Үкімет кәсіподақ саласын реформалауға ниетті

2111

Human Rights Watch 2022 жылға арналған "Дүниежүзілік баяндамасында" Қазақстанды кәсіподақтарға қысым көрсеткені үшін қатты сынға алды. Бұл ретте тіпті республикаға демократияны шектеуші ел ретінде санкция енгізілуі де мүмкін екен. 

Үкімет кәсіподақ саласын реформалауға ниетті

"Шымкент соты 2021 жылы Отын-энергетикалық кешен жұмыскерлерінің тәуелсіз салалық кәсіподағы қызметін 6 айға тоқтатып тастады. Бұған бірлестіктің 2014 жылғы кәсіподақтар туралы кедергісі көп заңға сәйкес тіркеуден өтпегені сылтау болған. Дәл осындай тіркеуге Қазақстандағы тағы бір аса ірі тәуелсіз кәсіподақ – Қазақстанның еркін кәсіподақтары конгресі де қол жеткізе алмады. 2021 жылы республикада бейберекет ереуілдер өршіді, жергілікті жерлерде, әсіресе, Ақтөбе облысында, Нұр-Сұлтанда және Алматыда жұмысшылардың өз бетінше кәсіподаққа бірігу бастамаларының саны өсті. Бірқатар жағдайларда билік "заңсыз" ереуілдер ұйымдастырғаны үшін жұмыскерлер үстінен сотқа талап арыз түсірген", – делінген халықаралық ұйымның баянжазбасында.

Құжатта 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер де суреттеледі.

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) маусым айында "Бірігу бостандығы және кәсіподаққа бірігу құқығын қорғау конвенциясын" Қазақстанның орындауына қатысты сын-ескертпелер мен ұсынымдар берді. Ұйым өз қорытындысында Қазақстанды қатаң сынай келе, Үкіметке "кәсіподақ лидерлеріне сот арқылы қысым көрсету тәжірибесін тоқтатуды" және кәсіподақ белсенділерінің істерін қайта қарауды ұсынды.

Иван Циглер елде 3 уран кенорнын – Буденов, Қорасан, Оңтүстік Инкайды игеріп жатқан ресейлік-қазақстандық бірлескен кәсіпорында істеген. Вахталық тәсілмен 15 күн демалып, 15 күн тынымсыз еңбек ететін бұл жұмысшылардың жұмысы күрделі екені мәлім.

"Біз, кенорындарының жұмысшылары бейбіт жиналысқа жиналып, кәсіподақ құруға ұйғардық. Оны тіркету үшін барлық қажетті құжаттарды жинап, Әділет министрлігіне тіркеуге жолдадық. Жұмысшылар дауыс беріп, мені кәсіби одақтың төрағасы ретінде сайлады. Алайда осы туралы жұмыс берушіміз білгеннен кейін әлдебір түсініксіз әрекеттер басталды. Басшымыз сынықтан сылтау іздеп, тиісетінді шығарды. Жуырда вахталық кентімізге түнгі 1-де оралып келе жатсам, алдымнан әлдебір адамдар шығып, тоқтатты да, медпунктке, медициналық куәландыруға баруым керектігін айтты. Алып барды. Медициналық куәландыру рәсімі таңғы 5-ке дейін созылды. Тексеріс қанымда ешқандай алкоголь, есірткі заттары жоқтығын көрсетті", – дейді ол.

Алайда осыны растайтын құжаттарды оған беруден бас тартқан.

"Вахталық кентке оралған соң жұмыстан шеттетілгенімді білдім. Себебін айтпайды. Қоярда қоймай жүріп, ақыры түске қарай ондай шараға "медициналық куәландырудан бас тартуым" себепкер екенін анықтадым. Бұған әрине, қарсылық білдірдім. Қайтадан өту ұсынылды. Бірақ ол үшін 300 шақырым қашықтағы басқа жер таңдалды. Келістім. Қорытындысы қайтадан "нөлдерді" көрсетті. Соған қарамастан бәрібір жұмыстан шеттетті, соңынан қызметтен босатты. Себебі сол бұрынғы: "медкуәландырудан бас тартты". Екі күн бойы куәландыруға әрлі-берлі, жүздеген шақырымға сандалдық. Сөйте тұра бас тартты дегені несі? Әділетті қоғамда бұлай жасауға бола ма?", – деп ашынады Иван Циглер.

Оның байламынша, "жұмыс беруші кәсіпорында кәсіподақ құрылуына жол бермеуге мықтап бекінген". Бірақ И. Циглер әрі қарай әділдік іздеуге ниетті. Мамандар оған алдымен келісім комиссиясына жүгініп, соның нақты шешімін алуға, содан кейін сотқа баруға кеңес беріпті.

Дәрігер Айнұр Әділбаева "Senim" кәсіподағына мүше екен. Бұл елдегі ең ірі салалық кәсіподақтардың бірі. Ол денсаулық сақтау ұйымдарының, ғылыми орталықтардың, санаторий-курорттық және басқа медициналық ұйымдардың қызметкерлерін, сондай-ақ жоғары және орта кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттерін біріктіреді.

"Біздің мемлекеттік ұйымның бүкіл ұжымы "Senim" кәсіподағына мүше. Кейбір қызметкерлер кәсіподақтан шығуға ниетті. Алайда осындай тілегін жеткізгенде, оларға: "егер кәсіподақтан шықсаңыздар, онда сіздерге жыл сайынғы еңбек демалыстарыңызға қоса берілетін бір айлықақы көлеміндегі сауықтыру жәрдемақысы төленбейді" деп ескертті. Шынында солай ма екен?", – деп аң-таң болады ол.

Билік не дейді?

Жалпы былтыр әр өңірді жайлаған ереуілдер, биылғы қаңтар оқиғалары кезінде бейбіт митинг қатысушыларының еңбек заңнамасының жаппай сақталмайтынына қатысты шағымдары Қазақстанда кәсіподақ қозғалысының деградацияға ұшырағанын байқатты. Осы орайда алда Мемлекет басшысы елдегі саяси реформалар топтамасы аясында кәсіподақтарға қатысты ұсыныс айтады деп күтілуде.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіподаққа мүше болу-болмау – әр жұмыскердің еркінде екеніне назар аудартты.

"Жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысын ұсынғанда, біріншіден, нақты жұмыс істеген уақыты, екіншіден, егер нақты жұмыс істемесе, оның атында жұмыс орны, лауазымы, жалақысы сақталған кезең, үшіншіден, еңбекке уақытша жарамсыз болған, жүктілігі және бала туу бойынша демалыста болған уақыты ескеріледі. Осылайша, кәсіподаққа мүше болғанына немесе одан шыққанына қарамастан Еңбек кодексінің 139-бабының 10-тармағына сәйкес, азаматтық қызметшілерге еңбек демалысымен бірге, міндетті түрде лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы және басқа да тиесілі төлемдер төленуге тиіс", – деп түсіндірді министрлік.

Осы аптада, 2 наурыз күні өткен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында Еңбек министрі Серік Шәпкенов өз ведомствосы "жұмысқа алудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың белсене қатысуын көздейтін жаңа заң жобаларын әзірлейтінін" мәлімдеді.

С. Шәпкенов еңбек қатынастарын реттеу мәселелері өзінің ерекше бақылауында екенін атап өтті. Бүгінде 66 кәсіпорын мониторингпен қамтылған. Алайда жұмысшылардың жалақы мөлшеріне қатысты наразылық шараларын өткізу қаупі бар көрінеді. Олар негізінен Маңғыстау (27 кәсіпорын), Атырау (12) және Батыс Қазақстан (7) облыстарында байқалады.

"Қазіргі уақытта тәуекел аймағында орналасқан 46 кәсіпорында қызметкерлердің негізгі талабы – жалақыны арттыру болып отыр. Сондықтан жалдамалы қызметкерлердің БЖЗҚ-дағы жинағына қанша жарна түскеніне қарай олардың жалақыларына талдау жүргізілді. Соның нәтижесінде анықталғандай, 2021 жылы қызметкерлердің 53,4%-ы немесе 3,1 млн адам шынында 157 мың теңгеге дейін, яғни медиандық жалақыдан да төмен жалақы алған болып шықты. Еңбекақы мониторингінің нәтижесінде біз әкімдіктерге 2,8 мың ірі кәсіпорынның тізімін жіберіп, оларда кәсіподақтармен бірге жалақыны арттыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін айттық", – дейді Серік Шәпкенов.

Айта кету керек, кәсіподақтары мықты кәсіпорындар жалақыны көтеруге қол жеткізуде. Ал қуыршақ кәсіподақтар жайлаған жерде еңбек дауларын әкімдерге шешуге тура келуде. Оларда қағаз жүзінде жоғары жалақы белгіленгенімен, компанияның әртүрлі шығындары шегеріліп, жұмыскер қолына аз қаржы ғана ұстатылады. Тіпті уақытылы төлемейтіні де бар. 2021 жылы 23 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы бойынша 5,6 млрд теңге қарыз өтелді. Еңбек инспекторлары бүгінгі таңда тағы 901 миллион теңге жалақы бойынша қарызды әшкереледі.

"Жалақы берешегі мәселесіне көзқарас айрықша болуы керек. Әкімдіктер Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, жалақы борышы бар әрбір кәсіпорынды, оның ішінде банкроттық кәсіпорындарды да егжей-тегжейлі тексеруі керек", – дейді министр.

Үкімет кәсіподақтар және жұмыс берушілер қауымдастықтарымен бірлесіп, жаңа "Бас келісімді" іске асыра бастады. Онда жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, кәсіптік стандарттар, еңбек жағдайы мен оған ақы төлеуді жетілдіру, еңбекті қорғау, еңбек қауіпсіздігі және тағы басқа салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу