Үкімет көлігі бар азаматтарға қатысты тосын шешім қабылдады

26269

Елімізде техбайқау бекеттері автомобильдердің 98 пайызын жарамды деп таныған. Үкімет бұған сенбейді.  

Үкімет көлігі бар азаматтарға қатысты тосын шешім қабылдады Фото: canva.com

Қазақстанда апта сайын 3-4 техникалық тексеріс бекеті пайда болады. Ұлттық экономика министрлігі осындай қызықты дерек келтірді. Сонымен бірге апта сайын бірнеше бекет жабылып қалады екен.

Ведомство олардың сапалы қызмет ететініне күмән келтіріп отыр. Негізсіз емес. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда техникалық байқаудан өту нәтижелері бар диагностикалық картаны техбайқаудан өтпей-ақ алуға болады. Тиісті карта әлеуметтік желілер арқылы сатылады. Орталық мамандары көлікті көзбен көрмей, барлық деректерін автоматты түрде "Техбайқау" бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізе салады.

Республикадағы арнайы тізілімде 745 техникалық байқау операторы тіркелген. Олар еліміз бойынша жалпы саны 1 420 техникалық байқау орталығын құрып алды.

Экономика министрлігінің дерегінше, апта сайын тізілімге орта есеппен 3-4 жаңа орталық енгізіледі. Сондай-ақ 1-2 орталық тізілімнен алынып тасталады. Мысалы, бір жыл ішінде операторлардың тізілім-реестрінен 25 орталықты шығарды, ал 47 жаңа орталықты қосты.

Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары олардың біразы көлікті техникалық тексеруді формальды, атүсті, тіпті жалған түрде жүзеге асырады деп санайды. Неге?

"Жыл сайын 2,5 миллионнан астам көлік техникалық байқаудан өтеді. Елдегі автопарктің ескіргеніне қарамастан, техбайқаудан өткен автомобильдердің 98%-ы талап етілетін техникалық жай-күйге толық сәйкес келеді деп танылады. Бұл жоғарғы көрсеткіш шынында, техникалық байқау саласында тұнып тұрған проблемалардан хабар береді. Біріншіден, 2015 жылмен салыстырғанда, техбайқаудан өтпеген автокөлік құралдарының саны 30%-дан 5%-ға дейін төмендеді. Ал заң бойынша "жасы" 7 жылға толмаған жаңа көліктер ғана міндетті техникалық тексерістен босатылған", – деді сарапшылар.

Яғни, отандық автопарк қатты тозды. Ендеше ол 98 пайыздық жоғарғы көрсеткішті паш ете алмайды.

Екіншіден, техбайқаудан "табысты" өткен машиналардың шынында ақаулы екені құқық бұзушылықтар барысында әшкереленіп жатыр. Мәселен, 2020 жылы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, тіпті пайдалануға тыйым салынатын ақаулары мен жағдайлары бар автомобильдерді жүргізгені үшін – 120,5 мың, 2021 жылы – 130,7 мың және 2022 жылы – 142,6 мың жүргізуші әкімшілік жазаға тартылды.

Үшіншіден, техбайқау кезінде көліктің келесі функциялары тексеріледі:

  • тежегішті басқару;
  • рөлдік басқару;
  • шынысын шолу;
  • сыртқы жарық-шам құралдары;
  • дөңгелектері, шиналары, аспалары;
  • шығарынды газдарындағы зиянды заттардың құрамы;
  • шасси тораптары мен агрегаттары бекітпелерінің жай-күйі және жұмыс істеуі;
  • қауіпсіздік белдіктері, спидометр, дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш және басқа жабдықтардың жай-күйі талдануға тиіс.

Алайда қазақстандықтар шақыруға келген таксидің басқаны айтпағанда, тіпті белдігі істемей жататынын байқаған болар.  

Бұдан да сорақы жайттар бар. Соңғы 3 жылда тежегіші бұзылған, рөлі басқаруға бағына бермейтін, тарту-тіркеу құрылғылары (тягово-сцепные устройства) да ақаулы автомобильдерді пайдаланудың 1 310 фактісі анықталды: 2020 жылы – 334, 2021 жылы – 412, 2022 жылы – 564. Саны көбейіп барады. Анықталмағаны қанша?!

Осы кезеңде құзырлы органдардың тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көліктерді басқарудың 56,9 мың (!) фактісі әшкере болды: 2020 жылы – 15 363, 2021 жылы – 18 863, 2022 жылы – 22 663 факті. Осы орайда 2020 жылмен салыстырғанда заңсыз қайта жабдықталған автомотокөлікті пайдалану 2021 жылы – 22,8%-ға, 2022 жылы – бірден 47,5%-ға көбейіп кетті.

Тұтастай алғанда кейінгі жылда ел бойынша көлiкті пайдалану ережелерiн бұзудың, соның ішінде техникалық жай-күйiне қатысты бұзушылықтардың 430 мыңнан астам фактiсi анықталды! Бұл автолар техникалық тексеруден "абыроймен" өткен екен.

Сарапшылар жолда шеге толы шелектей даңғырлап, тырқылдап жүретін тозған көліктер аса зиянды шығарынды газдарымен экологияға зор залал келтіріп отыр деп санайды. Мегаполистерімізде желсіз, тынық күні кептеліс пайда болғанда, қаланы қалың тұман басып, әсіресе, ірі даңғыл-көшелердің айналасындағы тұрғын үйлердің тұрғындары тыныс ала алмай қиналып жатады.

Бұл да атүсті, жалған техникалық байқаудың кері әсері. Техбайқау бекеттері ескі-құсқы көліктердің жолға шықпауына үлес қосуы керек еді. Керісінше, соларға көмектесіп жүр.

Бұған техникалық ақаулы, қауіпті көліктердің жолдардағы түрлі апаттарға соқтыратыны қосылады.

Осы айтылғанды негізге алып, Үкімет формальды техникалық тексерулерге қарсы күрес ашты. Ондай қараулыққа жол берген операторлардың қызметі 3 жылға тоқтатылады. Министрлік бұл жаңашылдық техникалық байқаудың адал операторлары үшін ешқандай шығын келтірмейтініне сендірді. Сондай-ақ оларға қойылатын біліктілік талаптары да өзгермейді.

Сарапшылар сот шешімімен қызметіне тыйым салынған операторлардан техбайқаудан өткен көліктердің диагностикалық картасының күшін жою және оларды қайтадан тексерістен өткізу туралы ұсыныстар айтуда. Мұның бәрі алда Парламентте пысықталуға тиіс.

Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген, Үкімет мақұлдаған заңнамалық өзгерістер қолданыстағы "Жол жүрісі туралы" заңының 89-бабына жаңа 3-тармақ болып енгізіледі.

"Атап айтқанда, "Жол жүрісі туралы" заңының 89-бабына жаңа тармақ қосылады. Оған сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін күшіне енген сот шешімі негізінде көлік және коммуникация саласындағы уәкілетті орган техбайқау операторын "Техникалық байқау операторларының тізілімінен" алып тастайды. Содан соң ол операторға кем дегенде келесі 3 жыл бойы міндетті техникалық байқау жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады", – делінген экономика министрлігінің түсініктемесінде.

Бұл тыйым әкімшілік құқық бұзушылық жасаған техбайқау операторының қожайыны, қатысушысы немесе акционері болған барлық тұлғаға таралады. Олар 3 жыл бойы техникалық байқау қызметімен айналысатын жаңа ұйымды құру немесе басқа ұйымның құрамына кіріп, қатысу құқығынан айрылады

Ведомство қатаң шаралар қабылданбаса, формальды, тіпті жалған техбайқау жүргізу фактілері ары қарай ұлғаятынын, нарықты жосықсыз операторлар жайлай беретінін ескертті. Шығыны көп, мамандары бар адал операторларға олармен тең бәсекелесу қиын.

Жалпы, бұрынғы билік бизнесті дамыту аясында техбайқау операторын құруды "хабарландыру тәртібіне" көшірді. Бұл жауапсыздықты туғызды. Бір күндік фирмалар (орталықтар) көбейген. Көлікті тек фотосуретіне қарап бағалап, картаны қашықтан берген, ашықтан ашық сатқан орталықтар құзырлы органдарға ұсталып қалса, жабыла салады.

Ал дамыған елдерде техбайқаумен айналысатын ұйымдар қызметі лицензияланады. Ұлыбританияда тіпті техникалық байқауды Көлік министрлігінің өзі жүргізеді. Барлық авто британдық қатаң техникалық регламентке сәйкес болуға тиіс. Ақау табылса, жөндеуге 10 жұмыс күні беріледі. Қайта жүгіну – жеңілдікпен немесе тегін жүргізіледі.

Францияда техбайқаумен тек мемлекеттік лицензия алған жеке фирмалар айналысады. Техникалық тексеру 4 жылдан асқан автомобильдер үшін міндетті. Техбайқау талоны жоқ жүргізушіге 90-140 еуроға дейін айыппұл салынады, қайталап ұсталса, түрмеге жабылуы мүмкін.

Австрия мен Германияда техникалық байқауды TÜV (Technische Überwachungsverein), яғни Техникалық қадағалау одағы жүргізеді. Бұл ұйым осы іске дербес жауап береді. Бір қызығы, Германияда техникалық тексеру жүргізу үшін маман екі жыл оқып, оқу бітіруі шарт.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, Үкімет техбайқауды көлік құралынсыз өткізген операторларға салынатын айыппұлды өсіруге ұйғарды. Сонда айыппұл көлемі қазіргі 10 АЕК-тен он есеге өсіп, 100 АЕК-ті немесе 369 200 теңгені құрауға тиіс. Өзге де жазалар пысықталып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу