Үкімет Корея мәдениетінің "экспансиясына" қалай қарсы тұрмақ?

1948

Өз құрбы-құрдастарының тірлігінен шошынған оқушы қыздың осындай сұрағына Мәдениет министрі болып отырған апай дені дұрыс жауап таба алмады.

Үкімет Корея мәдениетінің "экспансиясына" қалай қарсы тұрмақ?

"Қазақ жастарын тылсым әлемге тартып әкетуде"

Оңтүстік Кореяның өзге елдерге, соның ішінде қазақ еліне де ықпалы анық байқалады. Қазақстанда асық, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындардың не екенін білмейтін оқушылар "Кальмар ойыны" сериалындағы "Таңсамал елінде" таралған бөгде ойындарды игеруде. Оны "Тик-токтан" байқауға да болады.

Қазақ жастары арасында бұлшық еті бұлт-бұлт еткен, сом жұдырықты қазақтың батырлары емес, қызға ұқсайтын, ұзын шаш қойған, шашын, қасы мен көзін бояған K-Pop жұлдыздары кумирге айналуда. Ірі қалаларымыздағы біраз би тобы сұраныстың өсуіне орай брэйк-данс, сальса, басқасын ысырып, K-Pop биге бағдарланып жатқан көрінеді. Хореография залдарында осыған арналған жеке топтар ашылуда.

K-Pop аталатын оңтүстіккореялық мәдениет Қазақстанда қарқынды түрде дамып, танымал болуда. Қазақстандық оқушылар қазақтың атақты тарихи тұлғаларын емес, осы бөтен елдің бойзбенд, герлзбенд және жеке орындаушыларын, актерлерін әлдеқайда жақсы біледі (K-Pop-та ол "жұлдыздардың" бәрін "айдол" деп атайды).

Әлеуметтанушы Раушан Бекшина осы мәдениетті зерттеп жүр.

"Олар жарқын образдарымен жастарымыздың жадын жаулап алады. Айдолдардың әрқайсысы өзінің жолы мен миссиясын жариялап, соны ұстанады екен. Олардың сахналық бейнесі, сыртқы кейпі, вокалы, биі, тіпті жұртшылық алдында өзін ұстауы, мінез-құлқы – бәрі-бәрі бейнеге кіршіксіз сай келуге тиіс. Олар бірде бүтін, бірде түтін болып жүретін біздің "жұлдызсымақтардан" сонысымен ерекшеленсе керек. Кэй-поп өкілдері жатса, тұрса, жүрсе, отырса, әрдайым образдан шықпайды. Табынушыларын тылсым бір әлемге тартып әкетеді", – дейді сарапшы.

Оның байламынша, жастарымыз "айдолдардың" қылығын, мінез-құлқын, стилін, киім киісін, биін, қимыл-қозғалысын қайталау арқылы өзін ерекше ортаға еніп кеткендей сезінеді.

"Олардың бойында өзіне деген сенім пайда болады. Бұл жаман ба? Тұлғалық даму тұрғысынан пайдалы. Олар өз әлеует-потенциалын ашады, жүзеге асырады. Бірақ болашақта соған тым әуестеніп кеткен қазақ жастарының үлкен бөлігі ұлттан ажырап қалуы ғажап емес. Қазір де олар елді тастап, кетіп жатыр ғой", – дейді әлеуметтанушы.

Қазақстандық сапалы фильмдерді әлі іздеп жүрміз

"Таңсамал елінің" шектен тыс мәдени "экспансиясы" жастар өкілдерін де алаңдататын болып шықты. Семей қаласындағы "Назарбаев Зияткерлік мектебінің" 12 сынып оқушысы Айдана Шағманова "Қазіргі әлемдегі Қазақстан" курсы аясында "Қазақстан жастарының Оңтүстік Корея мәдениетіне еліктеуінің себеп-салдары" тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіп жатқанын жеткізді.

"Сондықтан тақырыпты тереңірек ашу үшін сізге бірнеше сұрақ қойып, сұхбат алайын деген едім. Уақытыңыз бен ниетіңіз болса, төмендегі сұрақтарға шынайы жауап беруіңізді сұраймын. Біріншіден, Қазақстан жастары арасында Корея мәдениетіне еліктеу қаншалықты тараған деп ойлайсыз? Екіншіден, жастардың Корея мәдениетіне еліктеуінің себебі неде? "Жастар Қазақстанның нарығында заманауи, әрі сапалы музыканың, фильмдердің болмауы кесірінен Корея мәдениетіне еліктейді" деген пікірмен келісесіз бе? Үшіншіден, Қазақстан қоғамы үшін осындай еліктеу болашақта қандай салдарға әкелуі мүмкін? Төртіншіден, еліктеудің кері салдарын болдыртпау үшін Қазақстан мәдениеті қандай бағытта дамуы керек?", – деп нақты сұрақтарын жолдады Айдана.

Бұл сұрақтарға жауапты Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өз блогында жариялады. Жауапты министрліктің Мәдениет комитеті дайындапты.

А. Райымқұлованың командасы біріншіден, "Қазақстан жастары арасында Оңтүстік Корея мәдениетіне еліктеу қаншалықты тарағаны бойынша бүгінде ресми статистиканың жүргізілмейтінін" хабарлады. Тиісінше, оның зардаптарын байыптамаған.

Екіншіден, ведомство өзімізде де жақсы өнім бар деген ұстанымда.

"Қазақстанда заманауи, әрі сапалы музыка өнерінің туындылары мен фильмдер шығарылып, көрерменнің лайықты бағасын алуда. Мысалы, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде "Қазақфильм" түсірген 200-ден астам фильм мен бірлескен жобалар әлемнің 70 елінде 500-ге жуық фестиваль мен халықаралық көрсетілімдерге қатысты. Халықаралық кинофестивальдердегі жүлделер саны – 384-тен асты. Гран-при саны – 51. Жүлдегер фильмдер саны – 145. Гран-при иегері атанған фильмдер саны – 39. "Қазақфильм" түсірген фильмдер бірнеше рет "Австралиялық / Азиялық Оскарға" (APSA – Asian Pacific Screen Awards), "Ника" сыйлығына ұсынылды", – деді Мәдениет министрлігі.

Қазақстандық айдолдар – олар кімдер?

Меморган сондай-ақ "қазіргі таңда әлемдік деңгейде Қазақстан мәдениетін насихаттап жүрген көптеген музыкалық ұжым мен артистер бар" деп сенеді. Киноға қарағанда, бұл салада мақтануға тұратын жетістіктер бар. Димаш Құдайберген мен DJ Imanbek-тің өзі неге тұрады. Бірақ олар кэй-поп секілді кешенді, біртұтас мәдениетке біріктірілмеген.

"Музыкалық ұжымдардың да өнімділігі мен танымалдығы жыл сайын артып келеді. Музыкалық ұжымдар Қазақстанның этникалық, этно-поп, эстрадалық, халық, джаз музыкасын паш етуде. Үлкен ұжымдардың қатарында Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр, Н. Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық "Отырар сазы" оркестрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, "Қазақстан Камератасы" классикалық музыка оркестрі, Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, "FORTE-TRIO" мемлекеттік триосы және басқа да оркестрлер шетелдік гастрольдерінде қазақстандық композиторлардың шығармаларын орындайды. Этникалық музыка мәдениетін де насихаттап жүрген ансамблдер жетерлік", – деп түсіндірді министрлік комитеті.

Олардың арасында 70-тен астам елде авторлық шығармаларын орындап жүрген "Тұран" фольклорлық-этнографиялық ансамблі, қазақтың аспаптық этно-рок стилінде орындайтын "Ұлытау" тобы, "The Magic of Nomads" қазақстандық этно-фьюжн тобы, "Бастау" домбырашылар тобы және басқасы бар.

Мәдениет ведомствосы қазақстандық "айдолға" кандидаттарды атады.

"Бүгінгі таңда жас қазақстандық жеке орындаушылар күллі әлемге танылып келеді. Бұлар: Димаш Құдайберген, Мария Мудряк, Данелия Төлешова, Әмре (Ернар Садырбай), Ғалымжан Молданазар, Әділхан Макин, DinaYa, Рухия Байдукенова. "Астана Опера" мемлекеттік опера және театрының бас дирижері Алан Бөрібаевтың эксклюзивтік жобалары аудиторияның зор қызығушылығын тудырады. 2015 жылдан бері қазақ композиторы Еркеш Шәкеевтің шығармаларын Лондон симфониялық оркестрі орындады", – деп мәлім етті министрлік.

Оның Мәдениет комитеті биылғы 12 қазанда "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы бекітілгенін еске салды. Оған меценаттардан миллиардтаған теңге инвестиция тартылмақ. Ал бюджеттен 2021-2025 жылдары жалпы сомасы 119 млрд 375,2 млн теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен – 110,4 млрд, жергілікті бюджеттерден – 9 млрд теңге құйылады.

"Ұлттық жобада мәдениет саласын дамытуға қатысты "Рухани жаңғыру" және "Ел рухы" бағыттары көзделген. Соның аясында "Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет", "Отандық анимациялық контентті шығаратын сервистік компания ретінде "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігін құру", "Шығармашылық пен өнер өкілдерінің, жас ақындар мен жазушылардың, драматургтердің, сценаристер мен публицистердің, сондай-ақ айтыстар, мүшәйра, жыр-терме, конкурстар, фестивальдар, әдеби оқулар, тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар өкілдерінің жетістіктерін және басқа да іс-шараларды ілгерілету" секілді жобалар ұлттық мәдениетті дамытуға қосымша серпін береді деп болжауға негіз бар", – деді министрлік.

Болжам ақиқатқа айналмай, жайына қалса, жауапкершілік арқалайтын адамды табу қиын. Өйткені ұлттық жобаны іске асыруға жауапты ретінде 12 министрлік, 17 өңірдің әкімдігі және "Отбасы банк" белгіленген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу