Үкімет келер ұрпақтың қамын емес, "нанын" жеп жатыр

14129

Министрлер кабинеті бүйірі тесілген бюджетті Ұлттық қордың қаражатымен толтыруды әдетке айналдырып алды. Бұл – жақсылықтың нышаны емес.  

Үкімет келер ұрпақтың қамын емес, "нанын" жеп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында осы турасында былай деді: "Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферт көбеюде. Үнемі осылай "Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен" жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес". 

Үкімет пен Ұлттық банктегі атқамінерлер осыны білмейді дейсіз бе, біледі. Тек шара қабылдауға, амал жасауға асықпайды. Асығып қайтеді, "Бюджетте тапшылық болып жатыр" деп еңіреп, әдеттегідей Ұлттық қордан ақша ала қоймай ма? Қазынадағы қуысқа қордың қаражатын тығындамай ма? Бюджеттің "жыртығын" дайын ақшамен жамамай ма? Риторикалық сұрақтың нақты әрі жалғыз жауабы: үкімет келер ұрпақтың қамын емес, "нанын" жеп жатыр деген саяды. Бұдан біз Ұлттық қордан қазіргідей қарқынмен ақша алына беретін болса, өзімізден кейінгі буынның ұрты да, мұрты да майланбайтынын ұғамыз. 

"Ұлттық қордың қаржысы 90 млрд долларға жетеді" 

Осыдан 21 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Норвегияның үлгісімен Ұлттық қор құрып, болашақ ұрпақтың игілігі үшін ақша жинауды тапсырды. Сол кезде қордың болашағына қатысты небір болжам жасалып, небір сәуегей сөз айтылды. Соның барлығы орындалса, қазір "ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда" болар ма еді, кім білсін?! Несін айтасыз, "2020 жылы Ұлттық қордың қаржысы 90 млрд долларға жетеді" деген сөзге де сендік қой. 

Обалы не керек, 2008 жылға дейін Ұлттық қордан бюджетке бір тиын аударылған жоқ. Ұлттық қордағы қаражат 2000-2014 жылдар аралығында тек ұлғайып отырды. Нәтижесінде Ұлттық қордың резерві 77,2 млрд ​ долларды құрады. Қазір Ұлттық қорда 56,9 млрд доллар сақталып тұр. Ал 90 млрд доллар туралы әңгіме әлдеқашан ұмыт болған. ​ 

Қорға қолды салғаны... 

Опырып ақша алғаны болды. Үкімет Ұлттық қордан 2013 жылы – 1,4 трлн, 2014 жылы – 2 трлн, 2015 жылы – 2,5 трлн, 2016 жылы – 2,9 трлн, 2017 – жылы 4,4 трлн теңге алды. 2018 жылы Ұлттық қордың 2,6 трлн теңгесін жұмсады. Ал 2019 жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен бюджет шығысының 28%-ы қаржыландырылды. 2020 жылы министрлер кабинеті "Қазақстан Республикасының 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңына сәйкес Ұлттық қордан 2,7 трлн теңге ақша алатын болды. Пандемияның салдарынан көрсетілген қаражат 4,7 трлн теңгеге ұлғайды. 

Біле жүріңіз, 2008 жылдан бері түрлі салаға дем беру мақсатында республикалық бюджетке Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бөлініп келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, Ұлттық қордың кепілдендірілген трансферті бюджеттің тапшылығын жоюға жұмсалады. 2015 жылдан бері Ұлттық қордың кепілдендірілген трансфертінің көлемін 2 трлн теңгеден асырмау, ал Президенттің пәрменімен жұмсалатын мақсатты трансфертті дағдарысты еңсеруге арналған бағдарламаларға ғана бағыттау қажеттігі айтылып келеді. Алайда сөз іске аспай жатыр. Бұған осыған дейінгіні былай қойғанның өзінде, 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт көлемі дәлел. Мысалы, Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2021 жылы – 2,7, 2022 жылы – 2,4, 2023 жылы – 2, 2 млрд теңге ақша аударылады. Бұдан бөлек үкімет Ұлттық қордан 1 трлн теңге мақсатты​ трансферт тартады. Трансферттің бұл түрі экономиканың белгілі секторлары мен кәсіпорындарды қолдауға жұмсалады. Бір қызығы мақсатты трансферт шектеусіз және оны не үшін пайдалануға болатыны еш жерде нақтыланбаған. Көбінесе бұл трансферт аяқ астынан пайда болған "өртті" сөндіруге бағытталады. Айтпақшы 2014 жылдан бері Ұлттық қорды ұстаудың әкімшілік шығысына шамамен 1,3-2,3 млрд теңге шығындалып жүр. 

Естеріңізге салайық, жаһандық дағдарыс басталған кезде Ұлттық қордың қаржысын "жұлмалау" басталды. Үкімет "дімкәс банктердің" қаржылық жағдайын жақсарту үшін Ұлттық қордан ақша алды. 2007-2008 жылдардағы дағдарыстың салдарын жою үшін 2009 жылы банк пен құрылыс саласына 1,19 трлн теңге (10 млрд доллар) көлемінде кепілдендірілген трансферт тартты. Бұл шешімнің тиімділігі күмән туғызды. Себебі қаржы нарығын ақшаға толтыру банк портфелін нашар несиеден тазарта алмады. 

2014 жылғы девальвациядан кейін шағын және орта бизнеске көмек көрсету үшін Ұлттық қордан 1 трлн теңге (5,5 млрд доллар) алынды. Іс жүзінде бұл трансферт банк секторын сауықтыруға жұмсалды. Банктер Ұлттық қор берген трансферттің шамамен 70%-ын кәсіпкерлерге несие етіп үлестірді. 

2014 жылдың IV тоқсанында экономикалық өсімнің төмендеп кетуіне байланысты Ұлттық қордан 500 млрд теңге көлемінде тағы трансферт тартылды. Бұдан кейін 2015-2017 жылдар аралығында Ұлттық қордан "Нұрлы жол" бағдарламасы арқылы жыл сайын 3 млрд доллар бөліп отыру туралы шешім қабылданды. 

2017 жылы Ұлттық қордың 4,4 трлн теңгесі жұмсалды. Шығыс бюджеттің барлық кірісінің 46%-ын құрады. 

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, 2009 жылдан бері Ұлттық қордан үздіксіз ақша алынып жатыр. Үкімет кез келген дағдарысты ақшамен шешкісі келеді. 

"Мәселе ақшамен тек уақытша шешіледі. Үкімет осыны түсінуге тиіс. Барлық жағдай Ұлттық қордың қаражатымен шешілетін болса, еліміздің банк секторы әлдеқашан оңалып кеткен болар еді", – деді маман. 

8 трлн теңге 

2021-2023 жылдар аралығында Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылады. Көрсетілген қаржының 539 млрд теңгесі инвестиция және нфрақұрылымдық даму министрлігіне беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 161, 3 млрд теңге тиеді. Ұлттық экономика министрлігі​ моноқалалар мен өңірлерді дамытуға – 48,5 млрд, "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасына және басым жобаларға кредит беруге – 66,2 млрд және Ақмола облысы мен республикалық маңызы бар қалалар мен елорданың айналысындағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға – 19 млрд теңге алады. Энергетика министрлігіне​ газ тасымалдау жүйесін жетілдіру үшін 30,8 млрд, сонымен қатар жылу-энергетика жүйесін дамытуға 18,8 млрд теңге бөлінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне​ "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 68,2 млрд теңге табысталады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі​ "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құруға 23 млрд, KazSat – 2R ғарыштық байланыс жүйесін құруға һәм пайдалануға 3 млрд алады.

Қаржы министрлігі Ұлттық қор ұсынған 11,8 млрд теңгені "Астана" халықаралық қаржы орталығына мақсатты аударым ретінде бағыттайды. Ал Сауда және интеграция министрлігі Ұлттық қордың 3 млрд теңге трансфертін Qazexpocongress АҚ-ға, 5 млрд теңге трансфертін "Бәйтерек" ұлттық холдингінің жарғылық капиталын толықтыруға жұмсайды. 

Есеп комитетінің есебінше... 

2013 жылы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры Ұлттық қордан алған ақшаны жаратпаған. "Қазгеология" АҚ 5 млрд теңге тұратын жабдықты сатып алмаған. Салдарынан қаржының игерілмеу көрсеткіші 99,8%-ды құраған. 

2016 жылы "ҚазАгроҚаржы" АҚ шотында Ұлттық қордың 10,9 млрд теңге көлеміндегі трансферті жатқан. Осы қаржыға жүзеге асырылуға тиіс болған 16 жоба шалажансар күйде тұрған. Дәл осы жылы Есеп комитеті Ұлттық қордан ақша алғанына қарамастан, Ұлттық экономика министрлігі "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасының нысаналы индикаторына қол жеткізе алмағанын анықтады. Сондай-ақ министрлік пен өңірлердегі үйлестірушілердің жауапсыздығының салдарынан "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қорына Ұлттық қордан сұраныстан 16 млрд теңге артық ақша жөнелтілгенін әшкереледі.

"Бәйтерек" холдингі де Ұлттық қордың трансфертіне атүсті қараған. Холдингте "Нұрлы жол" бағдарламасын жүзеге асыру мен 2020 жылға дейін өңірлерді дамытуға Ұлттық қордан қанша қаражат қажет екені туралы есеп болмаған. 2014-2015 жылдар аралығында "Бәйтерек девелопмент" компаниясының шоттарында 2 жылға жуық уақыт аралығында 31,1 млрд теңге құр жатқан. Бұл қаражатқа EXPO-2017 аумағында құрылыс жүргізілуге тиіс болған. 

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың айтуынша, өткен жылы мемлекет Ұлттық қорға түскен қаржының 96%-ын жұмсаған. 

"2020 жылы Ұлттық қорға аударылуға жататын қаражаттың мақсатына сай аударылмау фактілері тіркелді. Бұған үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілеріне активтерді жекешелендіруден түскен қаражатты олардың сыртқы және ішкі борышын өтеуге пайдалануға рұқсат беруі негіз болды. Мұндай тәжірибені тоқтату қажет. Жекелеген жағдайларда бюджет кодексін бұза отырып, Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторы компанияларының ақшалай қаражаты республикалық бюджетке есептелді. Былтыр Ұлттық қорға Қарашығанақ және Солтүстік Каспий жобасынан 664 млрд теңге түскен жоқ", – деді Наталья Годунова. 

Бес жыл бұрын...

Молдовалық кәсіпкер Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қордың 22 млрд долларын бұғаттап тастады. Бұл іске еліміздің Ұлттық банкі, Әділет министрлігі араласып, ақыр аяғында бұғатталған қаржыны босатып алған. Сол кезде Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының директоры Қасымхан Қаппаров мұндай оқиғалардың алдын алу үшін "Ұлттық қор туралы" заң қабылдау қажет екенін мәлімдеген. ​ 

"Қорға түскен, жұмсалған ақша мен инвестициялық кіріс көлемін жыл сайын ашық жариялап, парламентте талқылап отыруды тәжірибеге енгізу керек. Жыл сайын тәуелсіз сыртқы және ішкі аудит жүргізіп, оның нәтижесін ашық жариялап отыру қажет. Бізде Ұлттық қордың активін басқару менеджменті дұрыс емес", – деген Қасымхан Қаппаров. 

Өз кезегінде мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров қалыптасқан жағдай Ұлттық қордың әлсіз тұсын көрсеткенін алға тартқан. 

"Ұлттық қордың 22 млрд долларының бұғатталуы оның құқықтық қорғалу деңгейінің төмен екенін көрсетті. 2016 жылмен 2017 жылдың 3 тоқсанында Ұлттық қордың таза активтерінің көлемі 2 трлн 949 млрд теңгеге, яғни 12%-ға​ қысқарған. Долларлық есептеудің талдауы бойынша, жағдай тіпті ушығып тұр. Бұған қоса резервтік қордың қысқартылу тенденциясын тоқтату үшін ешқандай амал жасалып жатқан жоқ. Мұның барлығына Ұлттық қорға қатардағы қаржы құралы ретінде қарау себеп болып отыр. Бүгінгі таңда Ұлттық қорды басқару мемлекеттік органдардың қосалқы қызметіне айналғандай. Ұлттық қорды басқару жауапкершілігін ешкім мойнына алып отырған жоқ және ешкім оны кәсіби тұрғыдан стратегиялық басқарумен айналысып жүрген жоқ. Стратегиялық басқару ағымдағы әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға бағынышты болып қалды", – деп сөз саптаған​ депутат. ​ 

​Ол Ұлттық қордың қаражатын басқаруға толық жауапкершілік алатын мамандандырылған орган құру қажет екеніне назар аударған. 

"Ұлттық қордың реттелуін бюджеттік кодекстен шығарып, бөлек заң қабылдаған жөн. Кәсіпкерліктің жеке субъектілеріне қолдау көрсету үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалануға мораторий енгізіп, бір таңбалы шектеу бекіту және​ Ұлттық қордан кез келген сылтаумен ақша алуға тыйым салу керек. Қолданысқа Ұлттық қордың инвестициясын экономикалық және құқықтық тәуекелден қорғайтын тиімді тетік енгізу қажет", – деген мәжілісмен. 

Өкініштісі, экономист пен депутаттың ұсынысы ұсыныс күйінде қалды. Үкімет те, Ұлттық банк те, заң шығарушы орган да әрекет еткен жоқ. 

Абаев абайламады 

Коронавирус инфекциясы өршіп, елде төтенше жағдай жарияланып жатқанда бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елді елең еткізген. Ол індетке қарсы күрес шараларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан ақша алынбайтынын айтқан. Сол кезде жұрт: бұл қалай? – деп аң-таң болған. 

Кейін Дәурен Абаев көпшілікке жаңылғанын жариялап: "Коронавирус жағдайына байланысты өткен алғашқы брифингтердің бірінде мен Ұлттық қордың қаражаты пайдаланылмайтынын айттым. Бұл мәлімдеме дұрыс болмады, сол себепті сіздерден кешірім сұраймын", – деген. 

Шынтуайтында, Абаевтың абайламағаны болмаса, "қыңқ" еткенге де, "шыңқ" еткенге де Ұлттық қордан алынып жүрген ақша карантин кезінде алынбауы мүмкін емес еді. Керісінше, коронавирус инфекциясы бой бермей тұрған тұста Ұлттық қордан трансферт тарту көлемі күрт көбейді. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: "Коронавирус дағдарысы жағдайында Ұлттық қордан тартылған трансферт өсті. Оның көлемі бюджет кірісінің 45%-ын құрады", – деген. ​ 

Тоқаевтың тапсырмасы... 

Нақты әрі кесімді болды. Президент Ұлттық банк төрағасына Ұлттық қордың қаржысын оңды-солды жұмсауды қысқарт деді. 

"2020 жылы Ұлттық қордан жасалған трансферт 55%-ға артып, 4,8 трлн теңгеге жетті. Ұлттық қордың негізгі міндеті және әлемдік дағдарыс жағдайында бұл әрекет өзін ақтады. Үкімет осы жылы да Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге сұрады. Бұл – өте мол қаржы. Аталған қаражат дағдарыстан кейінгі дамуға бағытталып, тиімді жұмсалуы керек. Экономика қайта қалпына келгеннен кейін республикалық бюджет трансфертке арқа сүйемеуі қажет. Бұл – Үкіметке жүктелген міндет. Келешекте Ұлттық қордың қаржысын пайдалануды ең​ төменгі шекке дейін қысқарту керек. Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысына Ұлттық қорды басқаруды одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныс әзірлеп, енгізіңіздер!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ерболат Досаевқа. 

Президент Қазақстан халқына жолдауында да 2021 жылдың соңына дейін Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. 

"Бюджеттің кірісін арттыру үшін шара қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс.​ Жалпы елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет.​ ​ ​Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді сұраймын", – деді Қазақстан басшысы. 

Досаевтың дегені... 

Көңіл көншітпеді. Ұлттық банк төрағасы Ұлттық қордан республикалық бюджетке алынатын трансферт көлемі ұлғайса, 2023 жылға қарай қорда ішкі жалпы өнімнің 30,8%-ына ғана тең қаражат қалатынын, бұл ары қарай жұмсауға болмайтын қалдық екенін айтты. 

"2021 жылы контрциклдік бюджет ережесінің енгізілуін ескере отырып, Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтау және мұнай тапшылығын азайту шарасын қабылдау қажет", – деді Ерболат Досаев. 

Ол республикалық бюджет тапшылығы 2021 жылы – 3,4%-ды, 2022 жылы – 2,5%-ды, 2023 жылға қарай 2,1%-ды құрауы ықтимал екенін айтты. 

"Ұлттық банк үкіметпен бірлесіп, Бюджет кодексіне енгізілетін түзетулерді әзірлейді және Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасын бекітеді", – деді Ұлттық банк төрағасы. 

Сенаторлардың сөзі... 

Ұлттық қордың жағдайы жақсы емес екенін аңғартты. Депутат Ольга Перепечина қаржылық тұрақтылық қоры ақша жинайтын емес, тарататын қорға айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. ​ 

"Республикалық бюджеттің кіріс бөлігінде Ұлттық қор трансфертінің үлесі көбейіп келеді. Былтыр республикалық бюджетке бөлінген трансферт 40%-ды құрады. Бізге кірістің басқа көзін іздеп, шикізаттық емес табыс көзін табу қажет. Ұлттық қордан ақша ала беруге болмайды", – деді сенатор. 

Оның сөзін әріптесі Мұрат Бақтиярұлы қостады. "Біз Ұлттық қордан бөлінетін транферт көлемін қысқарту қажеттігін айтудай-ақ айтып келеміз. Іс жүзінде барлығы керісінше болады. Бұл – дұрыс емес", – деді депутат. 

Ұлттық қордың активі... 

Жыл басынан бері 1,877 млрд долларға немесе 3,2%-ға қысқарды. Қаражат 58,743 млрд доллардан 56,866 млрд долларға дейін төмендеді. Ұлттық банктің сайтында осылай жазылды. 

"Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активі 2021 жылдың тамызында 29 млн долларға немесе 0,05%-ға азайды", – деп хабарлады қаржы реттеушісінің ресми ресурсы.

Қанат Махамбет
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу