар омбудсмені Аружан Сайын бұл мекемелерді "концлагерьге" теңегені мәлім.

Проблема барын Шәпкеновтың ведомствосы да мойындап отыр. Сондықтан арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын жақсарту мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу бойынша  барлық жергілікті атқарушы органдардан өткен жыл бойы ұсыныстар жиналыпты. Соның қорытындысында НҚА-ларды түзету мәселелері бойынша бірнеше рет ведомствоаралық кеңес өткізілген. Жиындарға омбудсмен, Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, ҮЕҰ белсенді өкілдері шақырылған.

Енді келіп түскен ұсыныстарды бірте-бірте жүзеге асырмақ ниетте. Айтпақшы, триллиондаған бюджеті бола тұра, министрліктің бұл мәселелерді әлі күнге өз бетінше шешпегені қайран қалдырады.

"Стационарлы МӘМ-дерде 24 мыңдай адам жыл он екі ай бойы тұрақты тұрады. Олар үнемі қамқорлыққа зәру. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған жылыту жүйесі жоқ. Сондықтан қарды, күлді шығару, септикті тазарту, қазандықтарға көмір жеткізу және басқа да маусымдық жұмыстарды орындау үшін бәрін трактормен қамтамасыз ету қажеттілігі туындап отыр. Осы мекемелердің қызметкерлері, дәрігерлер амалсыз, осы жұмыстарды қолмен атқаруға, немесе жеке компаниялардан арнайы техника жалдауға мәжбүр. Салдарынан қар шығару, көмір жеткізу уақытынан кешігіп жатады", – деп түсіндірді меморган.

Белсенділер мен блогерлер бюджеттен осы мекемелерге қар тазалайтын арнайы машиналар сатып алуды ұсыныпты. Сонда  "қысқы уақытта мекемелердің аумағы қардан толық тазартылып, ондағы қызмет алушылардың серуендеуіне, қызметкерлердің көліктерін қоюына, басқа да мекемеге қажетті жұмыстар жүргізуіне жол ашылады".

Алайда министрлік бұл идеяны құптамапты. Себебі, бұл техника тек қарды тазалаумен ғана айналысады да, көктем, жаз және күз бойы шіріп, босқа жатады. Оның күтіміне қаржы кетеді. Әрі бұл техника әлдеқайда қымбат. Оны күлді шығаруға, септикті соруға, көмірді қазандықтарға жеткізуге және өзге маусымдық жұмыстарды жүргізуге тарта алмайсың.

Ведомствоның талдауында әр тракторды алуға бір рет 9 миллион тенгеден бөлу ұсынысы көрсетілген. Әйткенмен бұл алдын ала есептеме болса керек. Әр тракторға жыл сайын техникалық қызмет көрсетуге жарты миллион теңге қарастырылмақ.

МӘМ шығындары мұнымен бітпейді.

"2020 жылы МӘМ-дерде тұратын азаматтардың құқықтарының бұзылу фактілері қоғамдық үлкен резонанс тудырды. ШҚО-дағы Аягөз балалар орталығында балалардың қайтыс болуы, Ақмола облысының қарттар үйінде өлім-жітімге соқтырған короновирустың өршуі, Түркістан облысында психоневрологиялық аурулары бар балаларға қатыгездікпен қарау фактілері, БҚО-да дәрігерлердің жетіспеушілігі және өлім-жітім оқиғалары елді алаңдатты", – деп термеледі ведомстводағылар.

Бұл мәселелер қалай шешілмек? Министрлік осы ұйымдардың бәріне интернет тартып шықпақ.

"Әлгінде айтылған проблемаларға байланысты, стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет алушылар міндетті түрде интернетке қол жеткізуі қажет деген ұйғарым жасалды. Әйтпесе, МӘМ-дердің интернетпен қамтылмауы кесірінен онда тұрушылар ақпарат алу құқығынан айырылған", – деп мәлім етті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Әр мекемеге интернет жеткізу шығыны жыл сайын 110 мың теңгеге түседі деп бағалануда.

Ендеше мүгедектер мен қарттарға арналған үйлерде Wi-Fi пайда болса, ондағы адамдардан әлеуметтік желіге біраз видео-фото контент түсіп, жасырылып, "жауырды жаба тоқып" келген талай проблема елге айғақталуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу